Атырау, 21 желтоқсан 13:26
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Асан Раушанов: «Спорт залдары көп болса, чемпиондар да көбейеді»

4 760 просмотра

Спорт залдарының жетіспеу мәселесін қалай шешуге болады? Осы және басқа да сауалдарға облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Асан РАУШАНОВ (суретте) жауап береді.

«ДСК-ЛЕР ТАҢНАН ТҮН ОРТАСЫНА ДЕЙІН БОС ЕМЕС»

-2007 жылы мен қалалық спорт бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Сол кезде спорт залдарының жетіспеушілігін былай шешіп едік: әкімдікке мектеп директорларын жинадық. Cабақтан тыс уақытта спорт залдарын спорт секцияларының жаттықтырушыларына беру керек деген ортақ пікірге келдік. Сол кезде 12 мектеп жаттықтырушыларға спорт зал есігін ашса, тағы 10-ы бюджеттік ұйымдар қызметкерлеріне жаттығу жасауға рұқсат берді.

Сол кезде де, қазір де залдар негізінен олимпиадалық емес спорт түрлеріне керек болды. Оларды, өздеріңіз білесіздер, мемлекет қаржыландырмайды. Ата-аналар жарнасы арқасында қызмет етеді. Біз олардың мәселелеріне көз жұма қарай алмаймыз, өйткені оларда көптеген адамдар жаттығу жасайды. Жаттықтырушылар тапқан ақшаларын спорт құралдарын алуға, балаларды жарысқа алып баруға жұмсайды.

Кейіннен «олимпиадалық емес спорт түрлері» қалалық қаржы бөлімі арқылы мектеп залдарын пайдаланғаны үшін символикалық ақша төлеп тұрды. Еш проблема болған жоқ, ешкім шағымданбады. Проблема биыл басталды: мектеп директорлары түсініксіз себептермен жаттығуларға залдарын беруден бас тартты. Мәселені шешуге тырысамыз, қалалық білім бөлімі басшылығымен сөйлесеміз. Спорт залдары көп жұмыс жасаған сайын, үлкен спорттық жетістіктеріміздің де артатынын түсінуіміз керек.

Бір қызығы, бұл тек Атырау қаласында ғана өзекті. Ауылдық округтар мен аудандарда спорт залдарын беруде еш проблема жоқ.

-«Олимпиадалық еместер» үшін қанша спорт зал жетіспейді?

- 15 зал керек. «Олимпиадалық еместермен» қатар қызметкер-лерінің денсаулығын ойлап, жұмыс-тан кейін жаттығуды қалайтын банктер, құқық қорғау органдары, бюджеттік ұйымдар да бар. «Атырау» және «Мұнайшы» ДСК-лерінде бос уақыт жоқ. Олардың басшылары жыл сайын ірі кәсіпорындармен спорт алаңдарын жалға беру жөнінде келісімшарт жасайды. Онда жаттығулар бірінен кейін бірі таңнан түн ортасына дейін бола береді. Сондықтан да біз қала әкімдігі мен қалалық білім бөлімінен көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз.

- Қазір облыс бойынша қанша спорттық нысан салынып жатыр?

-2015 жылы Атырауда тағы бір ірі ДСК салынады. Құрылыс орны әлі анықталған жоқ. Нұрсая ықшамауданындағы БЖСМ үстіміздегі жылы қолданысқа беріледі.

Осындай БЖСМ 2015 жылы Исатай ауданында салын-бақшы. Сонымен қатар, облыс аудандарындағы барлық стадиондарға қайта жаңғырту жүргізіледі. Сәуірде «Мұнайшы» стадионының футбол алаңындағы көгалды ауыстыру жұмыстары басталады. Бұл жердің көгалы 2002 жылдан бері жаңарған жоқ. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

Сондай-ақ, қала ішінде ипподром, футбол манежі және теннис орталығын салу жоспарымызда бар.

Биылдан бастап спорттық бағыттағы құрылыстарды жоспарлау барысында комиссияға біздің басқарманың да өкілі қатысатын болады. Барлық спорттық нысандарда бетонның үстіне ағаш еден салу керек. Едендер құлағанда соққыны жеңілдетеді және жарақаттану азаяды. Бұл артроз, артрит және омыртқа ауруларының алдын алу үшін де жасалады.

 

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

- Өңіріміздегі спортшылардың олимпиадаға қатысу мүмкіндіктері бар ма?

-Олимпиадалық циклдің тең жартысы артта қалды, Бразилияда өтетін Олимпиада екі жылдан кейін басталады. 2015 жыл олимпиадалық жолдамалар сарапқа салынатын негізгі жыл болмақ. Биыл біз олимпиада үміткерлерінің тізімін анықтап, лицензиялық жарыстарда жеңіске жетулері үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Үміткер қатарында Асхат Тельманов, Наурызбек Майлашев, Назгүл Құбашева (дзюдо), Гүлнафис Айтмұхамбетова (таэквондо) бар. Кейбір боксшылар мен еркін күрес палуандарында да жақсы мүмкіндіктер бар.

Биыл волейболдан, тоғызқұмалақтан, қазақ күресінен, заманауи бессайыстан, ату, панкратион және аралас айқастан бірнеше облыстық федерациялар құрылды. Атыраулық ауыр атлетика мектебін жаңа деңгейге көтеруді қолға алып жатырмыз. Бұл үшін Алматыдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жаттықтырушы Тахир Халматовты шақырдық. Ол өз шәкірттері 13 жасар Нұргелді Ноғайбек және 17 жастағы Анастасия Буроваямен бірге келді. Анастасия Қазақ туризм және спорт академиясының бірінші ашық чемпионатында жеңімпаз атанып, Атырауға алғашқы «алтынды» алып берді. Зілтеміршілердің базасы бұрынғыша Привокзальныйдағы 1-БЖСМ-де орналасқан. Қазір ол жерде облыстық ауыр атлетика федерациясының қаржысына жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Облыстық жеңіл атлетика федерациясын ашуды жоспарлап отырмыз. 2012 жылы БЖСМ-дердің бірінде жеңіл атлетика бойынша топ ашқымыз келген, алайда бастама көтерушілер қажетті спортшылар санын жинай алмады. Бұл жолы жеңіл атлетика топтарын қала мектептері базасында құратын боламыз. Жеңіл атлетика бұл тек жүгіру емес, биіктікке және ұзындыққа секіру, найза, диск лақтыру және т.б.

2007 жылы біз облыстық футбол федерациясының вице-президенті Эдуард Хисметуллинмен бірге футзалдан қала чемпионатын ұйымдастырдық. Алғашқы жылы 12 команда қатысқан, биыл 73 өтінім түсіп тұр.

 

ОСАЛ ТҰСЫМЫЗ – ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІ

- Спортшылардың толыққанды тамақтануын ұйымдастыруға қандай көмек көрсетесіздер?

-Жойылған қуатты толтыру қажет. Жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына баратын спортшыларға арнайы формула бойынша анықталатын ақша төленеді. Атап айтсақ, биыл ҚР чемпионаттары алдында дзюдодан, муай-тайдан, қазақ күресі мен самбодан облыстың жасөспірімдер және жастар құрамалары мүшелері үшін екі кезеңдік оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Құраманың барлық мүшелері Жилгородоктағы «Інжу-маржан» шипажайында демалып, тамақтанды. Нәтижесінде көпшілігі ел чемпионатында үлкен жетістіктерге жетті.

-Үстіміздегі жылы қандай жоспарларыңыз бар?

- Біздің осал тұсымыз – қысқы спорт түрлері. Біз мәнерлеп сырғанауға, хоккей мен шорт-тректі дамытуға күш саламыз. Шорт-тректі дамыту үшін Астанадан жоғары білікті жаттықтырушы шақырамыз.

БЖСМ жанынан балалар хоккей тобын ашуды ойлап жүрміз – мұны облыстық спорт басқармасы қаржыландырады. Алайда тағы бір нұсқамыз бар. Ол - «Бейбарыс» клубы жанынан хоккей академиясын құру. Шынын айтсақ, екінші нұсқа бізге тиімдірек, өйткені жоғары білікті жаттықтырушыларды ұстау тек клубтың ғана қолынан келеді. Биылдан бастап дене шынықтыру диспансері денсаулық сақтау басқармасынан облыстық спорт басқармасына өтеді. Диагностикалық жабдықтар сатып аламыз, спортшылар үшін жүктемелеріне байланысты сәйкесінше диета жасайтын боламыз.

Бүгінде Қызылқоға, Жылыой, Исатай және Мақат аудандарында жақсы палуандар бар. Құрманғазы ауданында бұқаралық спорт – халық ойындары, жеңіл атлетика, ойын спорт түрлері жақсы дамып келе жатыр. Сәуірде барлық аудандық спорт бөлімдеріне «Газель» автокөліктерін алып береміз. Бұл аудан басшыларының көліктерді өз шаруаларына пайдалануға емес, балаларды жол полициясының міндетті жол бастауымен Атырауға жарыстарға алып бару үшін жасалып жатыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды

3 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.