Атырау, 24 қараша 03:50
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Нашақорға ғашық болған Гүлнар

5 086 просмотра

Колонияның бастығы көрінген кезде барлық әйел өз кеуде тұстарына ілінген бейджиктерінің бар-жоғын тексеріп, бастарындағы ақ орамалдарын түзей бастады. Өз орындарынан көтеріліп, көз жанарларын бастықтарынан алмастан амандасып жатты. Бастықпен қатарласа келе жатқан адамдар да бас шұлғысты. Фототілші де сырт қалмады. Және тағы да біздің соңымыздан жабырқау, үнсіз ғана ілескен түрме туристерінің бір-екеуімен де амандасты. Бүгін  УГ157/11 әйелдер колониясында ашық есік күні.

- Бізде бұл жерде тігін цехы, мына жер кездесу орыны, ал, мынау - асхана... – деп бастады өз әңгімесінколония бастығы Нұрлыбек АРЫСТАНҒАЛИЕВ жиналғандар алдында. Менің жанымда мазасызданған ер адам  ілініп қойған ас мәзіріне үңіле түсті. Ол мойынын бұрмастан: -бұл жерде менің қызым бар, ботқаның ішіне май қосылған ба екен?

 

КӨЗСІЗ МАХАББАТ

Иә, нәзік жанды әйелдер де кейде темір тордың ар жағынан табылып жатады. Бірі әлдебір себептермен түссе, енді бірі жазмыштың жазумен тап келеді. 

- Ал, мен махаббаттың құрбанымын, - дейді Гүлнар ЖАРЫЛҒАПОВА (суретте). 

- Сіз өзіңізді кінәсізбін деп айтқыңыз келіп тұр ма?

- О не дегеніңіз, кінәлі болғанда қандай.

… Гүлнәр Орал қаласы маңындағы поселкелердің бірінде дүниеге келген. Жақсы, тәртіпті қыз болып өсті, анасының айтқанын екі еткізбеді. Жасөспірім жасқа жеткенде ол өзінің мінез-құлқының басқа бір қырларын көрсете бастады. Менмендік пен  қыңырлық оның бойжеткендігін білдіретін сұлу келбетімен ұштасып жатты. Ол өзінің әдемілігімен поселкеде тұратын, тіпті, одан да жырақ тұратын ер адамдардың көңілін өзіне аударта білді. Селоның бірінші сұлуы атанған оған кенет «қарындас, сізбен танысуға бола ма?» деген адам алғашқы көзсіз махаббат сыйлады. Ол өзгелерден ерекше болды. Ол сыйлаған гүлдер мен сыйлықтар, бірге сырласып, армандаған қиялдар Гүлнәрді енді олсыз өмір сүре алмайтындай жағдайға жеткізді.  Жоқтық көрмей, ерке өскеніне қарамастан ол өзінің сүйіктісін аялай білді. «Бір күні кеште ол мені өзіміздің кездесу орынымызға алып келіп, менің қолымды алды да, менің көзіме тіке қарап отырды. Мен оның маған өзінің жары болуымды айтқалы отырғандығына сенімді болдым,-деп есіне алады Гүлнәр. Ал, ол маған қарады да: «Мен нашақормын» дегені. Сөйтіп, өзі секілділердің азап әкелетіндігін айтып, байланысты үзуімді сұрады. Мен оны қалайша қиып кетем? Жоқ, ешқашанда!».

Қап түбінде біз жатпас деген. Уақыт өте келе Гүлнәрдың анасы қызының жігітінің есірткіге тәуелді екендігін білді. Ал, ол хабар кейін поселкеге жайылды. Балаларын емдетуден шаршаған ата-анасы ол ойларынан кейін бас тартқан және  оның үнемі ақша сұрап мезі қылғандығынан, оның бары не, жоғы не деп, қолдарын бір сілтеген көрінеді.

Гүлнәрдің анасы үнемі қызына: «Оны таста, оның зардабы саған тиеді» деп ақылын айтудан жалық-қан емес.  Гүлнәрды жылап-сықтағанына қарамастан, алыс бір ағайындарының үйіне апарып тастаған. Алайда, одан ештеңе шықпады. Үйіне қайтып оралған Гүлнәр оны іздеп, қаңғып жүрген жерінен тауып алады. «Мен жүктімін», -деді оған Гүлнәр көзінен тамған қуаныш жасын жасырмастан. Гүлнәрдің бұл қуанышты хабарына оның айтқан жауабы мынау болды: «Жағдайым нашар, маған көмектесші!». «Мен оған есірткі үшін күніне 20 мың теңге керек екендігін білген кезде төбе шашым тік тұрды. Ата-анасы оны табалдырығынан аттатпады. Олар оған талап қойды, егер ол клиникаға емделуге баруға келіссе, үйлеріне кіргізетін болды. Бірақ ол емделгісі келмеді. Оған есірткінің дозасы ғана керек еді. Ол енді ұрлыққа көшті. Артынша түрмеге қамалды. Одан шыға салысымен тағы да түрмеге түсті. Сол уақыт аралығында мен өмірге Каринаны әкелдім. Алайда, оған баланың керегі де жоқ еді. Бір рет мен оның есірткіні іздеп, аласұрған сәтін көрдім. Ол көмектесуді сұрап, денесінің сынуы салдарынан жанұшыра айқайға басты...»

СҮЙГЕНІНЕ АРНАЛҒАН ДОЗА

Оны сүйе тұра аяғандықтан Гүлнәр үйіндегі барлық бағалы деген дүниелерінің бәрін сатты. Қызы үйдегі қалған соңғы теледидарды әліне қарамастан сүйреп шығарып жатқанда, анасы көз жасын тия алмай, жылап тұрды. Оның өзіне сыйға тартқан алтын сырғасы мен алқасы, мойынтұмары, бәрі де ломбардқа тапсырылды. Сатылған заттардан түскен ақша көпке жеткен жоқ. Тағы да ақша керек бола бастады. Анасының жаңқалтасындағы дүкеннің кілтін ұрлап алған Гүлнәр кассадағы ақшаны алып, сүйіктісіне апарып берді. Ол рақметін айтпастан кезекті дозасы үшін жүгіре жөнелді. «Алайда, оны жан тәнімен сүйіп, оны түсіне білген мен ғана болдым. Бірақ, мен оның осылайша жалғаса беруінің мүмкін еместігін түсіндім. Оны ұмытуға тырыстым, басқа бір адамды кездестірдім. Тіпті, одан балалы болып та үлгердім. Бәрі жақсы болатын, бірақ, мені бір күш соған тартты да тұрды. Бірде онымен кездесіп қалғанымда тағы да басым айналып жүре берді, бәрі қайтадан басталды». Нашақорға қашанда ақша керек. Бұл жолы оны алатын жер де қалмады. Гүлнәр қылмыс жасауға бел шешті. Ақшаны қалай тез табуға болады? Ертеректе болған бір фильмнің кадрлары еске оралды: бір топ ұры байдың кірпияз, ерке баласын ұрлап, ақша талап етуге аттанады. Мұндай іске жемтік болатын құрбандарды табу қиын болмады. Зәулім сарайдай коттеджде ата-аналарымен бірге тұратын екі қыз Гүлнәр ойластырған сценарий үшін таптырмайтын кейіпкерге айналды. «Ақшалары көп болар, өз балаларын үйлеріне қайтару үшін ата-анасы аянып қалмас» деген шешімге келеді Гүлнәр.

...Әлгі қыздар қамауда үшінші апта мекендей бастайды, бірақ, олардың ата-анасы саудаласып, асыға қоймады. Ал, кейін тұтқындағы екі қызды босатып алу тобы құтқарды да, Гүлнәрдің қолына кісен салынды. Оған жеті жыл беріп, Алматы облысындағы Шамалған деп аталатын түрмеге жіберді.

 

ШАМАЛҒАНДЫҚТАРҒА АРНАЛҒАН ШОШҚА ЖЕМІ

Шамалған – бұл түрмеге түскендер баратын ең қорқынышты орын,-дейді Гүлнәр. Онда бәрі түрме туралы түсірілген аяусыз фильмдердегідей. Гүлнәр алғаш рет камераға кіргенінде өз камераластарының улы да тікенді көзқарастарынан денесі дірілдеп кетті. Барлық жер темір тормен қоршалған.  Темір ысырмалардың сылдыры. Түнек. Иіс-қоңыс. Ыза-кек. Барлық атмосфера үрейлі қорқыныш пен өшпенділікке толы. Кейін адамдар бірін-бірі білгеннен соң ғана аздап болса да жеңілдей түседі. Әйелдің аты әйел ғой. Олар сөйлесе де жылай да алады, өсек те айтады. Онсыз бола ма? Кейде байқамай сырларын ашып қояды, кенет сен көз алдыңда баланы өлтірген адамның отырғанын білесің! Ондайларға камерада орын жоқ. Әйелдер үшін бұдан асқан күнә жоқ. «Сондайлардың бірі өз баласын өлтіргені туралы байқамай айтып қалды,-деп есіне түсіреді Гүлнәр. –Кейін онымен ешкім де тіл қатыспай қалды».

«Шамалғандағы бастықтан түрмеде отырғандар өлердей қорқады. Ол камераларды аралаған кезде әйелдер қорыққандарынан тығылатын. Оның өзі ұрған емес, оның көрсетуімен ұратын. Ұруға себеп те болмауы мүмкін. Менің жолым болды, онымен бірде-бір рет көзбе-көз кездеспеппін. Түрме қызметкерлерінің қарым-қатынасының өзі одан да нашар еді. Егер олар сотталғандармен сөйлесетін болса, екі метрдей қашықтық жерде тұрады. Мұны түсіну қиын, олардың саған адам емес құтырған ит секілді қарайтындығын сезіну бәрінен қиын. Біздің жағдайымыз көбіне біздің тамақты көп сұрайтындығымызға қарай қиындап кететін. Күніне үш рет берілетін ботқаға тою мүмкін емес еді. Мен тіпті, өзімнің тарелкемде ненің жүзіп жүргенін түсіне алмайтын едім. Бірде мен қоғамдық жұмыста жүргенімде, бірнеше әйел болып Газельден тамақ салынған қаптарды түсіруге тура келді.  Мен сол қаптардың бірінің ішіне үңілгенімде картоп чипсилеріне ұқсас бір нәрселер болды. Мен сол қаптардағы «Шошқаларға арналған жем» деген жазуды көргенімде жағамды ұстадым. Тамаққа жарымау, мазасыз жағдай, үрей - осының бәрі жүйкеге әсер етті. Кейбіреулері  «жартыларымен» қосылды. Отбасын құру - бұл біздің әрқайсымыздың тегімізде бар. Әрине, темір тордың аржағында мүмкін емес. Әйелге басқа әйелдер ұнай бастайды. Көпшілігі жай әуесқойлықпен қызығады. Белсенді әйелдерді түрмеде «кобыла» деп атайды, олар ер адамдар секілді көрінеді, өздерін өзгеше ұстайды. Олар қарым-қатынас кезінде ерлердің рөлін ойнайды. Менің олармен қарым-қатынасым болған жоқ. Бәлкім, мен онда тағы да бір-екі жылдай болғанымда болып қалар ма еді? Мен осынау азапты түрмеде үш жылымды өткіздім. Кейін мені Шымкентке ауыстырды. Онда әрине, бәрі жеңілдеу болды. Бұл түрмеде болғандар оны «сатып алып, сат» түрмесі деп атайды. Егер ақша болса, жақсы өмір сүресің, ақшаң жоқ болса, сен жамансың. Ал, Атырауда мүлдем басқаша.

 

«БАЛАЛАРЫМДЫ ҚҰШАҒЫМА АЛСАМ ДЕП АРМАНДАЙМЫН»

Мен мұндайды еш жерде көрген емеспін. Бұл жерде тек батыстың әйелдері отыратын болғандықтан, үнемі күйеулерімен, балаларымен кездесуге мүмкіндік бар. Күн сайын туысқандарыңмен 15 минут телефон арқылы сөйлесуге болады.  Иә, бұл да түрме, біз бұл жерде жұмыс жасаймыз және өз қателегіміз үшін жазамызды алып отырмыз. Алайда, бұл жерде саған адам ретінде қарайды, мен мұны маған қысым жасалғандықтан айтып отырғаным жоқ. Өйткені, шындық сол. Жақында ғана біздің колонияда сұлулар сайысы өтті!

 - Сіз не армандайсыз?

- Менің жақында Орал қаласы маңындағы колонияға ауысуым мүмкін. Сол кезде айына бір рет анама барып келетін күн туар деп үміттенемін. Ол қазір қатерлі ісікпен ауырады. Анам мен балаларым үшін қорқамын. Үлкен қызым алтыда, кішісі бес жаста. Олар мені атыммен атайды, әжелерін мама дейді. Егер анам өмірден озып кетсе, олардың жайы не болмақ? Маған әлі екі жыл отыру керек. Мен осы уақыт ішінде ең бастысы туғандарыңның қасында бірге және олардың аман-есен болуы екендігін түсіндім. Балаларымның қасында болмағаным өте өкінішті. Өткен күндердің есесін қайтарсам деймін, балаларымның махаббатына бөленіп, оларға нағыз ана болсам деп армандаймын. Анамнан кешірім сұрасам деймін, дегенмен, одан әрбір телефонмен сөйлескен сайын кешірім сұраудан жалыққан емеспін. Сосын күйеуімнің көзіне қарасам деймін. Өйткені менің қылмысқа баруыма себепкер болған адам сол. Одан бес жылда бірде-бір хабар болған жоқ. Бұл сондай жаман. Дегенмен, оны кездестіруден мен қорқамын. Оған деген көңілімнің әлі де су сепкендей басылмағандығын сеземін. Оның маған азап әкелетінін түсінемін. Ал, жүрегім ол үшін жылауын тоқтатқан жоқ. Мұның бәрі қандай ақымақтық десеңізші! Бұл жерде мен секілді махаббаттың құрбаны болғандар аз емес. Ерлер өз әйелдері мен құрбыларын өз пайдалары үшін жиі қолданады. Біздерді ақымақ деп дұрыс айтады...

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген В.Истомин

9 маусым 2011, 17:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.