Атырау, 26 қараша 20:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырау шынымен де жасыл баққа айнала ма?

10 756 просмотра

Корей ғалымдарының көгалдандыру жобасы әлі күнге дейін атыраулықтарды бей-жай қалдырып отырған жоқ. Редакцияға келіп пікір айтушылар көп. Олардың арасында мамандар да бар. Біз олардың өзіне сөз бергенді жөн көрдік.

КОРЕЙЛІК ЖОБА ЖЕРГІЛІКТІ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАЛҚЫСЫНА ТҮСУІ ТИІС

Жуырда редакциямызға агроном-зейнеткер Бекбол ҚАРАҒҰЛОВ келіп, қаланы көгалдандыруға байланысты пікірімен бөлісіп еді. «Корейлік ағайындар біздің жеріміздің қандай аймаққа кіретінін, оның ерекшелігін білмейді деп айта алмаймын. Тек ойға оралатыны, корей елінің мекені теңіз жағасында орналасқан, муссонды ауа, мамыражай табиғат. Не ексең, сол шығады. Бәріміздің де ежелден айтып келе жатқанымыздай, олардың «...ол үшін тек қаражат пен құлшыныс болсын» дегені шындыққа жақындау. Бұл тағы да ақшаны шығындауға жол ашпай ма?!» - дейді Бекбол аға. Сондай-ақ, ол Атырауда жыл сайын мыңдаған жасыл желек отырғызылғанымен, оның қаншасы тамыр жайып кетіп жатқаны белгісіз, жыл сайын егілгенімен, өле береді дейді:

- Өсуі қиындық туғызатын жерлерге ағашты тықпалай береміз де, өсімдік өсемін деп ентелеп тұрған жерге ешқандай көңіл бөлмейміз. Бірінші учаске жерінде бұрын ағаш өсімдіктері көз тартарлықтай әсем өсіп тұрған болатын. Неке сарайының айналасы да әсем аллея, керемет демалыс орны болып еді. 2001 жылдары дренаж салу және «памперспен» топырақты тұщытамыз деп, бұл өскіндер жойылып кетті. Содан бері біраз уақыт өтсе де, жер әлі де жалаңаш, орнын қамыс басқан. Ал біз көрсоқырлық танытып, еш әрекетсіз келеміз. Бұлай деуіме осы алаңды қоршаған шарбақтың бойымен жағалай өсіп келе жатқан көк өскіндер себеп. Ешкім көңіл бөлмесе де, айына бір-екі рет суарылмаса да немесе басқалай күтім жасалмаса да өздігінен өскен қырыққа тарта талдар бой түзеп, өсіп келе жатыр. Және бұл жаратылыстың ерекшелігі – соңғы жылдарғы жауынсыз жер күйдірген аптапқа қарсы тұрғаны. 

Бұдан әрмен қарай Бекбол аға Атырау облыстық «Биологиялық зерттеулер орталығының» бұрынғы директоры, қазіргі «Гиркан» ғылыми-өндірістік орталығы ЖШС-нің бас директордың ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі орынбасары Ерік Шорабаевтың былтырғы жылы «Ақ Жайық» газетіне берген сұхбатындағы «Ірі жасыл массивтер қаланың жағдайына оң әсер етеді, жауын-шашын мөлшерін реттейді. Қазіргі уақытта болашақ Атырау тәлімбағында қарағай, қайың, үйеңкі, жейде, терек, тұт, тал және т.б. ағаш түрлерінің өсу жағдайын зерттеу жұмыстарын қолға алып жатырмыз» деген сөзіне қарсы уәж келтіріпті: «Сонда бүкіл тіршілікке тән сабақтастық дейтін ұғым санадан өшті ме? Тағы да зерттеу, көптеген шығын, уақыт өткізу. Зерттеу жұмысы қажет, оған дау жоқ. Бірақ осы зерттеуге неге бұрыннан осы жұмыспен айналысып келе жатқан тұлғаларды тартпасқа?! Тағы да реніш туғызатыны - қарағаш ескерілмейді. Сондай-ақ, «...мысалы құм ішінде жатқан Дубай қаласындағы бір ағашқа кететін жылдық шығын 2 мың АҚШ долларын құрайды екен», дейді Ерік Шорабаев мырза. Ал бізде осы көгалдандыруға кеткен шығындар неге құпия? Бір түбін 17 мың (әлде 170 мың ба?) теңгеден сатып жатқан шыршалар қаншаға шығып жатыр?».

 

АТЫРАУДЫ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖАЙЫ ХАҚЫНДА

- Атырауды көгалдандыру жұмысы бізге орыс ғалымдарынан келді ғой. 1980 жылдары көгалдандыру жұмысы Атырауда қарқын ала бастады. Мен өзім көп жыл осы салада еңбек еткендердің бірімін. Бізде құмды аймақта әр тамшы су алтынмен тең, әр өсіп тұрған шөп үлкен байлық болып саналады, - дейді Бекбол аға.

- Соңғы жылдары көптен бері дәстүрлі егіліп келе жатқан ағаштар тегі неге қолданыстан ығыстырыла бастады? Ерік мырза: «Қазіргі қала көшелеріне отырғызылған жас ағаш көшеттері осы аймақ климатына және суына бейімделмегендіктен қурап қалуда. Сондықтан ғылым жетістіктерін қолдана отырып, бұл мәселені шешу керек» дейді. Сонда осы аймақта өсіп келген, адам қолымен отырғызылған кейбір көз тартар жасыл желектер білімсіздіктен отырғызылған ба? Әрине, олай емес, бізде өз ісіне берілген шебер мамандар жетерлік, тек оларды тани біліп, жұмысқа араластыру және жағдай туғызу деген атымен өшкен. Негізінен, жұмыс істеліп жатқан түр көрсетілуде. Сәтбаев даңғылы бойында орналасқан көгалды жолақты жаңғыртуға қанша жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ таңданарлық нәтиже жоқтың қасы. Аптап ыстықта қарауыта күңгірттеніп тұрған талдардың бейшара жапырақтарына жаның ашып, жүрегің шымырлайды. Оны жақсартуға көзі ашық, көңілі ояу әрекет, ыждағаттылық жетіспейді. Өсімдіктердің осындай көріксіз бейнесі – негізінен ылғалдың жетіспеушілігінен. Бұл жерлерге үнемі әр түрлі тереңдіктегі жайттарды бақылап тұратын арнайы қондырғылар орнатылуы өте қажет. Басқа да күтімдерді қолға алмаса болмайды.

Соңғы жылдары шамамен 2000 жылдан бастап биік өсіп тұрған ағаш өсімдіктерінің бұтақтарын түгелдей тып-типыл етіп кесіп тастау сәнге айналуда. Меніңше бұл да үстірт шешім. Басты (көшбасшы) бұтағы қалыптаспаған. Биік ағаш өсімдіктері басты (көшбасшы) бұтақсыз ғұмыры қысқа болады.

Соңғы 5-6 жылдан бері, көгалдандыру бағытында ерекше сипат алып келе жатқан үрдіс – теректендіру (тополизация). Бұл үрдіс жеке тұлғаларға қапшықтап ақша жинауға оң әсерін тигізгенімен, келешегі бұлыңғырлау. Көпжылдық өсімдіктердің мықты болып және ұзақ жылдар өмір сүретін түрлері – ол тұқымнан өскендері. Тұқымнан өрбігендер – мыңдаған жылдар бойы жинақтаған тектік (генетикалық) қасиеттерін жақсы сақтайды. Қысқаша айтқанда, мықты болып өседі, ғұмыры ұзақ болады.

Негізгі кемшілігі – өсіру қиындығы. Аяққа тұрып кеткенше ерекше күтімді қажет етеді. Ал терек тектілер – бүршіктер арқылы көбейгендіктен, оны өсіру де жеңіл. Бес жастан асқан бір түп теректен – жыл сайын жүздеген жеке түптерді өсіруге болады. Біздегі базарда өзбек ағайындар жыл сайын оның әрбіреуін 700 теңгеден сатып келеді.

Бүршіктен өсірудің кемшілігі –  өсімдік ауруларына және зиянкестерге қарсы тұра алмайды. Көптеген өсімдіктану нұсқауларында шөлге, топырақ тұздылығына шыдамды, көріктілігі ерекше деп көрсеткенімен біздің жерімізге онша қолайлы емес. Білетіндерге көктал (тополь) өсіру ыңғайлы. Сондықтан біздің жеріміздегі байырғы дәстүрлі өсімдіктер – қарағаш, жиде, тұт, акация, жыңғыл, т.б. түрлерінің қатардан ығыстырылуы түсінікті әрекет. Көкталдің түрі көп, осы біздің топырақта 4-5 түрі өседі. Осылардың ішіндегі ең төзімдісін таңдап алып көбейтсе, жақсы болар еді.

Бізде биіктігі 3 метрден жоғары және 3 метрге дейінгі бұтасын өсімдіктердің 30-дан астам түрі өседі. Бұл жұмыстардың дамымай отыруында себептер бар. Оның бірі – терек отырғызу жұмысын арзан жұмыс қолы болған өзбек ағайындарына сеніп тапсыру. Бұл ағайындардың көбінің арнайы білімі мен сауаты да жоқ. Оларға жөн сілтейтін тәжірибелі маман да жоқ.

 

МЕТАСЕКВОЙЯ ЖАЙЫҚТЫҢ СУЫН САРҚЫП ЖҮРМЕСІН

Биология ғылымдарының кандидаты Ерік ШОРАБАЕВ агроном-зейнеткер Бекбол Қарағұлов ағамыздың пікірімен келісетінін айтады. Десек те:

- Бізде халық еріншек қой. Әр тұрғын туған жеріне жаны ашыса, өзі көшет әкеліп отырғызуы тиіс. Әйтпесе, өзбек ағайындарың еккен ағашын өспесін деп тілейді. Өйткені ол келесі жылы да жұмыс істеу керек қой. Ал мейіріммен екпеген тал жаман энергиядан ауырып, дұрыс өспейді. Және, маман болмай, нәтиже болмайды. Ол еккен жеріңе өсе беретін Алматының жері емес. Бұл жерге жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізілу керек. Мәселен, корейліктер дөңгелек үстел жасап, жобаны талқыға салғызу керек еді. Академик Диаровты шақыру керек. Корейліктердің Атырау жеріне егіп отырған метасеквойя ағашы 50 метрге дейін өседі, әрі суды көп мөлшерде талап етеді, ал тамшылатып суару әдісі оған қолайсыз дейді. Олай болса, ол ағаш Атырауда қалай өсірілмек? Ағаштың басына шаққанда қанша су мөлшері шығатынын біле беріңіз. Жайықтың суы қалай жетеді сонда? Ал тамшылатып суару әдісіне көшсе, ағаштар бірдей деңгейде су ішіп, өсімдік бірдей деңгейде өседі. Және суды үнемдеу де болады. Сондай-ақ, Ерік Шорабаев Атырауда өсіруге болатын талдардың тұқымын Атырау топырағында өсіріп, одан көшет алып отыру үшін арнайы тәлімбақтың болуы керек дегенді құптайтынын айтты. Яғни, өсімдіктерді жерсіндіру арқылы көп жетістіктерге қол жеткізуге болады.   

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

16 маусым 2011, 16:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.