Атырау, 25 қараша 02:33
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Экс-әкімнің ісі. Қор көмекке келеді

5 008 просмотра

Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар ӘБДІРОВ пен Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар ӘБДІРОВ пен "Атырау облысының құрылыс басқармасы" ММ бастығының бұрынғы орынбасары Ибрагим ӘМІРОВ сотта. Сот тыңдауы барысында «Бизнес-Көмек» әлеуметтік жобаларды қолдау мемлекеттік қоры топтамасы бойынша басты куәгерлердің бірі – қордың бұрынғы директоры Азамат ӘБІЛҒАЗИННЕН жауап алынды. 

ІЗГІ ІСТЕР ҮШІН! 

Қор ресми түрде облыс әкімінің бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ тапсырмасы бойынша 2006 жылы құрылған. Формалды түрде Қор Әлиев пен Сатыбалдиев көшелерін жалғаған Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысын қаржыландыру үшін демеуқаржыларды шоғырландырған. «Көпір салу кезеңдері» аяқталған соң бизнестен игілікті жаңа іске – Алмагүл ықшамауданынан мешіт салу үшін ақшалар тарта бастаған. Әбілғазин қордың қайырымдылық істерімен айналысқанын сотқа мәлімдеді: 

- Біз әкімнің қабылдауы арқылы, «Нұр Отан» арқылы жүгінген жандарға қол ұшын бердік. Пәтер жалдап жүрген, сырқаттанған жандарға және аз қамтылған отбасы балаларының шетелдегі оқу ақысын төледік, осындай шығындар болды. Мен оларға қаржылай қолма-қол ақшамен көмектестім. Бәрі де қолма-қол ақшамен алуға тырысты. Мен басшыға сыйақы ретінде өткізіп, қолхат алдым, содан соң төленген ақшадан салықтар төлеп отырдым. 

Алайда факті бойынша жиналған қаржылардың басым бөлігі жалған мекемелер арқылы Рысқалиевпен үлестес (аффилирленген) компаниялардың есепшотына кетіп жатты. 

Қорды облыстық әкімдіктің қаржы департаментінің құрғанына қарамастан, іс жүзінде қор облыс әкімінің күйеу баласы Рүстем ӘЛБАҚАСОВҚА бағынышты болды, деп растайды Әбілғазин. Алайда бұл еш жерде ресми түрде белгіленбеген: 

- Мұны облыс әкімі айтты, қорды тіркеген кезде оған сөзсіз бағынуға бұйрық берді. 

Әбілғазин Әлбақасовпен2005 жылы Ақтөбеде танысқанын айтады:

- «Аяжан» сауда маркілі «Трансмас» компаниясына заңгер лауазымы бойынша жұмысқа келдім. Алғашқы әңгімелесу ресми бас директоры Аманбек ӘЛИЕВПЕН өтті, алайда қожайын тарапынан Әлбақасов болды. Ол да әңгімелесу өткізді. Олар бір ғимараттың ішінде екі кабинетте отырды. Іс жүзінде компания ағайынды Бергей мен Аманжан Рысқалиевтарға тиесілі еді. «Трансмасты» 2006 жылы сатып жіберді. Алматыдан адамдар келіп, компанияны сатып алды. 

АЙТҚАНЫ ТУРА КЕЛДІ 

Азамат ӘБІЛҒАЗИН.Азамат ӘБІЛҒАЗИН.- Сіз «Қызметқұрылыс» ЖШС-не (Сатыбалдиев-Әлиев көпірін салу жобасының қосалқы мердігері, компанияны Әлбақасов құрған деген мәлімет бар –авт.) 132 миллион теңге аудардыңыз. Осы уақытта сізге көпір құрылысы бойынша тендер өткізіліп, оның жеңімпазының анықталғаны және көпір құрылысына миллиардтаған сомалардың бөлінгені белгілі болды ма? деп сұрады прокурор. 

- Әлбақасов конкурсты осы компанияның жеңіп алғанын, бірақ оның ақшасы жоқ екенін, оларға көмектесу керектігін айтты, -деп жауап берді Әбілғазин. Айта кетелік, ол осы тергеу жауабында айтқандай, сотта да іс жүзінде қорға Әлбақасов пен әкімнің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТІҢ билік еткенін, өзінің «сарбаз секілді» тек тапсырманы ғана орындағанын үнемі айта берді.  

- Егер мемлекеттік жоба мемлекет қаржысына салынған болса, онда бұл демеушілік көмектің қандай қажеттілігі болды? –деп сұрады прокурор. 

- Ол кезде көпір салынып жатты, ертеңгі күні не боларын қайдан білеміз? Салып бітіре ме, жоқ па, құрылыстың қарқынды жүріп жатпағандығы көрініп тұрған еді. Әлбақасов айтқан соң, оған қалай сенбейсің? Бәлкім, шынымен де ақша жетіспеген шығар, ол кезде құрылыс көп жүрді ғой, -деді Әбілғазин. 

Біздің газетіміздің мұрағатында бизнестің ерікті түрде жәрдем беру тәжірибесі туралы осынау даулы идеяға қатысты қызықты комментарий бар. 2007 жылдың ақпанында редакцияға Атырау қаласының атышулы бұрынғы әкімі, кәсіпкер әрі сол кезде оппозиционер болған Жалғас ТІКЕНБАЕВ хат жолдаған болатын. Біз бұл хатты жариялаған едік. Оның үзіндісі қор әдісін жақсы суреттейді: 

«Облыстық әкімдік әкімнің бірінші орынбасары Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВТІҢ төрағалығымен кәсіпкерлермен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері бойынша кеңес өткізіп, «Бизнес-Көмек» қорын ұйымдастырып, жаңа көпір құрылысы үшін ақша жинай бастады. Жақсы іс секілді, алайда егер осы шараныталдайтын болсақ, ол тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы бизнесмендерді бопсалауды еске түсіреді. Ол кезде пысықай тақыр бас жігіттер келіп, табысты бөлісуді ұсынып, әйтпесе қиындық туындайтынын айтатын еді. Осылайша, облыс әкімінің бірінші орынбасары (айтпақшы, бұрынғы прокурор қызметкері, заңдыұмытпаған шығар деп үміттенемін) ақшаны бөлісуді ұсынды. Сөзінің астарында, олай болмаған жағдайда проблема болады дегенді меңзеді. Бұл айтылмаса да, жүздері жабырқаңқы, жанарлары солғын тартқан бизнесмендердің көздерінен осыны ұғынуға болады. Алайда ең сорақысы: «Бизнес-Көмек» қорының басшысы Әбілғазин деген біреу дайын келісімшарттарды әкеліп, сол сәтте жиналыс үстінде облыс әкімінің бірінші орынбасарының түнерген көзқарасымен, бизнесмендермен келісімшарт жасай бастады. Яғни, өзі аралап, келісімшарттардың мәнісін түсіндіріп, қаржы бөлуді өтініп шыққан жоқ, облыстық әкімдік арқылы әрекет етті. Ол мынадай адамдар келісімшартқа қол қойғысы келмейді деп, сол сәтте шағымдануға дайын тұрды. Прокуратура құрылған «Бизнес-Көмек» қорына құқықтық баға беруі тиіс. Түскен қаржыларға кім билік етеді? Егер түскен ақша жетіспесе, әкімдік өз өкілеттігін асырып, ақша аударуға мәжбүрлей ме? Жиналған қаржының облыстық әкімдік айтып отырған ізгі мақсаттарға жұмсалатындығына кім кепілдік береді?». 

Тікенбаевтың болжамы дәл келді. Бизнестен ізгі істер үшін деген желеумен алынған жүздеген миллион теңгелер ақыр аяғында жекелеген есепшоттарға түсті. 

Естеріңізге салсақ, біздің жарияланымымыздан кейін «Бизнес-Көмек» қоры редакция мен Тікенбаевтың тигізген моралдық залалын 50 млн теңгеге бағалап, абыройы мен ар-намысын қорғау жөнінде сотқа талап арыз берген болатын. Алайда кешікпей Әбілғазин күтпеген жерден өз талап арызын қайтарып алды. 

БІР-БІРДЕН КІРДІ 

- Еңсегенов кеткен кезде (2008 жылы Рысқалиевтың бұрынғы бірінші орынбасары ҚР парламенті сенатының депутаты болды – авт.),оның орнына Дәукеновті тағайындады. Мен оған кіріп, өзімді таныстырдым. Ол уәде бергендердің ішінде бәрі ақша аударды ма, түгел аудармағандар бар шығар, ұмыт қалдырғандар бар болса, оларды тағы шақырайық деді. Мен оған тізімді бердім, ол сосын солармен хабарласты. 

Көпір салынып біткен кезде, облыстық әкімдік мешіт құрылысына ақша жинау туралы жаңа идея тастады. 

- Атырауда компаниялар көп. Мен компаниялардың тізімін әкеліп бердім. Ол (Дәукенов) таңдап, кімді шақырып, кімді шақырмау керектігін айтып, 40-50 компанияны белгілеп берді. Мен оларға қоңырау шалып, содан соң әкімдіктің атынан хат жазып, ресми түрде шақырдым. Өйткені мен қоңырау шалған кезде, ешкім де келмеді. Компанияларды алдымен акт залына жинады, содан соң олар бірінші орынбасардың кабинетіне бір-бірлеп кірді. Содан соң оларға «егер қаласаңыздар қатысыңыздар, мүмкіндіктеріңізше қаржыландырыңыздар» деді. Мен келісімшарттар жасап, алдын ала айтылған сомадағы ақшаның түсуін қадағаладым, бардым, қоңырау шалдым. Өйткені келісімшарт жасап, содан соң ақша аударудан бас тартқандар болды...    

- Жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) көрдіңіз бе? – деп сұрақ қойды прокурор.  

- Жоқ, бұл тек басы ғана, әзірге ақша жинау керек, ЖСҚ содан соң болады деді. Мен әкімдікке жер телімін бөлу туралы хат жаздым. Мешіт шынымен де салынады деп ойладым. Құрылыс департаментіне бардым, ол жердегілер де Алмагүл ықшамауданынан мешіт салу жоспары туралы естігендерін айтты.    

- Ең болмаса ЖСҚ жасау үшін тендер өткізілді ме

- Жоқ. 

- Қандай сома қарастырылды?

- Соманы ешкім айтқан жоқ, ақша жина деді. 

Айтпақшы, 2010 жылға қарай ашық қор ретінде жарияланған қор бірнеше адамдарға ғана бағынатын болды. Шамасы, әуел бастан-ақ, компанияның қамқоршылары тағайындаған депутаттар мен басшылар өз міндеттемелеріне формалды түрде қараған секілді: құрылғанына бір жыл толмай жатып қор қаржылары мемлекеттік мекемелердің емес, өз ережесі бойынша әрекет ете бастады.  

- Көптеген компаниялар қамқоршылық кеңесінде болғылары келмеді. Олар сіздерге ақша аудардық, әрі қарай қалағандарыңды істеңдер деді, -деп Әбілғазин мұны растады.  

- Демек, қамқоршылық кеңес болмады ма? 

- Формалды түрде болды, бірақ олар қол қоюдан, қатысудан бас тартты. 

- Яғни, әрі қарай бүкіл әрекеттерді өздеріңіз жасадыңыздар ма? 

- Бірінші орынбасар мен Әлбақасовтың тапсырмасы бойынша,- деді Әбілғазин тағы да заңсыз басшыларына сілтеп. 

«АТЫРАУЭКОИНВЕСТ» ПЕ? 

Қалалық мәслихаттың депутаты, куәгер Серік ЕРУБАЕВ.Қалалық мәслихаттың депутаты, куәгер Серік ЕРУБАЕВ.Бұл қоғамдық бірлестік былай құрылған екен: 2011 жылдың басында облысқа Корей Республикасынан ғалымдар мен ландшафт дизайнерлері келіп, билікке «Атырау – жасыл қала» тұжырымдамасын сыйға тартады. Идея өте тартымдыкөрінді. Әкімдік кәрістерді жылы қарсы алды, алайда қонақтар еш жауап ала алмастан кері қайтты, бас тарту себептерін ешкім түсіндірмеді. Өзара әріптестік «ауызбастырық» деп аталатын  Қазақстанның жаңа дәуір дәстүріне айналған кесел кесірінен болмай қалған секілді. Дегенмен, осы істі жүзеге асыратын қоғамдық бірлестік ашылды. 

- Корейлік делегация келгенде,  Дәукенов мені шақырып алып, қоғамдық бірлестік аш деп тапсырма берді. Мен «мұны жасайтын құқықтық бөлім бар емес пе?»- дедім, алайда маған «мұны тіркеумен тек сен ғана айналысуың керек» деді. Бас тарта алмадым. Сенімділік және ашықтық үшін мәслихат депутаттарынқұрылтайшы қылып алуымды бұйырды. Мен депутаттардың тізімін әкелдім, ол құрылтайшы болатындарын белгілеп берді де, «тіркеу жүргізуді баста» деді. Барлық ондепутаттың қолы қойылды. «АтырауЭкоИнвест» ҚБ төрағасы болып құрылыс департаментінің бастығы Тұрланбек ЖИЕНБАЕВ тағайындалды. 

- Күзде мені Дәукенов шақырып алып, кімнен қанша түсіп жатқанын сұрады. Мен 200 миллионға жуық жиналғанын айттым, ол барлығын «Экоинвестке» аударуды тапсырды. «Мешіт салуға жинап едік қой?»- деп сұрадым. «Экоинвестке!» - Егер қарсы келіп жатса (демеушілер), маған жібер, түсіндіреміз. Аудар тезірек, сұрақ қойма»,- деп бұйырды. 

Осылайша, 222 миллион теңге үш төлеммен ҚБ шотына аударылды. 

- «АтырауЭкоИнвестен» қаражат қайда және не үшін аударылды?-деп сұрады прокурор. 

- «Снабойлстройға» (компанияның артында халықаралық іздеуде жүргенАйбат СҮЛЕЙМЕНОВ тұр), дәл есімде жоқ, алайда ҚТҚ (қатты тұрмыстық қалдықтар)зауыты бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына аударылған сияқты,- деп жауап қайырды Әбілғазин. 

- «Бизнес-Көмек» қоры  мен «Атырауэкоинвест» арасында ресми құжаттар жасалды ма? 

- «Экоинвест» аударуыңызды сұраймыз деп хат жазды. Шарт жасалған жоқ.  

- Ақшаны кері қайтаруға әрекет жасадыңыздар ма? 

- Иә, мен Сүлейменовке телефон соқтым, алайда ол ірі кәсіпкер ғой, оны ұстау өте қиынға соқты, кеңсесіне барғанмын, ол жоқ болды.Төленбеген салықтарға байланысты шығатын шудан қорықтым, Дәукеновке, Жиенбаевқа кірдім, ақырында мені «Снабойлстройға» жіберді. Мен барлығын Айнұр деген қызға бердім (айыпталушы БАТЫРБАЕВА болуы керек). 

«Снабойлстрой» Әбілғазиннің қорынан бірнеше рет ақша алған. 

- Әлбақасов мені шақырып алып, «ҚазМұнайГаз» АҚ қорды қаржыландырғысы келіп жатқанын естігенін айтты. Хат жазуымды тапсырды. Мен Наурызға дайындықты қаржыландыруға көмектесу туралы хат жаздым. ҚМГ-дан қор шотына 8 миллион теңге түсті, мұны да Әлбақасовтың өкімі бойынша «Снабойлға» аудардым. 

ҚазМұнайГаз, сондай-ақ, қор шотына бесдене шынықтыру-сауықтыру кешенінсалу үшін 300 миллион теңге аударды. Қор бұл қаражатты «МұнайқұрылыссервисЛТД» ЖШС-ке (Анатолий ЛИ) аударды. 

- Мұнайшылар ақша үнемделсе, тағы да қаржыландыруға уәде берді және мен жұмыстан кетер алдында өз еншілес компаниясы – «Ембімұнайгаз» арқылы тағы да қаржы аударды. Нақты сомасы есімде жоқ (біздің мәліметтеріміз бойынша, тағы 300 миллионавтор).

- «МұнайқұрылыссервисЛТД»-ға ақша қалай аударылды? 

- Әлбақасов бұл компанияны жақсы білетінін, онымен қорықпай жұмыс жасай беруге болатынын айтты. Мен оларға алдын ала төлем – 60 миллион ба, 90 миллион ба, дәл есімде жоқ – аудардым. 

- Олар шарт бойынша міндеттемелерін орындады ма?- деп сұрады прокурор. 

- Мен жұмыстан кеткенше орындаған жоқ. Мәселе жоба жасауға келіп тірелді, олар ЖҚҚ-сыз жұмыс жасағылары келмеді, алайда материалдар сатып алынып қойылған болатын.  

- Сіз жұмыстан кеткенде, «Бизнес-Көмек» шотында қанша ақша қалып еді? (Әбілғазин, өзінің айтуынша, Рысқалиев отставкасынан 2-3 ай бұрын жұмыстан кеткен). 

- Мен барлық ақшаны депозитте ұстадым, сол уақытта депозит шотында 210 миллион теңге қалды. 

Әбілғазин өз құзіреттілігін әкімдік тағайындаған жаңа қор жетекшісіне тапсырды. 

«...СЕН ЕШКІМ ЕМЕССІҢ» 

Әрі қарай Әбілғазин адвокаттар жаудырған сұрақтарға жауап берді. 

- Өз құзіреттіліктеріңіздің лауазымдық шектерін кім белгіледі? Сіз тек Әлбақасов пен Дәукеновке сілтеме жасайсыз, өз лауазымдық құзіреттілігіңіз туралы неге айтпайсыз? Сіз тек Әлбақасов пен Дәукеновтың тапсырмасын орындауыңыз керек деп қайда жазылған? – деп сұрады қорғаушылардың бірі. 

- Мұның барлығы ауызша белгіленді,- деп жауап қайырды Әбілғазин. 

- Біз сіздің осы сөздеріңізге сенуіміз керек пе? 

- Мені тағайындағанда, бұл жерде сен ешкім емессің деп түсіндірді. Қағаз жүзінде директор болғаныммен, мен ештеңе шешкен жоқпын. Меніңбірнеше рет жұмыстан кеткім келді, бірақ қалай кетейін? Мен қарсы келе алмадым. Ол кезде жағдай мүлде басқа болды. Қазір заң жүзінде сұрақ қоюға болады. Сіз әкімді көрдіңіз бе, сөйлестіңіз бе, қандай адам болғанын білесіз бе?! –  деп қорғанды Әбілғазин. 

- Сізге алдымен қылмыстық іс қозғады және айыпталушы ретінде жауап алынды. Неге іс қозғалмады? 

- Қандай бап екені есімде жоқ. 

- Қылмыстық істе Дәукенов бір топ лауазымды тұлғалармен бірге сізге 222 миллион теңгені аударуға тапсырма берген деп жазылған. Сіз қор директоры ретінде қол қойдыңыз, шешім қабылдадыңыз. Алдын ала тергеу органдарымен әріптестік жасасаңыз, осы мәліметтер сіздің пайдаңызға қарай құрылады деген келісім болды ма, түсіндіріңізші? 

- Мен шешім қабылдаған жоқпын, мен орындадым. 

- Қор жарғысы мазмұнының заңнамаларға сәйкестігін  тексердіңіз бе? 

- Тексерген жоқпын, өйткені оны мемлекеттік-құқықтық бөлім жасады және ол әділет органдарына тіркелді. 

- Сіз жарғы баптары бір-біріне қайшы келеді деп айтқан болатынсыз. 

- Кейінірек оқыған кезде қарама-қайшылықтар бар екенін анықтадым, бірақ еш нәрсе жасай алмадым. 

- Қорыңызда ревизор қарастырылып па еді? 

- Ұсыныстар болған, бірақ бәрі сөз жүзінде қалды. 

- Қаржылық-шаруашылық қызметтеріңізге бақылаушы және қадағалаушы органдар ревизия, аудит, тексерулер жүргізді ме? 

- Біз қаржылық қызметіміз туралы есепті құрылтайшы органға тапсырдық. Ревизорлар келген жоқ. 

«Снабойлстройға» аударылған 222 миллион теңгеге салық төлеу қаржылық қарыздарынан құтылу үшін Әбілғазин «АтырауЭкоИнвест» ҚБ құрылтайшылық құжаттарын Айнұр Батырбаеваға, мөрді ҚБ төрағасы Жиенбаевқа тапсырады. Оның бұл мәлімдемесіне Жиенбаев отырған жерінен айқай салды: 

- Мен мөрді көрген де жоқпын, ол барлығын жақсы біледі, Аллах жазаласын сені! 

- Құжаттарды тапсыру туралы шарт жасалды ма?- деп сұрады Әбілғазиннен адвокаттардың бірі. 

- Тапсырма мен хат болды, хаттың көшірмесі менде, түпнұсқасы жоқ. Қайда екенін білмеймін. 

- Барлық құжаттар сізде болды, сіз басшы болдыңыз. Қалай дәлелдейсіз? Қолхат, түгендеу жүргізілді ме? 

- Болды. 

- Бәрі болды, бірақ қазір жоқ! – деп эмоцияға беріле таңғалды сұрақ қойған адвокат, алайда судья оған ескерту жасады. Дегенмен қорғаушылар сотқа «АтырауЭкоИнвест» ҚБ бойынша барлық құжаттарды тапсырғанын дәлелдейтін құжаттардың түпнұсқасын көрсету туралы өтініш білдірді. Өйткені Әбілғазин тек өзіндегі көшірмелерге ғана сілтеме жасап отыр. 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

6 сәуір 2014, 22:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.