Атырау, 25 қараша 03:44
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Экс-әкімнің ісі. Қордың «көмегі»-2. Тәубеге келу (толықтырылды)

5 450 просмотра

Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ.Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ.Сот «“Бизнес-Көмек” мемлекеттік қоры» топтамасындағы материалдармен жете танысуды жалғастыруда. Бейсенбі күні, 10 сәуірде орын алған отырысты драмалық деп атауға болады. Осы топтама бойынша негізгі куәгерлердің бірі, қор директоры Азамат ӘБІЛҒАЗИН сотталушы Гүлнәр ӘЗБЕРГЕНОВАНЫҢ алдында тергеу кезінде жала жапқандығына өкініш білдірді.

ТЕРГЕУ ЖОРАМАЛЫ

Естеріңізге салсақ, тергеу жорамалы бойынша қор әуел бастан демеуқаржыларды иемдену мақсатында құрылған. Айыптау қорытындысынан үзінді: «Жеке мақсатта оңай олжа табу үшін,2007 жылдың 7 ақпанында Атырау облысының әкімі Б.С. РЫСҚАЛИЕВ «Атырау облысы бойынша құрылыс департаменті» Мемлекеттік мекемесіне демеушілерден ақшалай қаржыларды жинау үшін «“Бизнес-Көмек” Мемлекеттік әлеуметтік жобаларды қолдау қорын» (әрі қарай - қор) құруға нұсқау берген. Әуел бастан қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым) бақылауындағы кәсіпорын арқылы қаржы жымқыруды жоспарлаған. Рысқалиев Б. ДӘУКЕНОВКЕ өкілеттігі арқылы Атырау облысында тіркелген және жұмыс істейтін жергілікті және шетелдік компаниялардан демеуқаржылар жинау үшін қолайлы жағдай жасауға, сонымен қатар жиналған ақшалай қаржыларды бақылаудағы ұйымдардың есеп-айырысу шоттарына аударуға нұсқау берген. Қылмыстық жоспарды жүзеге асыру үшін Дәукенов бухгалтерлік есеп жүргізу саласында арнайы білімі бар және «Бизнес-Көмек» қорының есепшісі болып табылатын Г.Әзбергенованы қатыстырып тартқан. Ол қылмыстық пиғылдан хабардар болып, қылмыстық сипатты және қызмет ауқымын ұғына отырып, өз келісімін берген және қылмыстық қауымдастық (қылмыстық ұйым) құрамындағы қылмыстық топқа кірген.

Әрі қарай Р.С.ӘЛБАҚАСОВ өзіне берілген қылмыстық рөлді атқара отырып, қылмыс жасауға өз танысы А.Әбілғазинді тартқан. 2007 жылдың наурызында Б.С.Рысқалиев басшылық еткен қылмыстық қауымдастық мүшелерінің қылмыстық пиғылдарынан бейхабар болған Әбілғазин, олардың заңға қайшы мақсаттарына күмән келтірместен, ұсынылған лауазыммен келісіп, облыстық әкімдіктегі жиналыстарда шетелдік компания өкілдерінің, кәсіпорын басшылары мен жеке кәсіпкерлер алдында сөз сөйлеп, Сатыбалдиев-Әлиев көшесінің бойындағы көпір құрылысы және басқа мақсаттар үшін демеушілік көмек көрсету туралы хаттар жолдау арқылы Рысқалиевтың нұсқауы бойынша қорға басшылық ету міндеттемесін және қордың есеп-айырысу шотына ақшалай қаржылар жинауды өз мойнына алады.  

Алдын ала жоспарланған сызба бойынша әрекет еткен Рысқалиев ақшалай қаржыларды жымқыру мақсатында Әлбақасов арқылы Әбілғазинге өзінің бақылауындағы “АтырауСтройТрестLTD” ЖШС-мен мердігерлік келісімшарт жасау керектігі туралы нұсқау береді. 2008 жылдың 15 қыркүйегінде қор директоры Әбілғазин “АтырауСтройТрестLTD” ЖШС-мен 105 000 000 теңге сомада Атырау қаласындағы Жайық өзені арқылы Әлиев-Сатыбалдиев көшесінің бойымен салынып жатқан көпір өткелінің маңындағы газ құбырын көшіру туралы мердігерлік келісімшарт жасаған. Содан кейін Рысқалиевтың нұсқауы бойынша «Бизнес-Көмек» қорының есеп-айырысу шотынан “АтырауСтройТрестLTD” ЖШС-не ақшалай қаржылар аударған. Бұл жерден белгісіз жағдайда ақшалай қаржылар қолма-қол ақшаға айналдырылып, ұрланған.  

Кейіннен 2009-2011 жылдардағы кезеңде қорға демеушілік көмектен 479 453 110 теңге жиналған, соның ішінде аталмыш кезеңде облыстағы шаруашылық субъектілерінен демеуқаржы түрінде Атырау қаласынан мешіт, көпір және басқа да әлеуметтік нысандар салу үшін 264 956 960 теңге түскен.

2011 жылдың қарашасында қылмыстық қоғамдастыққа (қылмыстық ұйымға) басшылық ете отырып Рысқалиев сеніп тапсырылған ақшалай қаржыларды әлденеше рет, аса ірі мөлшерде жымқыру мақсатында ұйымдасқан топтардың басшылары Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Дәукеновке, Әлбақасовқа және қатысушылар Т.Г.ЖИЕНБАЕВҚА, А.С.СҮЛЕЙМЕНОВКЕ аталмыш ақшалай қаржылардың 222 650 000 теңге сомадағы бөлігін “АтырауЭкоИнвест” ҚБ-на қайтарымсыз демеуқаржы ретінде аударуды жүктеген.   

Ақшалай қаржыларды игеру үшін Рысқалиев Дәукеновке, Жиенбаевқа қайтадан “АтырауЭкоИнвест” ҚБ-нің есеп-айырысу шотынан Сүлейменовке тиесілі өз бақылауындағы “СнабОйлСтрой” ЖШС-не ақшалай қаржыларды аудару туралы нұсқау береді. Дәукеновтің, Әлбақасовтың нұсқауларын орындаған есепші Әзбергенова өз әрекетінің заңға қайшы екенін ұғына отырып, Әбілғазиннің Жиенбаевпен бірге “СнабОйлСтрой” ЖШС-де 01.11.2011 жылы №31 шотқа сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалғаны туралы қолы қойылған “АтырауЭкоИнвест” ҚБ-нің есеп-айырысу шотынан 222 650 000 теңге аудару туралы төлем тапсырмасын әзірлеген.

Әрі қарай ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысушылар «Бизнес-Көмек» қорынан алынған 202 650 000 теңгені (20 млн айырмашылық, неліктен екені белгісіз, «АтырауЭкоИнвесттің» шотында қалды - автордың ескертпесі) қолма-қол ақшаға айналдырып, иемденген.

Ұрланған сома әрі қарай Әлбақасовқа және қылмыстық қоғамдастықтың басшысы Рысқалиевқа берілу үшін және қатысушыларға бөліну үшін ұйымдасқан топтың белсенді мүшесі Сүлейменовке берілген.

Қылмыстық қауымдастық қызметінің нәтижесінде осы келісім бойынша мемлекетке жалпы сомасы 307 650 000 теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірілді».

Естеріңізге салсақ, алдыңғы отырыстар барысында қордан 2008 жылға дейін де ірі сомада түрлі жалған компанияларға ақша аударылғандығы айтылған еді: 76, 132, 56 миллион теңге… Жалпы мөлшерде қорға 860 миллион теңгеден астам қаржы түскен. Қазір қалдық қаржылары бар қордың есепшотына тыйым салынған.

«ТҮРМЕДЕ БІР ЖЫЛ КҮТТІМ»

Азамат ӘБІЛҒАЗИН.Азамат ӘБІЛҒАЗИН.Әзбергенова қор қаржысын ұрлау бойынша өзінің қазіргі «ҰҚТ-ға белсенді қатысушы» кейпіне түскені үшін Әбілғазинге «борышты» екендігіне сенімді. Ал ол өзінің соңғы, алтыншы рет берген жауабында кенеттен Әзбергенованы қорға есепші ретінде Рысқалиевтың күйеу баласы Әлбақасовтың ұсынғанын есіне түсірді. Ол Дәукеновпен бірге қордан жеке компанияларға ақша аудару туралы тікелей бұйрық беріпті. Осы мәселе бойынша Әзбергенова Әбілғазинге бірнеше сұрақ қойды:

– Сіз басшы болып, сізге тапсырма берсе, Дәукеновтің маған тікелей бұйрық беруінің қандай мәнісі бар?

– Білмеймін.

– Ақылға қонбайды, солай ғой?

– Неге ақылға қонбайды дейсіз?

– Олай болмаса, түсіндіріңізші.

– Мен жауап бердім.

– Сіз жауап бермедіңіз, тек өтірік айтып тұрсыз.

Мен айқындағым келеді, – деді Әзбергенова сотқа бұрылып. – Әбілғазин мен рәсімдеген «АтырауЭкоИнвест» ҚБ-не 222 миллионтеңге төлем тапсырмасына қол қойған кезде, ол атаған Әлбақасовтан да, Дәукеновтен де ешқандай қоңырау түскен жоқ. Мен де оларға соққан жоқпын. Істе қоңыраулардың егжей-тегжейі бар, мына жолдастан басқа (Әбілғазинді көрсетіп) мен ешкіммен байланыста болған жоқпын. Қазір ол үшін ең бастысы – түрмеге отырмау!

Әрі қарай Әзбергенова соңғы жауап алу кезінде Әбілғазиннен айыптың алынып тасталғанына, оған қатысты қылмыстық істің тоқтатылғандығына, оның күдіктіден куәгерге айналғандығына соттың назарын аудартты.

Менің саған қалай жұмысқа орналасқанымды айтшы, Азамат. Сенің арқаңда мен осы жерде бір жылдан бері отырмын. Мен саған бұрын сенің қарауыңда жасаған құрбым арқылы келгенмін. Қазір оған қатты қысым көрсетіліп жатқаны сондай, ол сотқа келуден бас тартып отыр. Сен неге осыны айтпайсың? Сенің үркіп қалғаныңды түсінемін. Мен Әлбақасовты білмеймін де, неге мені аяқтан шаласың? Сенің сол жерде жазғаның үшін мен бір жылдан бері отырмын. Сенің менің көзіме қалай қарайтыныңды бір жыл бойы түрмеде күттім. Ал сен тіке қарай алмайсың, мен сені түсінемін, өйткені сен өтірік айтып тұрсың.

– Қарағым келмейді, – деп ат-тонын ала қашқан Әбілғазин сотқа қарап: – Менің жауап бермеуіме бола ма? Берген жауаптарымда бәрі айтылған, мен бәрін соңғы алынған жауапта баяндадым...

Алайда сотталушы айтқанынан қайтпады, ал судья оны қолдады. Куәгер берген жауабын қайталады:

– Әлбақасовтың нұсқауымен мен штаттық кестені бекіттім. Ол: міне жақсы есепші деді.

(Айтпақшы, сол күні осындай өтінішпен оған құрылыс департаментінің бұрынғы бастығы Тұрланбек Жиенбаев та шықты: – «Сіз неге өтірік айтасыз? Менің бетіме қараңыз!». «Сіздің бетіңізге қарағым келмейді», – деп жауап берді Әбілғазин).

Әзбергенова жалғастырды:

– Маған дейін сіздің қорыңызда жеті ме, әлде сегіз бе есепші болды. Сіз маған Әлбақасовтың танысы ретінде көп жалақы төледіңіз бе?

– Жоқ, жалақы аз болды, 25-30 мың теңге.

– Бері қараңыз, – Әзбергенова оған қарай парақ қағаз ұсынды.

– Қарағым келмейді, – деді Әбілғазин тағы да бас тартып.

– Бұл қарапайым таза бланк. Мұндайды кез келген адам толтыра алмайды. Есеп-айырысу шотындағы бір цифрдан, атауынан қате кететін болса, қабылданбайды. Ол банктен өту үшін тағы не керек?

– Мөртаңба мен қол.

– Мөр мен қол қою құқығы кімде болды?

– Менде.

СЕНАТОР БӘРІН ТЕРІСКЕ ШЫҒАРДЫ

Басқа куәгерлерді (негізінен «Бизнес-Көмек» есепшотына едәуір сома аудару фактісін растаған компания басшыларынан) тергеу кезінде, Әбілғазиннен аз ғана үзілістермен қатар бір апта жауап алынды. Оның әр жауап алдында ұзақ кідіріспен жауап беруі сот қатысушыларының әжептәуір наразылығын тудырды. Әсіресе «жауап беруге қиналамын», «жаңылысып кеттім», «барлық жайтты білмеймін», «есімде жоқ» немесе «есіме түсіруге тырысамын» деп жиі айтқан сөздері қатты реакция тудырды. Ақыры төрағалық етуші судья Гүлнәр ДӘУЛЕТОВА оны қорқытып:

Куәгер, бұл жерде адам тағдыры шешіліп жатыр. Жауаптан жалтармаңыз, әйтпесе, сіздің жауапкершілігіңіз туралы мәселе қойылады, - деді.

Сотталушылар, бірнеше адвокаттар сотта жауап алу кезінде және тіпті, залда отырған бақылаушылардың кейбіреуі үзіліс кезінде Әбілғазинге «өтірік айтпай», «қалай болғанын айтуға» шақырды. Сонымен қатар оның қылмыстық жауапкершіліктен босатылу әділеттігіне күмән келтіріп, тергеу органдарымен келісім жасаған деп атады. Ал Әзбергенова соңғы және оның алдындағы жауап алдында Әбілғазин пара берді деген болжамын естіртіп айтты.

– 64-том, 108-бет – сіз мені жұмысқа өзім алдым дедіңіз. Кейінірек, сол күні, сізден айыптау алынатындығы туралы қаулы шығарылған кезде, кенеттен маған және басқа адамдарға қатысты абзац қосылады. 28 наурызда, соңғы жауап алу кезінде мені Әлбақасов ұсынды деп қосып айтудың не қажеті болды?

– Менен анағұрлым толық, егжей-тегжей ақпарат беруімді сұрады. Мен сосын айттым, – деді Әбілғазин.

– Сенен жауап алынғанда тергеуші мұндай сұрақтар қоймаған, сен өзің осылай баяндағансың.

– Осы сұрақтың анағұрлым терең мәнісін ұғындым, сондықтан мәліметтер бердім.

Бұл абзацты сенен біреу сенің бостандығың үшін сатып алды, біреу осылай нақтылау жаса деді, мұның бәрінің себебі болу керек қой! – деп шыдамай айқайлап жіберді Әзбергенова. – Сен сауатты адамсың, сен осы жерде әрбір сөзіңді таразылап отырсың. Бес рет жауап бердің, алтыншысында кенеттен есіңе түсті ме... 

Өзін-өзі қолға алған Әзбергенова сотқа осы тұрғыда тергеу дәлелдерінің шындыққа сай келмейтінін, оның Әбілғазинді жауапкершіліктен босатып, оның орнына өзін жауапкершілікке тартып отырғанын мәлімдеді.

Менің ақшам да, қамқоршыларым да жоқ. Сен пара бердің деп болжап отырмын, әйтпесе, тектен-тек қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайсың. Бұл жерде органдардың мүддесі көрінеді. Соттан істі қосымша тергеуге жіберіп, Әбілғазинге қатысты қылмыстық қудалауды қайта қозғауды сұраймын, – деп өтініш білдірді ол сотқа.

Сол 28 наурыздағы өз жауабында Әбілғазин облыс әкімінің бірінші орынбасары Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВТІ (қазір ҚР парламенті сенатының депутаты)деатап өтті.

– Еңсегенов сол кезде облыс әкімінің бірінші орынбасары болды (2008 жылға дейін), қандай да болмасын нұсқау берді ме? – деп сұрады прокурор.

– Ол Әлбақасовқа жіберді.

– Алайда 28 наурызда сіз «Эра» ЖШС мен «АтырауСтройЛТД» ЖШС арасында қаржы аудару Еңсегеновтің мақұлдауымен жүргізілді деп жазыпсыз, - деп оның есіне салды.

– Ол мені Әлбақасовқа жіберді деп түсіндім, – деп түсіндірді куәгер.

Ал тергеу кезінде куәгер ретінде жауап алынған Еңсегенов мұндай тапсырма бергендігін жоққа шығарды. Қазіргі сенатордың Атыраудағы сотқа жауап алуға шақырылатындығы туралы ақпарат әзірге жоқ.

«МАҒАН ШЫНЫҢДЫ АЙТШЫ, АЗАМАТ»

Әзбергеновадан кейін Дәукенов сөз сұрады:

– Азамат, сенімен төрт жыл бірге жұмыс жасадық. Бізді аса ауыр қылмыс жасады деп айыптап отырғанын қаперіңде ұста. Бұл жерде төрт әйел мен басшы ретінде мен отырмын. Егер сен шыныңды айтсаң, бүкіл шындықты айт. Тіпті қазір Әзбергенованың сұрағына өтірік айттың(сұрақ қордың алдыңғы есепшілеріне байланысты болатын). Олардың бірі Еңсегеновтің(ол Астанаға Рысқалиевтың бірінші орынбасары лауазымынан көтеріліп кетті, оның орнына Дәукенов келді) туысы. Сен бұл туралы білдің, неге сотқа айтпайсың? Сен өзіңнің жеке мұқтаждығың үшін қордан ақшалай қаржылар жұмсадың ба, жалақыдан басқа пайдаланып көрдің бе? 

– Ондай болған жоқ, әкім егер бір тиын ұрланса, басымызды жұлатынын айтты, - деп жауап берді Әбілғазин.

– Жеке көлігің болды ма?

– Болған жоқ.

– Иә… – деді көңілі қалған Дәукенов. Оқуыңа жұмсадың ба?

– Менің бір ғана білімім бар.

– Ең болмаса тойыңа сұрадың ба?

– Мен кейін сұрақ қоя аламын ба? Мен де бірдеңе айтқым келіп тұр, - деп Әбілғазин жауап орнына судьяға сұрақ қойды.

– Жауап беріңіз, – деп Әбілғазинге бұйрық бергендей болды Дәукенов.

– Бұл адамды басшы ретінде қатты құрметтедім, – деді Әбілғазин оның мысы басып. – Бірақ бұл өте ұнамсыз, лас сұрақ. Иә, мен қарыз ретінде сұрадым, өзім кіріп шықтым.

Жақсы, бұл туралы айтпай-ақ қояйық, – деп келісті Дәукенов. Мен өзім қордан жеке мақсатқа жұмсадым ба, осы қаржыны жеке мүддем үшін пайдаландым ба? Сен көп білдің. Мен өз қызмет кабинетіме бір нәрсе, мәселен, ноутбук алуды сұрадым ба?

– Мұндай тапсырма болған жоқ, – деді Әбілғазин, содан соң: – Сіздің жалақыңыз жақсы ғой, мұндай затқа сұраудың қажеті қандай?

– Егер сен соңына дейін адал болсаң, сотқа айт, мен қайырымдылыққа қолдау көрсеттім.

– Иә, төрт жыл бойына мен азық-түліктер сатып алып, «ауған» сарбаздарының отбасыларына апарып бердім. Ай сайын 50 мың теңгеден бердік. Меніңше, бұл туралы осы жерде айтудың қажеті жоқ. Бұл сауап деп аталады.

– Мәселе онда емес, мен оларды саған қай ақшадан бердім?

– Өз қалтаңыздан бердіңіз.

– Есіңде болсын, сен осымен өмір сүресің, – деп ескертті Дәукенов бұрынғы бағыныштысына.

– Келісемін – деп жайбарақат жауап берді Әбілғазин.

Жауап алу барысында қорда жұмыс істеген жеті жыл ішінде Атыраудағы жалдамалы пәтеріне ол үшін Әлбақасовтың ақы төлеп, сонымен қатар ай сайын 50 мың теңге қолма-қол ақша төлегендігі анықталды. 

– Қордағы менің жалақым 95 мың теңге болды, одан көтеруге рұқсат бермеді, – деп Әбілғазин осы ақшаның мәнісін түсіндірді.

БОЛДЫ, БОЛМАДЫ, ІЗДЕДІМ, ТАППАДЫМ

Бірінші жауап алу барысында куәгерлер мен адвокаттар Әбілғазиннен маңызды құжаттардың түпнұсқаларын: қордан аудару туралы тапсырма хаттар, олар тапсырған құрылтай құжаттардың және олар тіркеген мекемелердің мөртаңбалар тізімдемесін және т.б. ұсынуды өтінді.

– Іздедім, таба алмадым, – деп жауап берді ол.

– Сіз ірі сомалардың бірін Жиенбаевтың хатының негізінде аударыпсыз-мыс. Өткен отырыста сот сізге оның түпнұсқасын әкелуді міндеттеген еді.

– Мен оны таба алмадым, бірақ хат болды, – деп Әбілғазин айтқанынан қайтпады.

Дәлелдеңіз, – деп талап етті адвокат.

Тағы бірнеше дәйектерден кейін және өзіне тән ұзақ үзілістен соң Әбілғазин:

– Ақша аудару туралы Жиенбаевтың хаты болған жоқ, - деді.

– Қолтаңба үлгілерінен басқа, дыбыстық құпия сөзді қолдандыңыз ба?

– Оның не екенін білмеймін.

Бұған жауап ретінде адвокат хаттамалардың бірінде Әбілғазиннің банктерден есепшоттар ашқандығы, дыбыстық құпия сөз пайдалану жөніндегі өтініші бар екенін еске салды.

ТӘУБЕГЕ КЕЛУ

Әбілғазинге жауап алған күндердің оңайға тимегені айдан анық еді. Адвокаттың кезекті сұрағына жауап ретінде ол ашу үстінде: «Неше күн бойына мені осы жерде жан-жақтан тартқылап жатыр. Маған неге бір сұрақты қоя бересіздер?!» деп айтып қалды. Соттағы қатты қысым салдарынан ба, әлде өкініштің әсерінен бе, бейсенбі күні, сотқа қатысқан бесінші күннің соңына таман ол өзіне сөз беруді сұрады. Бұл осы процестің кезекті кішкене ғана сенсациясына айналды. 

- Осы сәтті көптен күткен едім, мүмкіндік қазір туып отыр. Университетті бітірген соң Қарулы күштерде үш жыл қызмет еттім. Ол жерде көптеген жақсы адамдарды кездестірдім, тамаша ұстаздарым болды. Олар мені көп нәрсеге үйретті, адал өмір сүруге, өз атыма сай болуға тырыстым. Бұл, әрине, жеке басымның шаруасы. Бірақ менің бұрынғы басшыма сұрағым бар, - деді Әбілғазин Дәукеновке бұрылып. – Болат Асылұлы, сіз мені жақсы білдіңіз. Сіздің барлық нұсқауыңызды орындадым, көп нұсқау берілді. 2005 жылдан бастап жеті күннің 24 сағатында тәулік бойына жұмыс істедім. Басшылық міндеттеген бүкіл тапсырмаларды орындадым. Мені жазғырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Адами тұрғыдан, ар-ождан үшін сұрағым келеді. Шынымен де, «АтырауЭкоИнвестке» және әрі қарай қаржы аудару жөніндегі сіздің тапсырмаңызды орындадым ғой? Бір жерді басып жүреміз, әрі қарай жүзімізге қарауға ұят болмас үшін, жәй естігім келеді. Егер қандай да болмасын ескертулеріңіз бар болса, маған қазір айтуыңызды өтінемін. Сондай-ақ, Әзбергеноваға қатысты айтылғанның бәрі жалған екенін айтқым келеді.

- Ооо, - деп гулеп кетті залдың іші. – Міне, керегі осы…

- Менің қаржы полициясына берген жауаптарым қылмыстық қудалау органдары тарапының қысымынсыз, қылмыстық жазадан қорыққандықтан берілді. Жауапкершілік туралы бүкіл құжаттарға куәгер ретінде қол қойдым. Бірден айтайын, Әзбергенова шынымен де жұмысқа одан бұрын болған есепші арқылы қабылданды. Бұрынғы есепші негізгі жұмысындағы жүгі көп болғандықтан жұмыстан шығып кетті. Ол Әзбергенованы ұсынды, мен оған хабарластым. Оған дейін бұл кісіні білген жоқпын, тек Жеңіс саябағында кездестіргенмін. Әлбақасовты ол мүмкін сол жерден көрген шығар, бірден айтайын, ол Дәукеновті білмейді. Оған жұмыс ұсындым. Ол бәрін ретке келтірді, оның тарапына ескерту жоқ, ол жұмысын тамаша атқарды. Менің айтқым келгені осы еді.

Залдағылар қол шапалақтап, әлдебіреу: «жарайсың!», «жігіт екенсің!» деп айқайлап жіберді.

- Жиенбаевқа келер болсақ, иә, мен бәрін әзірледім де, оған қол қоюға апарып бердім. Тұрлан, сен білесің ғой. Иә, мен сөзімнен тандым. Кім сөзінен танбайды? Мен тергеу кезінде айттым ғой: шеф саған апаруды бұйырды, сен қолыңды қойдың ғой, - деді ол Жиенбаевқа қарап. – Менің міндетім орындалды, мен төлемді, мөртаңбаны әкелдім, несін жасырайын, сен қолыңды қойдың, мөрді соқтық. Банкке төлем тапсырмасымен өзім бардым, Тұрланның өзі өтінді.

Мойындағаннан кейін Дәукенов бірден сөз алды:

– Азамат, мен саған ең басында бүкіл шындықты айтуды өтінген едім, енді сен бар шындықты айттың. Мен сені кешіремін.

- Рахмет, - деп жауап берді Әбілғазин.

Содан соң Әзбергенова:

- Менің бұдан бұрын берген өтінішімді (Әбілғазинге қылмыстық қудалауды қайта қозғау туралы) осы мәселенің шешілуіне орай қайтарып алуды өтінемін. Енді мұның қажеті жоқ. Мойындағаныңа рахмет, бұл да үлкен қадам, - деді ол куәгерге қарап. – Мен сені кешіремін, Азамат.

Осы мойындау жауабынан кейін Әзбергенованың адвокаттары Райхан АЙТЕНОВА мен Бақберген АЙТМАМБЕТОВ сотқа жаңа өтінішхат беретін болады.

Біз Әзбергеноваға салынған тыйым салу шарасын үйқамаққа немесе басқа жаққа кетпеу туралы қолхатқа өзгерту туралы өтініш бермекпіз. Бұл эпизод бойынша оның ҰҚТ-ға қатысы жоқ екендігі және оның осы қылмысты («Ұрлық») жасауға қатысы жоқ екендігі дәлелденді, - деді Айтмамбетов.

*         *         *

Бүгін, 16сәуірде Әзбергенованы жазалау шарасы өзгерді – ол тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды.

Естеріңізге салсақ, ол экс-әкімнің ісі бойынша өтіп жатқан бес адамның ішіндегі жалғыз ғана тергеу изоляторына қамалған әйел. Қалғандары үйқамаққа алынған немесе басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішхатты Әзбергенова бірінші отырыста берген еді, алайда сот ол өтінішті қабыл алмады. Ол аштық жариялайтындығы туралы мәлімдеме жасап, оны бір айдай ұстады. Кейінірек тағы екі өтінішхат берді. Мұның соңғысын адвокаттар 10 сәуірде өткен шешуші отырыстың қарсаңында берген еді.

Әбілғазин «“Бизнес-Көмек” мемлекеттік қоры» топтамасы бойынша тергеу барысында Әзбергеноваға жала жапқанын мойындады. Алайда Әзбергенова экс-әкімнің ісі бойынша өтіп жатқан басқа ЖШС-лердің есепшісі ретінде басқа айыптау топтамаларында бар.

Гүлнәр Әзбергенова 2013 жылдың 19 ақпанында қамауға алынып, түрмеде 14 ай уақытын өткізді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

15 сәуір 2014, 18:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.