Атырау, 26 қараша 18:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Игерілмеген қаржыға кім жауапты?

2 881 просмотра

Облыстық әкімдікте жылдың өткен бес айы ішіндегі қаржының игерілуі жөніндегі мәселе қаралды.

 

Облыстың бас қаржыгері Бауыржан ЖАНТЕМІРОВТІҢақпараты бойынша, облыс бюджетінің 60,4 млрд. теңгесінің бүгінде 59 млрд-ы игерілген. Игерілмеген қалдықтың көп бөлігі республикалық трансферттің үлесіне тиеді.

720 млн.облыстық құрылыс басқармасына тиесілі. Оның 401 млн. теңгесі канализациялық-тазарту құрылғысын салуға, 149 млн-нан астамы – «Бизнес-2020» бағдарламасының аясында Индер ауданында жол салуға, 139 млн-нан астамы – мектептер салуға, 30 млн-ы Құлсарыдағы аурухананы салуға арналған. Жантеміров осы нысандар бойынша құжаттардың дер кезінде дайын болмауы салдарынан қаржылар игерілмей қалып отыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрынғы бастық пен оның орынбасарлары өздеріне жауапкершілік алғылары келмей, құжаттарға қол қоймаған.

Өткен аптада тағайындалған басқарманың жаңа бастығы Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВКЕ бейнеттенуге тура келеді. Ол жұмыс қарқынын жеделдетуге уәде берді. Айтпақшы, құрылыс басқармасы – БАҚ үшін «жабық» болатын. Бұрынғы бастықтар мен олардың орынбасарлары ауызша сауалдарға түсінік бермей, жазбаша сауалдарға апталап жүріп жауап беретін. Жаңа бастық келген соң бұл жағдай өзгерер ме екен, оны уақыт көрсетеді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасы бойынша қалдық қаржы  44 млн. теңгені құрап отыр. Оның 25 млн-ы Махамбет ауданындағы газдендіру мен Қызылқоға ауданындағы электр жүргізу нысандарына арналған республикалық трансферт. Өткен жылдағыдай, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында «Бизнес-2020 Жол картасының» қаржылары игерілмей қалған. Алайда басқарма бастығы Дана ШАЙДІЛДИНОВАНЫҢ мәлімдеуінше, таяу уақыттарда бұл қаржы мақсатты қолданысқа жұмсалатын болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында да осы жағдай. Бұл жолы 324 млн. теңге болатын ауқымды республикалық трансферт игерілмеген. Б.Жантеміровтің айтуынша, бұған қаржыны аударып, тендер өткізуге асықпаған Денсаулық сақтау министрлігі кінәлі екен. Ал бұл миллиондардың мақсаты өте маңызды: медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алу, сондай-ақ гепатитті анықтау. Емдеу мекемелеріне 18 млн. теңгеге дәрі-дәрмектер жетпей қалған.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

9 маусым 2011, 17:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.