Атырау, 1 желтоқсан 23:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Ақиқатын айтайық

4 709 просмотра

«Ақ Жайық» газетінің 2011 жылғы 26 мамырдағы санында Асан Қуановтың «Пчелы против меда» атты мақаласы жарнамалық негізде жарияланған болатын. Осыған қатысты өз пікірімді білдіргім келеді.

 

Бар саналы ғұмырымда табиғатты қорғауға тікелей атсалысып, балық саласында жұмыс істедім. Қазір зейнеткермін. Алайда Каспий өңірін қорғау проблемасына бей-жай қарай алмаймын. «Пчелы против меда»  деген мақаланы оқып шыққан едім, оның авторының пікірімен мүлдем келіспеймін.

Қоғамдық тыңдауларда экологтар мұнай төгінділеріне әрекет ету базасының құрылысын салуға емес, оның Жайық өзені сағасындағы белгілі бір алаңға салынатындығына қарсы екендіктерін әлденеше рет мәлімдеген еді. Бұл экологтардың қыңырлығы емес. ҚР Экологиялық Кодексіне сәйкес базаның салынуына анализ жасап көрейін. «Табиғи ресурстарды пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар» деп аталатын 207-баптың 2-тармағына сәйкес, табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуына, тірі организмдердің генетикалық қорының жойылуына әкеп соғатын шаруашылық және өзге де қызметке тыйым салынады. «Жануарлар дүниесін жалпы пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар» деп аталатын 236-баптың 3-тармағының негізінде жануарларды қууға, олардың паналау орындарын және басқа да құрылыстарды қиратуға, жануарларды көбею кезеңінде мазалауға, жануарлардың тіршілік ету ортасын бұзуға және олардың көбею жағдайларын нашарлатуға тыйым салынады. ҚР Білім беру және ғылым министрлігінің зоология институтының және мемлекеттік «Ақ Жайық» резерваты орнитологтарының мәліметтері бойынша, Приморск каналының маңында Қызыл кітапқа енген құстар: қарабай, кішкене аққұтан, сыбырлақ аққу және т.б. құстар азықтанатын және ұя салатын жерлер бар екен. «Ақ Жайық» резерваты мониторингісінің мәліметтері бойынша, негізінен 2010 жылы Приморск каналында мекендейтін ондатр мен жанат тәрізді иттер саны 2 есеге азайған.

Басты себептердің бірі - қазірдің өзінде жұмыс бастауға рұқсат берілмесе де, құрылыс базасының маңындағы барлық канал аумағы қазылып тасталған. Тұтас бірыңғай экожүйе бұзылған. Қамыс-құрақтар сынып, биотүрлілік мекендейтін бүкіл жағалық аймақтар жыртылған. Ал ертеңгі күні кемелерді қоюға арналған шұңқырлар жасау үшін каналды тереңдетіп қазып, қойыртпақтарын жағаға шығарған кезде не болмақ? Ал ауа жастығындағы кемелердің шуылы ше? Сонда ол жерде жануарлар тіршілік ететін қандай жер болмақ?

«Елді мекендерді, кәсіпорындарды, темір жолдарды, автомобиль жолдарын, магистральдық құбырларды, электр беру және байланыс желілерін, каналдарды, бөгеттерді, өзге де құрылыстар мен объектілерді орналастыру, жобалау мен салу кезіндегі экологиялық талаптар» деп аталатын 237-баптың 2-тармағында, жануарларды және олардың тіршілік ету ортасын қорғау құралдарымен қамтамасыз етпей объектілерді пайдалануға беруге және технологияларды қолдануға тыйым салынады делінген. База пайдалануға берілген кезде жануарлар мен олардың тіршілік ету ортасын қорғаудың қандай құралдары болмақ? Құртшабақтар оқу-жаттығу кезінің өзінде кемелер кедергі келтіретіндіктен канал бойымен жүзу мүмкіндігін жоғалтады. Құстар мен балықтардың азығы боп табылатын бентос, планктон және құртшабақтар антропогендік қызмет нәтижесінде жоғалмаса да, оның саны әжептәуір азаяды. Сексенінші жылдардың аяғында балық қорғау қызметінің талабы бойынша, гидрофауна кеменің бұрандаларына түсіп қалып жойылатындықтан Жайық өзенінде «Заря» және «Зарница» секілді кемелерді пайдалануға тыйым салған еді. Ондатрдың бұзылған індерін кім қалпына келтіреді? Базаны салудан балық шаруашылығына тигізілетін зиян жобалаушылардың пікірінше 7,7 млн. теңге құрайды екен. Балықтардың уылдырық шашатын жерлерге жетуін жақсарту үшін осы каналды тереңдету жұмыстарына  тек 2006-2008 жылдары республикалық бюджеттен 200 млн. теңгедей жұмсалған. Ал тіршілік ететін жер жағдайының нашарлауы нәтижесінде жануарлар әлеміне (құстарға, ондатрға, жанат тәрізді иттерге) тигізілген зиянды тіпті ешкім де есептеген жоқ. Әрі қарай осы баптың 3-тармағына тоқталайық. «Кәсіпорындарды, құрылыстар мен басқа да объектілерді орналастыру, өндірістік процестерді жүзеге асыру мен көлік құралдарын пайдалану, пайдаланылмайтын, жағалау маңындағы, батпақты, бұта басқан аумақтарды шаруашылық айналымына қосу, жерлерді мелиорациялау, су объектілерін пайдалану кезінде жануарлар дүниесі объектілерінің тіршілік ету ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың өріс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерін сақтау  жөніндегі іс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, сондай-ақ жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасы ретінде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге қол сұғылмауы қамтамасыз етілуге тиіс».

Бүкіл Приморск каналы дерлік «Ақ жайық» мемлекеттік резерватында құрылған буферлік аймаққа кіретінін және халықаралық мәртебедегі жер-су алқаптарының Рамсар тізіміне енетіндігін айта кеткім келеді. Ал бізді құрылыс алаңы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аймағына кірмейді деп сендіреді. Сонда алаңды каналдан бөлек қалай қарастыруға болады? Жайық өзені мен теңіз бір-бірімен Приморск каналы арқылы өзара байланысқан және ешқандай да жекелей қаралмайды.

ҚР «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңының 80-бабының 1-тармағында «Өздерiнiң экологиялық жүйелерiнiң жай-күйi және өздерiнiң орналасуы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiмен байланысты және ел аумағының табиғи және мәдени ландшафтардың орнықтылығын, биологиялық саналуандығын сақтауды қамтамасыз ететiн кеңiстiк тұрғысынан алғанда өзара байланысып тұратын жер, су бетi және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгi учаскелерiнiң жиынтығын бiлдiретiн табиғи кешендер экологиялық желiнiң элементтерi болып табылады» делінген.

Осылайша Приморск каналы бір тұтас боп табылады және ол қорғалатын рамсарлық жер-су мәртебесіне ие. Құстар ұя салатын және жануарлар көбейетін жерлердегі әуе жастығында 3 кемені пайдалану, қыста мұз жаратын мұзжарғыштарды іске қосып, міндетті түрде үнемі оқу-жаттығулар өткізу жоспарланып отырғанын еске сала кеткім келеді. Солай бола тұра, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға шуыл бойынша нормативтер әлі жасақталмаған ба? Кемелерден шығатын шуыл мен діріл санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларда, гигиеналық нормативтерде белгіленген шудың жол берілетін шекті деңгейінен аспауға тиіс деп айтылған «Кеме жүзуіне қойылатын экологиялық талаптар» деп аталатын 267-баптың 7-тармағы бұзылған.

Меніңше бекіре тұқымдастардың шабақтары жүретін және олар өрістейтін Жайық өзенінің сағасын Каспий теңізімен байланыстыратын бес ағыстың біріндегі базаны салуға болмайды. Шабақтардың, соның ішінде бекіре тұқымдастардың кедергісіз жүруін кім қамтамасыз етеді? Приморск каналындағы биотүрлілік мекендейтін ортаны жақсарту үшін жұмсалған 181 миллион теңгені мемлекетке кім қайтарады екен? Базаны салу үшін бір бөлігі «Ақ жайық» мемлекеттік табиғи резерватының буферлік және қорғау аймағына кіретін және Рамсар жер-су мәртебесіне ие болған балық шаруашылығының су қоймасын  беріп қойып, халықаралық қоғамдастықтың көз алдында қандай күйде болмақпыз? Қазіргі кезде Жайық өзенінің барлық сағасы дерлік теңізден бөлініп қалған және тек қазылған бес тармақ қана сағаны Каспий теңізімен байланыстырып тұр. Приморск каналы  сол тармақтың біреуі.

Сөз соңында, ҚР Экологиялық Кодексінің «Теңіз деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының әсер ету аймағы шегінде шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар» деп аталатын 261-бап туралы айта кеткім келеді.

1. Теңіз деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының әсер ету аймағының нақты тіркелген шекарасы болмайды және ол шамамен акваторий шегінде минус 29 метр абсолютті белгіден құрылықтағы минус 26 метрге дейін жетеді.

2. Теңіз деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының әсер ету аймағы шегінде: мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды, техникаларға техникалық қызмет көрсету пункттерін, механикалық шеберханаларды, жуу орындарын елді мекендер шегінен тысқары жерде орналастыруға және салуға, қалдықтарды орналастыру орындарын ұйымдастыру мен жайластыруға, сондай-ақ судың сапасына теріс әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға тыйым салынады.

Әрекет ету базасы мен Приморск каналы құрлық-тан минус 26 метр белгіде орналасқан, яғни, ол толықтай Каспий теңізі деңгейінің желқума-желбөгет тербеліс әсерінің ығында болады.

Міне, жағдай осындай.

Н. Селянинова, зейнеткер, балық шаруашылығы саласының ардагері

9 маусым 2011, 16:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.