Атырау, 26 қараша 20:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

М. Хакимов: «Каспийден айырылсақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді»

3 264 просмотра

АМӨЗ басшылығының шақыртуымен мәслихаттың, баспасөздің және ҮЕҰ өкілдерінің бір  тобы Ульсан қаласындағы мұнайды терең өңдеу технологиясымен танысып қайтқан еді (дәл осындай өндірісті АМӨЗ-де жасақтау жоспарланған).

КОРЕЙ ЗАУЫТЫ КӨГАЛҒА МАЛЫНҒАН

- Сіз Оңтүстік Кореядан жуырда ғана оралдыңыз. Ол жерде мұнай өңдеудің жаңа тәжірибесімен таныстыңыз. Қандай әсер қалдырды?

- Басқа елдердегі жаңа технологиялар, оларда салынған зауыттар туралы айта бастасам, демек АМӨЗ-ге «сатылып кеткен» деп ойлайтындар да бар екен. Тағы да ескертіп айтамын: біз АМӨЗ-ды жаңартуға қарсы емеспіз. Мұнай төгінділеріне қарсы әрекет ету базасына да солай. Біз бұл нысанның қала шеңберінде салынуына қарсымыз (экологияға Еуро-5 стандартына сай келетін оның негізгі өнімі емес, мұнайды терең өңдеу процесінің өзі қауіпті).

- Ульсандағы зауыттың орналасуы мен ауаның сапасы туралы не айта аласыз?

- Ол жердегі зауыт қаладан тысқары, шамамен одан 20 км қашықтықта орналасқан. Ульсан халқының саны 1,1 млн. адам. Қаланың үлкен екеніне қарамастан бұл жердің ауасы таза. Бұған үш нәрсе әсер етеді. Қаланың, қала маңының, зауыттың бүкіл аумағы жасыл-желекке малынған. Бұл тұтас массив. Оған қоса жұмсақ климат әсерін беретін теңіз жақын. Үшіншісі – отын сапасы. Дизельді де, бензинді де алып қарасақ, ол барлық Еуро стандартынан жоғары.  Зауыт жабдығы француздық лицензия бойынша Кореядан шығарылады. Дәл осы жабдықты бізде орнатқысы келеді. Бірақ біздегі бір ғана кемшілік – зауытымыз қала шеңберінде орналасқан.

- Ол жерде шынымен де қоғамдық тыңдаулар болмай ма?

- Зауыттың барлық проблемалары бойынша жұртшылықпен байланыс үкіметтік органдар арқылы жүзеге асырылады. Одан басқа, тәуелсіз мониторинг бар. Зауыт мемлекеттік маңыздағы нысан боп табылатындықтан, мемлекет толық бақылауды жүзеге асырады. Сондықтан егер халыққа байланысты проблемалар туындаса, оларды үкімет шешеді. Халық тарапынан наразылықтар болған ба? Бізге бұл сұраққа ешкім жауап бермеді. Зауыт мамандары бұл сұрақты зауыттың бүкіл басшылығымен мақұлдау керек дегендей, бір біріне бас шұлғыды.

 

БАЗАНЫҢ СОҢЫНДА КІМДЕР ТҰР?

- Экология айналасында қазір саясаткерлер мен пайдакүнемдік мүдделер көп. Көбінесе ҮЕҰ-ды әлдебіреулердің мүдделерін жақтайды деп айыптап жатады. Бұған қатысты не айтасыз?

- Біздің ұйымымыз қызмет еткен уақыттан бері (оған 13 жыл болды), бізді «тағы да сатып алған ғой» дегенді естіп келемін. Соңғы рет жергілікті БАҚ-тарда жарияланған жарнамалық мақалалардың бірінде әжептәуір тұспалдар келтірілген болатын. Сонда жазылғандай, мұнай төгіндісіне қарсы әрекет ету базасына қатысты сотқа талап-арыз берген бірнеше ҮЕҰ-дарды (оның ішінде біздің ұйым да бар) браконьерлер «сатып алған» көрінеді. Шынымыз сол, бізді браконьерлер қара уылдырықпен асырамайды. Айта кетейін, кешікпей ең бай деген адамдар да осынау жеңсік тағамның бір шай қасығына да зар болатын кез келеді. Аймағымыздағы экологияны осындай дәрежеге дейін жеткізді ғой.

Базаға қатысты талап-арызға келер болсақ, әрине, талап-арызға қатысты сот шешімі біз үшін күтпеген тосын жайт болған жоқ. Осы жобаның соңында кейбір жеке тұлғалардың, ірі олигархтардың және мұнай компанияларының мүдделері тұрғаны айқын.

- Атап айтқанда кімнің?

- Жүз пайыз сеніммен қазір айта алмаймын, өйткені құжат түрінде расталған ақпарат жоқ. Өйткені бұрын «Теңізсервис» ЖШС-нің бірден-бір құрылтайшысы осы жобаны жүзеге асыратын ҚМГ болатын. Ал қазір 40 пайызы жеке тұлғаларға тиесілі. Мамыр айында өткен Астанадағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің форумында еуропалық банктің директоратынан Қазақстаннан қандай компаниялар олардың несиесіне үміткер болғандығын сұраған едік. «Теңізсервис» компаниясын атады. Бірақ инвестиция бөлуден бас тартылғанын айтты.

- Сотта ҮЕҰ жеңіліп қалды, қандай да бір нәрсені өзгертуге  үміт бар ма? Енді не істемексіз?

- Жақында біз Қашаған жобасының барлық қатысушыларына Мұнай төгілуіне қарсы әрекет ету базасы бойынша өздерінің қаржылық міндеттерін көрсетуді өтінген хат жолдадық. Бұрын олар осы қаржы міндеттерін қазіргідей жеке тұлғаларға емес жүз пайыз мемлекеттік компанияларға беретін еді. Алайда бастысы 1974 жылдан бері мемлекеттік қорық болып есептеліп келген аса қорғалатын қорықтық аймақта базаның орналасуы экологиялық қауіптілікті туындатып отыр. Дәл осы Жайық сағасының жүрек тұсына ҚР үкіметі, БҰҰ, Жаһандық экологиялық Қор және басқа да ұйымдар 2009 жылы ақпан айында халықаралық «Ақ Жайық» табиғат резерватын құрды. Оның салдары резерватты «ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұра тізіміне» енгізуді ұсынады.

- Консорциумның қандай да бір компаниялары тарапынан әрекеттер байқалды ма?

- Әзірге жоқ.

 

КАСПИЙ КҮНІ -

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АТАУЛЫ КҮН

-«Сорос-Қазақстан»  қоры жақында «Каспий аймағын қорғау және тұрақты дамыту» жөніндегі жобаны бекітті. Оған басшылықты өзіңіз жасайсыз. Сіздің ұйымыңыздың осы секілді он шақты ұйымнан қандай ерекшелігі  бар?

- Біздің жоба тұрақты дамудың (әлеуметтік, құқықтық, экологиялық, еңбек және басқа да) түрлі аспектілерін жүзеге асыруға бағытталған. Ал, нәтижесінде «Каспий теңізін қорғау және тұрақты дамыту» комитеті құрылатын болады.

Жобаның мақсаты - Каспий өңірі аймағында азаматтық қоғамның рөлін көтеру, мемлекеттік органдар мен өндіруші компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру. Жобаның шешуші сәті «Каспий күнін» өткізумен басталады.

- Сақтандыру туралы экологтар баяғыдан-ақ, айтып келеді, бірақ нақты еш нәрсе қолға алынып отырған жоқ. Және кез-келген сақтандыру көп ақшаның  төңірегінде құрылады. Оны сіз қайдан аласыз?

- Каспий табиғаты мен халқымыздың денсаулығын сақтандырудың қажеттілігі туралы барлық мәселені біз өз депутаттарымыздың және үкіметтің алдына қоямыз. Егер біз мұны қазір істемесек, онда апаттан кейін барлығы үнсіз бір-бірінің мойынына арта салады.

Ал, енді ақшаға келетін болсақ, мен былай дер едім, біздің теңізге жұмыс істеуге шығып жатқан шетелдік немесе мемлекеттік компаниялар ақшаны қайдан алып отыр? Оған жауап: олар халықаралық банктерден алып отыр. Шетелдіктер едәуір соманы қарызға алады, мәселен, 20 миллиардты 10-20 жылға біздің мұнайымызды кепілдікке қойып алады. Және алғашқы мұнай өндірілген кезден бастап бұл ақшалар қайтарылуы тиіс. Бұл қаржыға құрал-жабдықтар сатып алынады, аралдар салынады, бір адам үшін тікұшақ жалға алынады. Демек, келімсектер қазақстандық мұнайды кепілдікке қойып, жайбарақат ақшаларын алып жүре береді. Ал, біз, осы елдің азаматтары ештеңе алмаймыз.

Үкімет қазірден бастап-ақ, Капий табиғаты мен халық денсаулығын техногендік апаттардан белгілі бір сома көлемінде сақтандыруға тиісті. Бұл дәл қазір шешімі табылуы тиіс мәселердің бірі. Алайда, біз осының бәрін айтқан кезде министрліктің адамдары бізге әлдебір таңданыспен қарап қалады...

- Биылғы жылы Каспий күні қалай өтпекші?

 - Біз аймақтық конференция ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. ҚР Үкіметі және парламентке жолданатын Каспий теңізін тұрақты дамыту  және қорғау жөніндегі ұсыныстарды жасақтайтын боламыз. Бұл шаралардың барлығы «12 тамыз - Каспий күні» халықаралық күнінің мәртебесін қолдауға бағытталмақшы. Біз Каспий теңізін сақтап қалу проблемаларына әлемдік қауымдастық назарын аудартуды қалаймыз. Қазақстанда біз түрлі себептерге байланысты бірнеше (Арал, Семей, Азғыр және т.б.) аймақтарды жоғалттық. Ал, 21-ғасырда Каспий теңізін жоғалтуға жол берсек, онда біздің ұрпақтарымыз, бүкіл әлем бізді кешіре алмас.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

16 маусым 2011, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.