– Қытайға шоп-турға бармақшы едім. Өзіммен бірге жеке пайдалану үшін қандай мөлшерде тауар әкеле аламын? Егер мен нормадан асырып жіберсем, төлейтін баж салығының мөлшері қандай? Әуе және темір жол көліктерімен тауар әкелуде айырмашылықтар бар ма? Жеке пайдалануға арналған тауарларға кедендік декларация толтыру қажет пе?
azh.kz сайтынан
Сұраққа «Ақ Жайық-ЦТО» кедендік бекетінің маманы жауап берді:
– Кеден Одағы мен ҚР-ның кедендік заңнамасында тауардың қандай елден әкелінетіндігіне қарамастан жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелудің Бірыңғай тәртібі белгіленген. Жеке тұлғалардың кедендік шекара арқылы өткізетін, кедендік құны 1 500 еуроға тең сомадан және жалпы салмағы 50 келіден аспайтын жеке тұтынатын тауарлары кедендік баж салығы мен салықтарды төлеуден босатылады. Мұнда тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызу үшін тауарлардың сипаты мен мөлшері, сонымен қатар жеке тұлғаның кедендік шекара арқылы өту жиілігі немесе тауарларды тасу жиілігі ескеріледі. Бұл жағдайда, егер тауар салмағынан құн нормалары асып кетсе, кедендік баж салықтары мен салықтар олардың кедендік құнының бірыңғай 30 пайыз мөлшері бойынша төленеді. Бірақ 1 келі салмаққа 4 евродан кем болмайды. Өткізу бекетінде орналасқан банк филиалдарында төлем жүргізіледі.
Тауарды әуе жолы арқылы әкелгенде кедендік құны 10 000 еуродан аспайтын сомаға тең, ал жалпы салмағы 50 келіден аспайтын тауарлар кедендік төлем төлеуден босатылады. Бекітілген нормадан асқан жағдайда, 18.06.2010 жылғы №287 Кедендік одақ комиссиясының шешімімен бекітілген форма бойынша жолаушылардың кедендік декларациясын толтыруы керек. Жолаушылар декларациясы кедендік орган қызметкерлеріне кедендік шекарадан өткізу бекеттерінде беріледі. Кедендік одақтың кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлар тізімі «Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу және оларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы» Келісімнің №1, 2 қосымшаларында көрсетілген.