Атырау, 18 желтоқсан 23:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Инвесторлар үшін төңкеріс пе?

2 998 просмотра

ҚР үкіметі шетелдік компаниялар үшін бірқатар инвестициялық климатты жақсарту шараларын жасақтады. «АЖ» біздің еліміз үшін мұның қаншалықты тиімді екенін сарапшылардан сұрастырған еді.

Естеріңізге салсақ, сейсенбі күні Астанада өткен баспасөз конференциясында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат ДОСАЕВ шетелдік бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралар туралы хабарлады. Олардың қатарында: энерготасымалдаушыларға және өнiмдi жеткiзу бойынша тасымалдауға кеткен шығындардың бөлiгiн қаражаттандыру, инвестициялық жобаны iске асырудың бүкiл кезеңiне және нысанды iске қосқаннан соң бiр жылға шетелдiк жұмыс күшiн тарту құқығын беру, корпоративтi табыс салығынан 10 жылға дейiнгі мерзімге босату және т.б. бар.

Біз үшін «инвестор» сөзі«мұнай» сөзінің синонимі. Біз шетелдіктердің шикізаттың басым бөлігін елден тысқары шығара отырып, бұдан көп пайда түсіріп, тек шикізат экономикасына ғана қаржы салатындығына үйренгенбіз. Өнім бөлінісі туралы келісім (жұртшылық үшін жабық құжат) шартында жеңілдіктер құпия сақталған Қашағанды немесе мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттауға салынатын салықтар бойынша артықшылықтарға ие Теңіз кенішін мысалға алсақ, жасалып жатқан жағдайдың тек бір тарапқа ғана тиімді екенін көреміз. Өкінішке орай, бұл бізге тиімді емес. Енді зауыттар мен фабрикалар салына ма, әлде бүкіл жеңілдіктерді тағы да тек өндіруші компаниялар пайдалана ма?

 

АРТЫҚШЫЛЫҚҚА ИЕ ШАРАЛАР

Экономист Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

–Шаралардың бәрі жақсы. Рас, мұндай шаралар отандық инвесторларға қарағанда шетелдік инвестор болу тиімдірек болатын жағдайды жасайды. Мұндай шараларды олар үшін де жасау керек деп ойлаймын.

– Кезінде Еңбек министрлігінің шетелдік жұмыс күшін квоталау саясатын күшейткені есімде. Қарама-қайшылық пайда болмай ма?

– Иә, күшейтті. Бұл проблемалар жағдай жасау арқылы емес, күшейту арқылы шешілетін кездегі мемлекеттің жалпы тренді болатын. Бұл іс жүзінде проблеманы одан сайын қиындатып жіберді. Енді тренд өзгереді деп үміттенеміз.

Ұсынылған шаралардың барлығы қалыптасқан проблемалардың ауқымын бейнелейді. Ұзақ уақыт бойына инвесторға шикізат емес секторға келу тиімсіз болды, ол тек рентабельділігі біздің бүкіл жемқорлыққа, бюрократияға және т.б. төзуге мүмкіндік берген шикізат саласымен жүрді. Енді имидж қалыптасқаннан кейін іс жүзінде түбегейлі шаралар ұсыну керек, жалпы ұсынылды да.

Бюджетте бұл тек плюспен бейнеленеді, өйткені жұмыспен қамту артады, жаңа жобалар іске қосылады, салық түсімдері көбейеді, (өйткені тағы ҚҚС мен жалақыдан түсетін салықтар бар) валюталар түсімі көбейеді. Жалпы, осы шаралардың барлығы дұрыс. Бірақ отандық инвесторлар да осындай жеңілдіктерге ие болуы керек.

–Соның ішінде өндіруші сектордағы шетелдік инвесторлар үшін, мәселен, Қашағанда жұмыс істегілер келетін мердігерлер мен қосалқы мердігерлер үшін жағдай жақсарды ма?

– Иә, солай деуге болады. Бірақ тек тауарлар мен қызметтерді сату-сатып алу бойынша емес, өндірістік нысандарды іске қосуға байланысты жобалар үшін ғана. 1 маусымда заң жобасы жарияланғаннан кейін барлық егжей-тегжей айқындалады деп ойлаймын.

 

ИНВЕСТИЦИЯЛАР ҰЛТТЫҚ ДАМУҒА ҚАРСЫ

Экономист Петр СВОИК:

– Осы жеңілдіктердің барлығы жалпы шетелдік инвестициялар бойынша емес, қандай да болмасын мақсаттық инвестицияларға қатысты болса жақсы. Егер шетелдік инвестицияларды қазіргі қалыптасқан түрде алып қарасақ, онда қосымша жеңілдіктер не үшін қажет деген сұрақтар туындайды.

Досаев өзінің есебінде айтқандай, бүкіл нарықтық жылдар ішінде (министр қателесіп растағандай, 2005 жылдан бастап емес) Қазақстанға, дөңгелектеп алар болсақ, 180 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар салынған. Мұнда таң қаларлық болса да, геологиялық барлау бірінші орында тұр, яғни, тек геологиялық барлауға70 млрд доллардай инвестиция салынған, бұл бүкіл инвистицияның жартысына жуығы. Екінші орында, шамамен 20 млрд доллар – мұнай өндіру, тау-кен ісі мен металлургия саласына салынған. Мұның бәрі экспорт-шикізат секторы және оған салынатын инвестициялар. Әрине, бұл экономиканың шикізат бағытын нығайтты. Бұған қуана қоюға болар ма екен.

Экспорт-шикізат саласынан кейін көңіл жабырқататын шетелдік инвестицияның басқа пакеті тұр. Бұл сауда мен қаржылық қызмет. Жалпы бұлардан 30 млрд доллар шамасында алынады. Біздің бүкіл ішкі саудамыз импортқа құрылған, қаржы қызметіне қатысты да осылай. Өйткені Ұлттық банк ұлттық базалық несиелеуді жүзеге асырмайды. Сонда инвестиция мен несиелеу тұрғысындағы бүкіл қаржы процесі сыртқы шеңберде жүзеге асырылады.

Енді жинақтайық. Инвестицияның басым бөлігі жер қойнауын барлауға бағытталған, екінші орында шикізат өндіруді экспорттауға ынталандыру, үшінші орында – сыртқы қаржылық ресурстар мен импортты тауарларды пайдалануды ынталандыру.

Яғни, шетелдік инвестициялау негізінен ФИИР бағдарламасы күресуге тырысып келе жатқан мәселеге тікелей бағытталған.

Бұлар үкімет мақтаныш тұтатын және еліктіріп, одан әрі ынталандыруға тырысатын тікелей шетелдік инвестициялар. Олар ұлттық даму мақсатына қарсы жұмыс істейді. Он миллиардтаған доллар шетелдік инвестициялар аясында, ел ішіндегі қалған экономика салалары мардымсыз инвестицияланады. Электрмен қамтуға 1,5 млрд теңгедей салынды, темекі мен онша пайдалы емес сусындарды қосқанда, тамақ өнеркәсібіне 1 млрд теңге шамасында қаржы салынды. Ауыл, орман және балық шаруашылығы мен экологияға бүкіл нарықтық жылдар ішінде жалпы шетелден 139 млн доллар инвестицияланды.

Ал тікелей шетелдік инвестициядан елге не тиеді?

Ұлттық экономикаға қайтарым. Шикізат саласы бойынша: Ұлттық қордан трансфер арқылы бюджетке 1,6 трлн теңгеден сәл астам түсті. Кіріс бөлігі тұрғысынан, шикізат саласы ең үлкен шамаға ие. Ал егер басқа қалған салықтарға қарасақ, онда шикізат емес сектор анағұрлым үлкен салық жүгіне ие болады.

Экспорт-шикізат секторынан түсетін салықтар 1,9 трлн теңге шамасын құрайды, ал шикізат емес экономиканың бүкіл салықтарының жиынтығы, шамамен, 5,5 трлн теңге. Бюджетте шикізат саласының үлесі 25%, ал олардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40%-дан көп.

Ал енді қайран қалдыратын салыстырмалы жайтты қарастырсақ: егер біз 2005 жылдан бастап шетелдік инвестициялардың жылдар бойынша түсімі туралы есептемеге, дәл осылайша жылдар бойынша: инвестициялар, төлемге кірістер (инвесторлардың ресми түрде елден әкететінін) деген жолды қосып, осы екі қисық сызықтың кестесін тұрғызуға тырысып көрсек, онда олардың арсыздықпен бір-бірінің үстіне қаланғанын көреміз. Сонда елге қанша әкелсе, сонша әкететін болғаны. Алайда, егер 2005 жылға дейін де кейбір дүниелердің әкетілгенін ескерсек, онда шетелдік инвестициялардың кірістерін әкету жаңаларын әкелуді көрінеу арттыратын болғаны.  Сондықтан 180 млрд доллар тікелей шетелдік инвестицияларға 200 млрд доллар кіріс әкетілді деп батыл айтуға болады.

Сондықтан шикізат саласын да, шетелдік тауарлар саудасын да, қаржы секторын да инвестициялармен ынталандырудың қажеті жоқ еді. Керісінше, қамшылап, арбау саясатын ұстанса да, шикізат саласының шетелдік инвестиция кірісін Қазақстанның ішіндегі шикізат емес секторға қайта инвестициялауға бағыттайтын механизмді құру туралы ойлану керек еді.

Тағы бір көрнекі көрініс. Шетелдік инвестициялар кестесі сыртқы қарыздар кестесіне қарағанда әжептәуір. 2005 жылдан бастап Қазақстанның сыртқы қарызы 150 млрд долларға дейін артты. 2005 жылдан бастап қарызға қызмет көрсету бізге 270 млрд долларға шықты. Яғни, қарызға 150 млрд алып, 270 млрд етіп өтедік. Ал Қазақстанның экономикасы сол Ұлттық қордың шетелдік қарыздарын да жинап жатыр ғой. Бүгінде 2013 жылдың есептілігі бойынша Ұлттық қор мен алтын-валюта резервінің сомасы бірге 100 млрд долларға дейін жетті. Біз бұдан қандай табыс кіргіздік? 20 млрд доллардан сәл астам ғана. Яғни, сыртқы қарыз 270-ке шықты, ал бөгде шетелдік қарыздар бізге бар болғаны 20 млрд доллар ғана берді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

5 мамыр 2014, 18:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.