Атырау, 24 қараша 03:53
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шатақ субсидиядан шықты

3 532 просмотра

Индер ауданының егіншілері суға төлем төлеудің әбігеріне тап болып отыр. Себебі, үкіметтің қолайсыз қаулысының салдары дала еңбеккерлеріне таяқ болып тиюде.

«ПІСПЕГЕН»ҚАУЛЫ ЖӘНЕ ТАМШЫЛАТЫП СУАРУДЫҢ ӘЛЕГІ

Сушарлықтар да, егіншілер де биыл қатты мазасызданып отыр. Былтыр да кедергіге тап болып еді. Егіншілер үшін пайдаланылған судың 40 пайызын үкімет мойнына алса, ал 60 пайызын өзі төлеуі тиіс болды. Бұл жылдың үш айында жұмыс жасайтын дала еңбеккерлері үшін тиімсіз еді, ақыры көп айқайдың арқасында егіншілер жиырма пайызын төлеу жеңісіне қол жеткізді. Ал биылғысы тым сорақы жағдайға жеткен. Нақтылап айтқанда Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 4 сәуірдегі «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру жөніндегі қызметтерді субсидиялау Ережесін бекіту туралы» №237 қаулысына өзгеріс енуі дала еңбеккерлері мен сушарлықтарды әбден тығырыққа тіреген жайы бар. Бұрын республикадан суға бөлінген субсидия қаржысы тікелей (80 пайызы) сушарлықтардың еспшотына тікелей түсіп, егіншілер үстіндегі 20 пайызын өздері төлейтін. Енді келіп сол субсидия қаржысы әрбір егіншінің есепшотына түседі, соны кері қарай олар сушарлықтарға төлеуі қажет болуда. Ал жиырма пайызын егіншілер онсызда өз қалтасынан төлейді.  

‑Бұл қаулының тиімсіз тұсы егінші алдымен тұтынған суының бір айдағы елу пайызын субсидия берместен бізге төлеуі тиіс. Олай болмайынша олардың есепшотына субсидия түспейді. Бір айдағы суға жұмсалған сол елу пайыз шығынды егіншілер уақтылы төлей алмауда. Мәселен, «Нұрет» ШҚ‑ның 150 гектар егістігі бар, соның жартысы 190 мың теңге төлеуі тиіс бола тұра ол төлемақысын уақтылы бере алмауда. Қазір мекеме сол төлемақылар түспегендіктен мамыр айының өзінде токқа 5 млн, еңбекақыға 2,5 млн. теңге бережақ болып тұр. Егер бұл қаулының тиімді тұсы қаралмаса онда біз су беруден айрылып қалатынымыз сөзсіз. Биылдың өзінде 12 ШҚ 1 млн. теңгеге бережақ,‑дейді «Атыраусушар» РМК‑ның Индердегі филиалының гидротехнигі Лена МАСАЛИМОВА.

Қаулыны егіншілер суық қабылдап отыр. Бірін қаржы жағы қинаса, екіншіден егіншілерге қосымша жүгірісті қажет етуде. Ал банкке төлеген сайын құжаттар жиналып, ақшалар кететіні сөзсіз.

‑Мысалы өз басым бұл қаулыны қолдамаймын. Бұл біз үшін тиімсіз, кім ойлап тапқан, не үшін қажет болды, соны түсінбеймін. Шыр айналдыра айналыста жүріп, судың төлемақысының сушарлықтарға төленетіні күлкілі емес деп көр. Мамырда суға тұтынған елу пайыздық 16 мың теңгені төлеген болатынмын. Бірақ өз басым селолық тұтынушылар қоғамына (СТҚ) кіруден бас тартып отырмын. Негізі ауыл шаруашылығына үкіметтен қыруар қаржылар бөліне бастады дейді, ал осыған сеніңкіремеймін, өйткені осыдан өзіміз зардап шегіп қалдық,‑дейді «Масқар» ШҚ иегері Райса НЫҒМЕТДИНОВА.

Райсаның айтуынша бірнеше жылдан егіншілікпен айналысып келе жатқан күйеуі Александр КИМ екеуін биыл күтпеген жайт толғандырып тастапты. Ауыл шаруашылығына үкіметтен зор көңіл бөліне бастағанын медет тұтқан олар несие алып, тамшылатып суару технологиясын алмақ болады. Сөйтіп қыста үшжақты тараппен, яғни қожалық, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «Ринда» ЖШС болып келісім шартқа отырады. Суару технологиясы 1млн. 458 мың теңгеге бағаланып, оның 25 пайызын қожалық төлеуге келіседі. Бірақ шаруалар алданып қалған болатын, ұзақ көктемде жаңа технологияны зарыға күткенінен ештеңе шықпайды. Сөйтіп Райса Алматыдағы «Ринда» ЖШС‑не телефон соқпай ма, сөйтсе «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыны аудармай, ақырсында әлгі технология басқа біреуге кетіп қалған болып шығады. Шаруалар армандаған суару технологиясына осылайша қол жеткізе алмай қалған болатын.

‑Бәрінен бұрын алты гектар егістік алқапты тамшылатып суару технологиясына арнап, жерді жыртып, жүйектерді дайындағанбыз. Әбден егін егерде алданғанымызды біліп, жерімізді қайтадан дайындауда қыруар уақытымызды кетіріп, оған қоса шығындатып кеткенін қайтерсің. Сондықтан биылғы суға төлемдегі өзгерісті құптамаймын. Тағы да айтам бұл ауыл шаруасын аяқтан шалу әдісі болып табылады,‑дейді Райса.

Сонымен әрбір егінші жеке‑жеке жүгіріп жүрмес үшін бірігіп СТҚ құруды ойластыруда. Бірақ бұл да тез арада жүзеге асар емес. СТҚ құрылмай, ақша аумағасын сушарлықтар зардап шегуде, яғни «былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң арба сынадының» кері.

БӨЛІМ БАСТЫҒЫНЫҢ АШУЫ

Былтыр аудан бойынша 195 гектарға егін егілді, биыл да осы деңгейлес. Қанша жерден каналдар суға толса да егіншілікке жергілікті халық бет бұрар емес. Жоғарыдағы келеңсіз жайттардың шешілуі қандай дәрежеде екенін білмек болып, аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығына ұялы телефон арқылы хабарластық. Бір ғажабы, бөлім бастығы сұраққа жауап берместен бұрын өзімізге дүрсе қоя бергені. 

‑Халықтың өзі шықпай ма, СТҚ құрылуында сенің шаруаң қанша? Мен халықтың мүддесін қорғап, Индердің халқы үшін СТҚ құрайын деп отырмын,‑дейді Индер аудандық ауыл.шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ.

‑Сушардың, егіншілердің қиындыққа тап болып отырғаны қалай шешілмекші? 

‑Сіздің не сұрап отырғаныңыз түсініксіз.  Басымды қатырып болдыңдар ғой шетінен.  

Қиюы қашқан әңгімені үзуге тура келді. Ал шаруалар, сушар мекемесінің басындағы басты проблема осы еді.

 «СУШАРЛЫҚТАР» ТУРАЛЫ

«Атыраусушар» РМК‑ның Индердегі филалына төрт канал, Алғабас‑Жорық, Құрайлысай, Бағырлай, Ақсай каналы қарайды. Бірнеше жылдап жөндеу көрмегендіктен бұл каналдарды қамыс жайлап, топырақ басып қалған. Каналдардың тозығы жеткені соншалық, оны қалыпқа келтіруге сушарлықтардың әлдері келер емес, өз күштерімен әупірімдеп қалпына келтіру жұмысын қолға алып‑ақ отыр, бірақ үкіметтен нақты қолдау болмайынша каналдар басындағы проблемалар жалғаса беретіні сөзсіз. Десек те сушарлықтарды 1968 жылы алынған қалқымалы насос станциялардың жағдайы тығырыққа тіреп бағуда. Насостардың босалқы бөлшектерін қаншама рет ауыстырды, бірақ түпкілікті жаңартпай болмайды. Ілдалдамен тұрған сорғылардың кез‑келген уақытта істен шығуы ғажап емес. Қанша сұраныс берілгенімен ескісін жаңасына ауыстыруға қаржы бөлінбеуде.

‑Былтыр мекеме жылды 6 млн. теңге шығынмен аяқтады. Білесіз бе, жеке тұрғындар судың ақысымен есептеспейді. Осы жылдың қаңтарына жеке тұрғындардан алатын 14 млн. теңге ақшамыз бар. Сұрасаң «малымыз каналдан су ішіп жатқан жоқ» деген сылтауды айтады. Малдары каналдан ішпегенде қайдан ішеді екен, егер су тоқтатылса онда шу шығарады. Осы себептен биыл суды графикпен босатудамыз,‑дейді филиал бастығы Сайлау БАЙБОСЫНОВ.

Аудан бойынша  15124 ірі қара, 76337 қой-ешкі, 5182 жылқы, 2418 түйе осы каналдың суын тұтынады. Мал басына төленетін ақы да ауыз толтырарлықтай емес, мәселен, қой‑ешкінің басына жылына 22, ірі қараға 164, ал жылқы мен түйенің бір басына 135 теңге төлеуі тиіс бола тұра, осының өзіне шатақ шығаратындар жоқ емес көрінеді. Қанша айтқанмен «судың да сұрауы барын» кейбіреулер түсіне бермейді. Осының салдарынан сушарлықтар қиындыққа да тап болып отыр, ішкі қаржылық жағдайына нұқсан келуде. Үкіметтің көмегімен отырған мекеме былтырдың өзіне 42 млн. теңгенің жұмысын атқарған. Ал биыл үкіметтен бөлінген субсидия көлемі 30 млн. 300 мың теңге ғана. Бұл қаржы сушарлықтар үшін тамызға дейін ғана суды босатуына көмектеседі, одан кейінгі үш айда каналды сумен қалай толтырады, ол сұрақ күйінде қалып тұр. Қолдарынан келетіні қосымша қаржы сұрап жоғарыға хат жазуда. Былтыр да қаржы жетпестігі болып, тамызда қосымша субсидия бөлінген болатын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

15 маусым 2011, 21:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.