– Құрманғазы ауданындағы поселкелердің бірінде тұратын танысым отбасына атаулы әлеуметтік көмек алу жөнінде поселкелік әкімдікке жүгінген. Бірақ оған тәуір киім киінгенін желеуретіп, бас тартқан. Оның күйеуі «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп, 20 000 теңге, үш баласына 1 700 теңгеден жәрдемақы алады. Өз баспаналары жоқ. Оларға атаулы әлеуметтік көмек тиесілі ме? Адамның сыртқы түрі үшін көмек рәсімдеуден бас тарту заңды ма? Олар қайда хабарласа алады?
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА жауап берді:
– ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңына сәйкес, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын қазақстандықтардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері - жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегінің айырмасы. 2014 жылғы бірінші тоқсандағы ҚР Статистика агенттігі белгілеген күнкөріс минимумының мөлшері 18 469 теңгені құрайды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанда қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері (күнкөріс минимумының 40%-ы) – 7 388 теңге. Жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарылады.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін барлық қажетті құжаттармен ХҚО-ға немесе мекенжай бойынша поселке әкіміне жолыққаныңыз жөн.