Атырау, 22 қараша 15:17
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Ер қанаты - ат

18 240 просмотра

- Қазақтар жылқыны тек мініс көлігі үшін ұстамаған, ол, сондай-ақ, жігіттің мәртебесін де көрсететін еді. Мәселен, қазіргі ер адамдардың автокөліктері сияқты. Біздің дәуірімізге дейін жеткен ата-бабаларымыз жасаған ат әбзелдерін нағыз өнертуындылары десек, қателеспейміз, - деді облыстық өлкетану музейінің экскурсия бөлімінің меңгерушісі Оксана ӘЛЖАНОВА Ақалтеке арғымағының тұлыбын көрсетіп тұрып.

Музей залдарының бірінде қойылған Ақалтеке тұқымды жылқы – көне қазақ аңыздары мен өлеңдеріне арқау болған арғымақ. Ақалтекенің қанын Еуропаның көптеген тұқымдарына араластырды, тіпті, ағылшынның асыл тұқымды жылқысында да арғымақтың қаны бар. Белгілі жылқы тұқымын зерттеумен айналысатын ғалымдар ақалтекені сәулет, әдебиет және қолөнердің баға жетпес туындыларының қатарына жатқызуға болады деп есептейді. Бұл жылқылардың түстері де өте әдемі болады: құласұр, торы, жирен, қара, сұр болып келеді. Ақалтеке арғымағының рекордтары: ұзындыққа секіру – 8,78 метр, биіктікке - 2,12 метр. Бұл тұқым Түркіменстанның Ақалтеке даласында пайда болған екен. Қазір оларды Ашхабад жылқы зауытында, сондай-ақ, Қазақстан мен Дағыстанның кейбір жылқы зауыттарында өсіреді.

Паңдықтың, тектіліктің белгісіндей болған осы арғымаққа қарап отырып, бабаларымыздың жылқыны қалай қадір тұтқанын түсінеміз. Керемет шеберлікпен дайындалған ат әбзелдері осының айғағындай.

- Бұл ер-тұрманды шебер Қайрат ҚУАНДЫҚОВ жасады. Тері мен мельхиордан жасалған ер малахитпен, ақық таспен және халцедонмен көмкерілген, - деді О. Әлжанова ХІХ ғасыр ер-тұрманын көрсетіп. – Міне, тағы бір ер-тұрман. Алды, арты, екі жаны күміспен көмкерілген, үстіне ұсақ ою-өрнектер салынған. Алдыңғы жағына бірдей қашықтықта қоңырау тәріздес ою бейнеленсе, одан жоғары гүлге ұқсас өрнектер басылған. Ер-тұрманның үсті жоғары сапалы терімен қапталған. Бұл жәдігерді музей қорына атыраулық Аманжол САЛЫҚОВ тапсырды.

Әрі қарай біз ХХ ғасырдың орта тұсында дайындалған ер-тұрманды қарадық. Хас шебердің қолынан шыққан дүние! Ол ағаштан жасалып, алды мен арты күміс және сүйекпен безендірілген. Зергер сүйектен гүл тәріздес үш-төрт бұрышты пішіндер ойып жасаған екен. Алды мен артқы жағындағы ағаш бөлігіне шеттері оюмен өрнектелген жез қағылған. Бұл ер-тұрманды ағайынды Ізғали мен Қайшыбай БОҚАЕВТАР жасаған. Оны музейге 2003 жылы Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Т. Құрманов тапсырыпты.

- Ат әбзелдерін дайындағанда шеберлер тек ер-тұрманға ғана емес, ашамай терлік, үзеңгі, айыл сияқты басқа да құрамдас бөлшектеріне үлкен көңіл бөлген. Мініп жүрген атын сатқанда немесе біреуге сыйға тартқанда қазақ ешқашан ноқтасы мен шылбырын қоса бермеген. Өйткені, олар ат басында бақ бар деп есептейтін. Егер ат әбзелдерін жылқыға қосып беріп жіберсе, иесінің ырысы кетеді деген ырым бар. Алып қалған ноқта мен шылбырды есік жақтауының оң жағына іліп, майлап-сайлап, дайын күйінде сақтап отырған.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

8 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.