Ербол БАЙЛАУОВТЫҢ отбасында Жаңа Жыл иісі аңқып тұрады деп жиі айтады. Жыл мезгіліне қарамастан, олардың пәтерлерінен жас қарағайдың иісі аңқып тұрады. Таныс мерекені сездіртіп тұратын да сол. Сондай-ақ, қарағай иісі отағасының кезекті сүйікті жұмысын қолға алғандығын да білдіреді. Сандық жасайтын шебер туралы Атырау мен аудандарда ғана біліп қоймай, оның туындылары басқа қалаларға да «кетіп» жатады.
Ерболдың мамандығы заңгер. Он жыл бойына қылмыстық-түзету жүйесінде жұмыс істеген. Бастапқыда ағашпен жұмыс істеу ермек секілді көрінген еді. Бірақ 2005 жылы аға лейтенант шенінде жұмыс істеп жүрген ол, сүйікті ісімен айналысуға бел буады.
- Әуелі бірнеше тербелме-кресло жасауды ұйғардым. Бұл сынақ түрінде жасалған еді. Жұмысқа берілгенім сондай бірден он шақтысын жасап тастаппын. Оны таныстарым қуана алып кетті. Содан кейін олардың бірі сандық жасай аласың ба деп сұрады. Неге жасамасқа? – деп әңгімелейді Ербол. – Сандықты жасадым. Ол тапсырыс берушіге ұнап қалды. Содан соң кешікпей жаңа тапсырыстар түсе бастады. Мен өзіме арнайы жарнама жасамаймын, халықтың өзі ауыздан ауызға таратып жүреді.
ЗАМАН ӨЗГЕРГЕНМЕН, ДӘСТҮР ӨЗГЕРМЕЙДІ
Көп ғасырлар бойына қазақтарда сандық қалыңдық жасауының ажырамас бөлігі боп келеді. Ербол өз жұмысында осы үй жиһазының тарихи тамырын ескеріп отырады. Ерболдың әр сандығы бір-біріне ұқсамайды:
- Бұл да классика іспеттес, - деді ол ойып жасалған ұлттық өрнектері бар қоңыр ағаш сандықты көрсетіп. – Ал мынау жатын жиһазына арнайы берілген тапсырыс. Адамдар жиһаздарының фотосуреттерін әкеліп, бөлменің ішкі көрінісімен үндестік табатындай сандық жасауды өтінеді. Акрил бояулардың көмегімен түсін, оған қоса сай келетін фурнитурасын таңдаймын. Сонда сандық жиһаздың тұтас бөлігіне айналады.
Оның қолымен шеберлікпен әрленген алуан түрлі сандықтар жасалған. Әдеттегі тік бұрыштысы да, құлақты сандық та бар. Маған ол жапондық интерьер жиһазын еске түсірді. Алайда шебер:
- Бірнеше ғасырлар бұрын киіз үйлерде осындай сандықтар болған. Ішіне киім-кешектер сақтап, үстіне көрпелерді жинаған. Ал түнде сандық керует рөлін атқарған, - деп түсіндірді. Сөзінің дәлелі ретінде Ербол энциклопедиядағы қазақтың киіз үйінің суретін көрсетті.
ҮЗІЛМЕЙТІН ЖАҢА ЖЫЛ
Сандықтардың барлығын Ербол ағаштан жасайды:
- Негізінен қарағайдан жасаймын. Бүк ағашы мен еменді де пайдаланам. Шындығын айтқанда, қарағаймен жұмыс істеген көбірек ұнайды. Бұл ағашты аралай бастағанда айнала қылқан шайырларының иісіне толады. Үй ішіндегілер де Жаңа жылдың иісі шығып кетті деп жатады. Сондықтан да үйімізде бұл мереке жыл бойына болады деп әзілдеп қоямыз.
Сандықтың тұрқы бірде-бір шегесіз құрастырылады. Ал әрі қарай бұйымға ерекше түр беретін әрлеу жұмыстары басталады.
- Ағаштарға Ресейден тапсырыс берем. Сандықтарға арналған фурнитураларды бізден таба алмайсың. Ал оған тапсырыс беру өте қымбатқа шығады. Сондықтан көбінесе жиһаз фурнитурасын пайдалануға тура келеді. Адамнан айла қалған ба?! Тұтқасының орнына әдемі есік тұтқасын, шығыршық-қаққышты пайдалануға болады. Бастысы, бәрі бір-бірімен үндесіп тұруы керек.
Айтпақшы, Ерболдың үйінен отбасылық сандықты көре алмадым.
- Менің жұбайым орыс ұлтынан. Орыстарда қыздың жасауына сандық беру міндетті емес. Ал енді ол өзіне жасап беруімді өтініп жүр. Ұста пышаққа жарымайдының кебі ғой. Міне, біздің сандығымыз мынау, - деп күлді Ербол үстіне көрпе жиналған үлкен картон қорапты көрсетіп. – Әрине, уақытымды үнемдеп, үйге де сандық жасайтын кездерім болады. Сол кезде каталогты қарауға тапсырыс берушілер келіп қалады да, дайын сандықты көріп, өздеріне дәл сол сандық керек екенін айтады. Содан соң оны беруге тура келеді...
ХАНШАЙЫМҒА АРНАЛҒАН САНДЫҚ, СЕРІ ЖІГІТКЕ АРНАЛҒАН АСАТАЯҚ...
Ербол тапсырыс берушілердің арасында тұрақты клиенттер бар екенін айтып өтті.
- Үш, төрт қыздары бар отбасылар бар. Бір қызын тұрмысқа беріп, жасауына сандыққа тапсырыс берген соң, ата-аналары қайтадан маған тапсырыс жасайды. Әсіресе, жыл-жыл жарымнан кейін мен сандық жасап берген, жас отасқан ерлі-зайыптылар келіп, осы стильде бесік жасап беруімді сұрап келгені мен үшін үлкен қуаныш. Мұндай жаңалықтан жаның жылынады. Демек жас отбасында адам дүниеге келіп, толығып жатыр деген сөз ғой. Тапсырыс берушілердің қалауынша интерьерге сай келу үшін сандықтың стилімен бесік те жасап бере аламын.
Ербол сандыққа тапсырыс берушілер ішінде қызын тұрмысқа беретін ата-аналар ғана емес, коттедж қожайындары да бар екенін айтты:
- Қазір зәулім үйлерде тұратын қожайындар бір бөлмені болса да ұлттық нақышпен әсемдеуге тырысады. Сондықтан да сандыққа тапсырыс береді. «Кішкентай ханшайымға арналған сандықшаға» да тапсырыс берген еді. Шамасы, ойыншықтарға арналған болуы керек. Шағын етіп жасап бердім. Оны сол қыз бала тұратын Астанаға сыйлық етіп алып кетті.
Ербол ағашпен сандық жасап қана қоймайды. Қай нәрсені де жасау қолынан келеді. Оның шеберханасы боп табылатын қонақ бөлмесінен өте әдемі етіп жасалған камин корпусын байқадым. Ойып жасалған өрнектер, кеберсіген бояу... «Әлдебір көне қамалдан алынған қымбат тұратын ескі бұйым-ау» деген ойға қалдым.
- Мұны мен өзім жасадым, - деп мойындады Ербол.- Сол көненің көзімен жасауды ойластырғанмын. Әлі бітіре алмай келемін... Қарындасыма камин жасап берген едім. Үйіне барып, оны көрген кезде кеудемді мақтаныш кернейді. Каминнің жоғарғы бөлігінде түймесін басқан кезде қақпағы ашылып, ар жағынан барды бері шығаратын механизм орнатылған. Әрине, мұндай каминге шын отты жағуға болмайды. Бірақ олар төменгі жағына жасанды ошақ жасап қойыпты. Сырт қарағанда шынайы каминнен аумай қалған.
Арнайы жеке коллекциясы үшін оған тапсырысқа жасатқан бір еңбегін Ербол ерекше мақтанышпен айтып өтті:
- Бір күні маған бір ағылшын келді. Оның ағайы асатаяқтардан коллекция жасайды екен. Менен асатаяқ жасап беруімді өтінді. Басымды ұзақ қатырдым. Ақыры керемет бұйым жасап шығардым. Емен сабынан барыстың мүсінін ойып жасадым. Ал сабын өзіміздің атыраулық қарағаштан жасадым. Қазір ол Лондонда жеке коллекцияда сақтаулы.
БОЯУ ҚҰДІРЕТІ
Талантты адам жан-жақты боп келеді ғой.
- Бір күні сурет салғым келді, - деп әңгімелейді Ербол. – Бүркітпен аңшылық құру қатты шабыттандырды. Мен сол кезде бүркітшілердің сайысын қарағанмын. Кенеп, бояулар, қылқалам тауып алдым да кешкі сағат он бірлерде жұмысқа кірісіп кеттім. Ал таңғы төртте картинам дайын болды. Ешқандай білімім жоқ, қажетті реңді алу үшін бояуды қалай араластырып жағуды да білмеймін. Бәрі өзінен өзі үйлесіп кетті.
Ербол майлы бояумен салынған өзінің бірнеше жұмысын көрсетті. Олар керемет шеберлікпен салынған екен.
- Ал жалпы өз өмірімде көп нәрсені байқап көргім келеді. Мәселен, сазбен жұмыс жасау. Құмыра жасау ісін байқап көрсем деймін. Металлмен жұмыс істеп көру қызықты болар еді. Бұрын жасап көрмеген істі қолға алудан қорықпаймын. Мені тоқтататын бір ғана мәселе – орынның жоқтығы: екі бөлмелі пәтерде зайыбыммен, үш ұлыммен тұрамын. Мұның бәрі уақытша нәрсе ғой. Жақында жер учаскесін алдық. Біртіндеп үй салып алуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде бәріне де орын жеткілікті болмақ. Өзімнің шеберханам міндетті түрде болады.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор