– Мен бюджет қызметкерімін. Жыл сайын қалада күзгі және көктемгі маусымда қаланы санитарлық тазарту жөнінде екі айлық жарияланады. Бұл жұмысқа көп жағдайда бюджеттік мекеме қызметкерлерін тартады. Неліктен мен, басқа әріптестерім секілді, демалуға бөлінген заңды уақытымды қоғамдық жұмыстарға жұмсауға мәжбүр боламын? Неліктен бұл жұмысқа шығу деп есептелмейді және еңбек заңнамасының нормаларына сәйкес төленбейді? Егер біздің штаттық аула сыпырушы онсыз да тазалайтын ұйымның аумағын тазалау қоғамдық жұмыс деп есептелсе, онда ол ерікті түрде жасалуы тиіс қой. Бізді қала әкімі аралап жүреді, шықпаған жағдайда жұмыстан шығасыңдар деп, сенбілікке шығуға мәжбүрлеуі заңды ма? Мені сенбілікке шығудан бас тартқаным үшін жұмыстан шығара ала ма? Егер шығара алса, бұл қандай заң нормасымен іске асырылады? Сенбілікте өткен уақыт жұмыс уақыты деп есептеле ме және ол төлене ме?
azh.kz сайтынан
– Балабақшаның және мектептердің басшылары мен қызметкерлерін мереке күндері қарауылшықтан өзге ешкім болмайтын оқу орындарында кезекшілік етуге мәжбүр етеді. Қалалық білім беру бөлімінің мереке күндері шығып, кезекшілік етуді талап етуі заңды ма? Бұл жұмысты мекеменің қарауылшысы атқарады ғой. Осындай кезекшілікте өткізілген уақыт төленуі тиіс пе?
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Салауат ИШАЙ жауап берді:
– ҚР Еңбек кодексінің 97-бабына сәйкес, осы Кодекстің 98-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа қызметкердің жазбаша келісімімен жол беріле-ді. Қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:
- төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
- жазатайым оқиғаларды, мүліктің опат болуын немесе бүлінуін болдырмау және оларға тексеру жүргізу үшін;
- жалпы ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмысы осылардың жедел орындалуына тәуелді болатын шұғыл, бұрын көзделмеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.
ҚР Еңбек кодексінің 128-бабына сәйкес, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа қызметкердің күндік (сағаттық) ставкасы негізге алына отырып, кемінде екі есе мөлшерде ақы төлеу жүргізіледі. Мереке және демалыс күндері бекітілген еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшері қызметкерлердің қандай кәсіптік-біліктілік тобына жататындығына қарамастан мекеме қызметкерінің барлық санаттарына қолданылады. Мереке және демалыс күндерінде нақты жасалған сағаттар үшін барлық қызметкерлерге көрсетілген мөлшерде ақы төленеді. Мереке күндеріне жұмыс ауысымының бір бөлігі сәйкес келсе, онда мереке күндері жасалған нақты сағаттарға екі есе мөлшерде ақы төлеу жүргізіледі. Осылайша, сенбілік және кезекшілік өткізу үшін мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа шығуға қызметкердің жазбаша келісімімен жол беріледі және екі есе мөлшерде ақы төленуге тиесілі.