Атырау, 27 желтоқсан 16:53
 ашықВ Атырау -2
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

«Қолжетімді баспана» кімге қолжетімді?

4 307 просмотра

- Сатыбалдиев көшесіндегі №25 үй, Жарбосынов көшесінде орналасқан №83 В және №85 үйлер, Нұрсая ықшам ауданындағы №66 үй қашан пайдаланылуға беріледі? 

Телефон арқылы

-  Бұл тұрғын үйлер бүгінгі күні  құрылысы аяқталып, мемлекеттік қабылдау комиссиясымен қабылданды. Тұрғын үйлер толықтай Әділет Департаментіне тіркелгеннен кейін жас отбасыларын пәтерге қоныстандыруға болады.

- «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша үйлер қайда, қашан салынады? Бұл үйлерден пәтер алу үшін қандай құжаттар жинау қажет?

А.К.

- Қаладағы жас отбасыларына арналған «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы аясындағы жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысының басталуына байланысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі 2014 жылдың 15 сәуірінен бастап жас отбасылардың арыз-құжаттарын қабылдай бастады.

«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша жас отбасыларға 2014 жылы 6 548,3 шаршы метр тұратын 90 пәтерге жететін тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау және оны жалға беру көзделіп отыр. Тұрғын үйдің 1 бөлмесі – 46,6 ш.м, 2 бөлмесі – 65 ш.м., 3 бөлмесі – 75 ш.м.

Жас отбасылар үшін бағдарлама критерийлері мынадай:

1) Бағдарламаға қатысуға өтініш беру сәтінде ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы  29-дан аспауы керек;

2) толық емес отбасыны қоспағанда, өтініш берген сәтте кемінде 2 жыл тіркелген некеде болуы қажет;

3) отбасының құрамына ерлі-зайыптылар, кәмелетке толмаған және еңбек етуге қабілетсіз балалар, ерлі-зайыптылардың еңбекке жарамсыз ата-аналары қосылады;

4) Бағдарламаның шеңберінде тұрғын үй құрылысы жүзеге асырылатын елді мекенде Бағдарламаға қатысушының кемінде 2 жыл тіркеуде болуы;

5) Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге қоныстану Бағдарламасына қатысу үшін өтініш берген елді мекенде меншік құқығында баспанасының болмауы;

6) соңғы 5 жыл ішінде ерлі-зайыптылардың және олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үй жағдайларын қасақана төмендету фактілерінің болмауы;

7) өтініш берердің алдындағы соңғы 6 ай үшін отбасының ай сайынғы жиынтық таза табысы (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және басқа да аударымдарды есептемегенде), мынадай шекте:

а) ең төменгі – төменгі күнкөріс деңгейінің  3 есе мөлшері;

б) ең жоғарғы – төменгі күнкөріс деңгейінің 12 есе мөлшерінен артық емес.

Арыз-құжаттар Азаттық даңғылы, 101А «Қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі ғимаратындағы тұрғын үй секторының №3 терезесінде қабылданады. Қабылдау күндері сейсенбі, сәрсенбі. Уақыты: түске дейін 9.30-12.30, түстен кейін 14.30-17.30 дейін.

Тұрғын үйге мұқтаждығын анықтайтын қажетті құжаттар тізімі:

1) «Қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» басшысының атына үлгі бойынша өтініш;

2) жанұя мүшелерінің жеке бастарының туу туралы, неке қию туралы куәліктерінің көшірмесі;

3) кәмелетке толған жанұя мүшелеріне Атырау облысы бойынша Әділет Департаментінің Ф-1 үлгідегі анықтама (тарихымен);

4) ерлі-зайыптылардың жұмыс орнынан анықтамасы (еңбек кітапшалары, соңғы 6 айлық табыстары жөніндегі анықтама);

5)   тіркеуде тұрған тұрғын үйдің кітабы немесе мекен-жайы туралы анықтама;

6) тұрақты тіркелген мекен-жайы құжаттарының көшірмелері (меншік иесі туралы мәлімет, төл құжаты, жекешелендіру шарты, жер актісі).

- Ескі, апатты үйлер күрелгенде немесе бұзылған жағдайда жаңа үйге көшірілгендер құжаттарын қанша уақытта алады? Құжаттарын қолдарына алу үшін олар қайда бару керек? Қандай құжаттар жинау керек? 

azh.kz сайтынан

- Апатты жағдайдағы үйлерді құлату жөнінде шешім қабылданған жағдайда құлатылатын үй орналасқан жер телімі мемлекет мұқтажы үшін алынады. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 29-бабына сәйкес тұрғын үйге меншiк құқығын күштеп тоқтату үй орналасқан жер телімін мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару жағдайында жол берiледi. Есебі осы Заңның 15-бабында көзделген тәртiп бойынша жүргізіледі. Яғни, жер телімдерінің мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарылуына байланысты тұрғын үй бұзылған жағдайда меншiк иесiне оның тұрғын үйi бұзылғанға дейiн өз таңдауы бойынша меншiгiне жайлы тұрғын үй берiледi немесе тұрғын үйдiң нарықтық құны мөлшерiнде өтемақы төленедi. Егер берiлетiн тұрғын үйдiң құны бұзылатын тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiнен алынбайды. Егер бұзылатын тұрғын үйдiң құны берiлетiн тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiне өтеледi.

Сұрақтарға қалалық ТКШ,  жолаушылар тасымалы және көлік жолдары басқармасының басшысы Еркін ҒАЛИЕВ жауап берді.

15 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.