Атырау, 26 қараша 20:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Зауытта тағы бір кешен құрылысы басталады

3 695 просмотра

21 маусымда сағат 15.00-де  «Ренессанс» қонақ үйінде  Атырау МӨЗ-дағы мұнайды терең өңдеу кешені құрылысының қоршаған ортаға әсерін бағалау (ҚОӘБ) бойынша қоғамдық тыңдау болады.

«АМӨЗ» ЖШС-нің 100 пайыздық иесі болып табылатын «ҚазМұнайГаз» ҰК бензин өндірісін қазіргі 50%-дан (қалғаны мазут) 90% дейін көтеруге мүмкіндік беретін  мұнайды терең өңдеу жүйесі  француздың «Ахеns» компаниясының технологиясы бойынша салынады деген шешімге келді. Маусымның алғашқы онкүндігінде «Ахеns» компаниясы өздерінің технологиясы бойынша жұмыс жасап жатқан Ульсан қаласындағы зауытты көрсету үшін жергілікті қоғамдық өкілдердің басын қосып Оңтүстік Корея сапарын ұйымдастырды. АМӨЗ «Ахеns» компаниясына оның лицензиясын сатып алғаны үшін ірі көлемдегі төлемақысын төлейді, ал, лицензиар-компания сапалы да қауіпсіз жұмыс қондырғысына кепілдік береді.

Бір қызығы, өткен жылдың аяғында осы «Ахеns» компаниясының лицензиясы бойынша басталған хош иісті көмірсутектер шығару кешенінің құрылысына дейін АМӨЗ мұнай өңдеу саласындағы басқа бір әлемдік брэнд – американдық «UOP» компаниясының технологиясын қолданған болатын. Хош иісті көмірсутек шығару және мұнайды терең өңдеу кешендерін «Ахеns» маркасы бойынша салуды ұйғарған АМӨЗ кейін бензинді изомерлеу кешенін қайта қалпына келтіру туралы мәселе көтерілгенде тағы да «UOP» компаниясының қызметіне жүгінді. Зауыт басқармасында мұны изомерлеу процесі күшті улы химикаттарды қолданумен байланысты деп түсіндірді. Ал, «UOP» компаниясы бұл сала бойынша  көшбасында тұр.

 

БІТПЕЙТІН ҚАЙТА ЖАРАҚТАУЛАР

Мұның Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта қалпына келтірудің алғашқы кезеңі еместігін айта кету керек. 2005 жылы «Марубени Корпорейшн» компаниясының еншілес кәсіпорыны болып табылатын  жапондық «JBC» компаниясы зауытта бензинді және дизельді отынды гидротазалау бойынша 12 қондырғыдан тұратын кешенді салды. Соның нәтижесінде АМӨЗ Еуро-2 стандартына жауап бере алатын бензинді және Еуро-4 стандартына сәйкес дизель отынын шығару мүмкіндігіне ие болды. Қайта жабдықтаудың екінші кезеңі хош иісті көмірсутектер шығару кешенінің құрылысы болып табылады, оның құрылысын  жақында қытайлық «Синопек Инженеринг» компаниясы бастады.

Қазір АМӨЗ бензол концентрациясы 3,5-тен 4% дейінгі бензинді шығарып отыр, ал, бұл Еуро-3 стандартына сәйкес келеді. Мұнайды терең өңдеу кешені құрылысы аяқталғаннан кейін зауыт өнімі еуро-5 стандартына (бензол деңгейі 1% аспайды) сәйкес келетін болады. Оның маңызы сол, егер қазір зауыт барынша жеңіл Жаңажол мұнайына ауыр болып саналатын Маңғыстау мұнайын қосуға мәжбүр болса, аталмыш кешен зауытты әмбебап өнідіріс ошағына айналдырады да кез-келген мұнайды өңдеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні мұнайды терең өңдеу кешенінің базалық жобасын жасақтаумен «Ахеns» компаниясының инженерлері айналысуда, ал, жұмыс жобасы «Омскнефтехимпроект» институтының күшімен дайындалуда. Құрылысты нақтылау кезеңі астаналық деңгейде мердігер таңдалғаннан кейін белгілі болады. Дегенмен, қазірдің өзінде «терең өңдеу» хош иісті көмірсутек шығару кешенінен арзанға түспейтіндігі (1 млрд. 40 млн. доллар) белгілі болды. Бұл кешен бір қондырғыға біріктірілген екі секциядан тұрса, мұнайды терең өндіру кешені кем дегенде он қондырғыдан тұрады.

Жыл басында «ҚазМұнайГаз» ҰК басқармасының төрағасы Қайыргелді ҚАБЫЛДИН «терең өңдеу» құны мен мердігері 2011 жылдың аяғында анықталады деп мәлімдеген болатын. Дегенмен, қазірдің өзінде осы кешеннің құрылысымен аталмыш «Синопек Инженеринг» қытай компаниясы айналысады деп айтылуда. Сондай-ақ, ол дәл осындай кешен құрылысына дайындық Павлодар және Шымкент зауыттарында да жүргізіліп жатқандығын хабарлады. Ал, бұл болашақта еліміздегі мұнай өңдеу көлемін жылына 17 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермекші. Зауыттар осынау салынып бітіп болмайтын құрылыстар үшін қалай есептеседі? АМӨЗ басшылығы, жекелеп алғанда, Қ.Қабылдинге қайта жабдықтаудың бірінші кезеңі бойынша, яғни, жапондықтардың қарызын қайтаруға көмек сұрап, өтініш жасады. Ұлттық компанияның жауабы туралы әзірге ештеңе білмейміз.

 

«ҚОҒАМДЫҚ  ТЫҢДАУ» ДЕГЕН НЕ?»

Кореяның Ульсан деген қаласында «S-K» және «S-Оil» деп аталатын екі мұнай өңдеу зауыты бар, олар жылына сәйкесінше 40 және 25 млн. тонна  (АМӨЗ-нан қуаттылығы сәйкесінше 8 және 5 есе артық) мұнай өңдейді. «S-Оil» зауытында «Эксон-Мобил», «UOP», «Dupon» компанияларының технологиясы қолданылады, алайда, көпшілік қондырғы «Ахеns» лицензиясы бойынша орындалған. Биылғы жылы бұл жерде әлемдегі ең ірі болып есептелетін қуаттылығы жылына 900 мың. тонна болатын параксилол өндіретін құрылғы іске қосылған. Бұл өнімді сатып алушылар Үндістан мен Қытай. Сондай-ақ, гидрокрекинг және катализаторлы крекинг («терең өңдеу») жүйесі жұмыс жасайды. Осыған орай мұнай өңдеу тереңдігі 90 пайызды құрайды, ал, қалдық – қою мазут – битум өндірісіне жұмсалады, сондай-ақ, мұхит кемелері үшін отын ретінде пайдаланылады.

«S-Оil»  зауытының менеджері Чанг-Хун ЧОЙмырзаның айтуынша, кәсіпорын 50 мың халқы бар Ульсан-Онсана қаласының тұрғын үй кварталдарынан бір жарым шақырым жерде орналасқан. Барлық құрал-жабдықтар жаңа, сол себепті қоршаған ортаға шығарылатын қалдық көлемі аз. Дегенмен, бірнеше жыл бұрын бұл жерде төтенше жағдай орын алды: зауытқа келіп тұрған электр желісін экскаватор шөміші үзіп кетті. Жұмыс толығымен тоқтатылды. Жарылысты болдырмау үшін газдың көп бөлігін жағып жіберуге тура келді.

Ч.Чой жұртшылық тыңдауы дегенді білмейтіндігін мойындады. «Тұрғындар бізге сенеді. Қалдықтарды шығару мониторингінің жүйесі үнемі жұмыс жасап тұрады. Ал, автоматты газ анализаторларының басқару тетігі үкімет пен жергілікті экологтардың қолында. Үнемі жаңартудың қажеттілігіне байланысты зауыт аумағы Жапон теңізіне қарай  жылжып барады. Алайда, қазір онда да орын жоқ. Одан әрі қарай кеңейту жағдайы туындайтын болса, біз адамдарды көшіру үшін үкіметтің көмегіне жүгінуге мәжбүрміз».

Осыған ұқсас мәселе бойынша АМӨЗ-да да жергілікті экологтармен алауыздық бар екендігі рас. Соған қарамастан АМӨЗ басшылығы кәсіпорынды қаладан көшіру туралы талапты ғана емес, жаңа қуатты кешендер құрылысын зауыт аумағынан тыс жерлерде салу идеяларын да үзілді-кесілді теріске шығарып отыр. Зауыт басшылығы хош иісті көмірсутектер шығару кешенін зауыт аумағынан өз орынын тапқанын мәлімдеді. Оған тозығы жеткендіктен жұмыс жасамай тұрған резервуарлық паркті пайдаланды. Ол үшін 8 резервуар күрелді. Енді мұнайды терең өңдеу кешені үшін жерді қайдан таппақ?

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

16 маусым 2011, 00:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.