2 сәуірде 26 наурызда басталған «Көпірлер» блогы бойынша сот тыңдауы аяқталып, сот «“Бизнес-көмек” Мемлекеттік қоры» топтамасын қарауға кірісті.
150 МЫҢЫН АЛЫП, ЖҮРЕ БЕРГЕН
26 наурызда, «Жекешелендіру» блогын қарау аяқталғаннан кейін сот адвокат ОРЫНБЕКОВАНЫҢ өз қорғауындағы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВ (бұрынғы қаржы басқармасының бастығы) үшін алдын кесу шараларын жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырды. Процестің алғашқы күнінде-ақ өзін нашар сезінетіндігіне шағымданған Жантеміров тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды. Осы шешім жарияланған бойда Жантеміров залда сотталушылар отыратын боксты тастап, анағұрлым жеңіл жағдайда тергеліп жатқан бұрынғы әріптестерінің жанына ауысып отырды.
«Көпір» блогында 2007 жылдан бастап Сатыбалдиев-Әлиев және Мечников-Баймұханов-Махамбет көпірлерінің құрылысына қаржылардың бөлінуі мен конкурстар туралы егжей-тегжей талқыланды.
Тергеу жорамалы бойынша, сол кезде Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ командасы мол бюджет қаржысын жымқыру үшін жалған кәсіпорындар ашу тәжірибесін белсенді түрде қолданған.
Куәгерлердің бірі, «Жасталап» ЖШС-нің бұрынғы директоры, қазіргі орта мектептің әдіскері ОРМАШЕВ 2007 жылы Рысқалиевтың күйеу баласы Рүстем ӘЛБАҚАСОВТЫҢ ұсынысы бойынша өз атына кәсіпорын тіркеткендігін айтты. Ол көпірлер құрылысына миллиардтаған теңгелер бөлінген ресми фирмалар тізбегінде болған. Қамқоршысының арқасында құрылыс салуға және конкурстар мен тендерлерге қатысуға лицензиясы бар «Құрылыс» қызметінің түрі көрсетілген патентінің болғанына қарамастан, бұл компания ешқашан құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналыспаған. Формальды директор бір жарым жыл бойына 150 мың теңге мөлшерінде ай сайын еңбекақысын алып тұрған және өз фирмасының нақты қызметінің егжей-тегжейіне жете қоймаған. Айтпақшы, Б.Рысқалиевтың кезінде Ормашев осы жалған кәсіпорын тізбегіндегі басқа «директорлар» секілді салық төлемегені үшін істі болған.
– Бәрін мен ойынханада танысқан жас жігіт жасады. Мен жұмыс іздеп жүрген едім. Ол маған Әлбақасов туралы айтып, фирма ашуды ұсынды. Бәрін өздері (Әлбақасовтың адамдары) жасады. Лицензиясы, тіркеуі және басқа да жұмыстар үшін олар миллион теңгедей ақша төледі. Мен бұған қатысқаным жоқ. Әлбақасовпен бір рет кездестім. Ол мені Жеңіс бағындағы кеңсесінің кабинетінде қабылдап, қаржы директорымен таныстырды. Ол мені кабинеттерге апарып, басқа ЖШС директорларымен таныстырды. Кейіннен ол (қаржы директоры) маған есептелген сомасы бар құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу келісімшартына қол қоюға берді. Бірақ қазір олардың қандай сомада екені есімде жоқ. Тек олардың едәуір қаржы болғандығы ғана есімде, - деді Ормашев.
«Нұрбанк» банкінде «Жасталап» ЖШС-нің есепшотына аударылған транштардың бірінің мөлшері 1,1 миллиард теңгеден астам. Бұл ақшалар Мечников – Баймұханов – Махамбет және Сатыбалдиев – Әлиев көпірлерін салу кезінде оның фирмасы арқылы өткен. Ормашевтің өзі ешқашан есепшоттан ақша түсірмеген, тек оларды жұмыс беруші көрсеткен басқа компаниялардың есепшотына аударған. Бұл жағдайда, ақшалар «Мак ул» және «Мостовик Казахстана» компанияларының есепшоттарына кеткен.
– Мұндай келісімшарттар өте көп болды, - деді Ормашев.
- Не жасап жүргеніңізді білдіңіз бе? – деп сұрады прокурор.
- Тек қылмыстық іс көтергенде ғана түсіне бастадым, түсіне бастадым.
- Сіз қол қойған мәмілелердің барлығы жалған болғандығын білесіз бе?
- Білген жоқпын.
- Өз еркіңізбен бас тартқыңыз келмеді ме, Әлбақасовқа бардыңыз ба?
- Бұл туралы ойлаған жоқпын, өзіме тиесілі 150 мыңды алып, әрі қарай жүре бердім.
- Сізге қатысты қылмыстық іс қозғалғанда, сіз өзіңізге шарттар мен жалақыңызды әкеліп жүрген адамдармен кездестіңіз бе?
- Жоқ.
«Көпірлер» топтамасы бойынша келесі куәгер – мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Даимбек САРҒОЖИН – зот отырысында тергеу кезінде берген куәліктерінен қысым астында бердім деп бас тартты.
ӘРІ-СӘРІ КҮЙГЕ ТҮСУ
Сол күні айыпталушылар – «Мемсараптама» ЕМК бас директорының бұрынғы орынбасары Ұлан ҚҰРАЛБАЕВ пен «Мемсараптама» ЕМК-нің бұрынғы директоры Тұрланбек ЖИЕНБАЕВТАН жауап алынды. Тергеудің болжамы бойынша, олар Рысқалиев ҰҚТ құрамында мемлекеттік мүлікті талан-таражға салуға септіктерін тигізген. Екеуі де оларға тағылып отырған айыптарды мойындамады.
- Құралбаев пен Жиенбаевтың әрекеттерінен мемлекетке шығын келтірілді ме? - деп судья зардап шегуші тарап – облыстық әкімдіктің қызметкеріне екі рет сұрақ қойды. Ешқандай жауап берілмеді.
Құалбаевтың адвокаты өз қорғалушысының іс-әрекеттері Әкімшілік кодекс арқылы қаралатын құқықбұзушылыққа жататынын, ал ол қылмыстық айыптау бойынша отырғанын баса айтты. Сондай-ақ, адвокат тергеу кезінде жіберілген бұзушылықтар туралы да мәлімдеді: Құралбаевтан айып тағылмас бұрын жауап алынған. Қорғаушы осыны негізге алып, сотқа осы жауап алу хаттамасын «жол берілмейтін дәлел» деп тануды өтінді.
Бүгін сот ««Бизнес-көмек» мемлекеттік қоры» топтамасы бойынша куәгерлерді тыңдауды бастады. Сотқа бірнеше мәслихат депутаттары шақырылды.
«АҚШАНЫ АЛМАЙСЫЗ»
Сейсенбі күні жауап алынған куәгер Евгения РЯЗАНОВА (2007 жылы Алматыдағы «Констракшн kz» ЖШС директорының орынбасары) да бүкіл көпірлерді салу және қайта құру жобалары арқылы алынған қаржылық ағымдарды Рүстем Әлбақасовтың бақылауында болғандығы туралы жорамалды растады. Констракшн kz тапсырыс берушінің (облыстық әкімдік) мердігерлері – «Қызмет құрылыс» (бәлкім, Рязанова компанияның атауын шатастырып отырған болуы керек, аталмыш көпірлер құрылысына «Құрылыс қызмет-S» ЖШС жұмылдырылған) және «Трансстроймост» компанияларына арналған құрылыс материалдарын жеткізумен айналысқан.
– Келісімшарттар бойынша біздің бүкіл міндеттемелеріміз орындалды, бірақ төлемдер толықтай түскен жоқ, - деді Рязанова.
Әлі күнге дейін Сатыбалдиев – Әлиев және Мечников – Баймұханов – Махамбет көпірлері бойынша осы ЖШС алдында 1,05 млрд теңге мөлшерінде, Жилгородоктағы көпір бойынша 150 млн теңге бережақ қалған.
–«Қызмет құрылыс» ЖШС-нен қарыздарды өндіру үшін шаралар алдыңыз ба?– деп сұрады прокурор.
– Иә, мен Атырауға келдім. Мені Жеңіс бағына, Әлбақасовқа апарды. Тапсырыс берушінің сол екенін, бәрін сол шешетінін айтты. Ол қосымша жобалар болатындығын, біздің ақшаларды алатынымды желеуретті. Кейінірек ол ақшаны алмайсыз, «сотқа беруіңізге болады, менің директорым отырады, мен оған сәлем-сауқат апарып беремін» деді. Мен осы компаниялардың директорлары ештеңе шешпейтінін, тек Әлбақасов шешетінін түсіндім. Бар болғаны онымен екі кездесу болды. Екінші мәртеде ол – біздің есеп беріп, нысандарды тапсыруымыз керек, сол кезде есептесеміз деді. Тапсырыстарды толтырамыз, компанияның үлесін бер, біз 50 де 50 болып кіріп, жұмыс істейік деді. Содан соң үлес туралы бірнеше рет қоңырау шалды. Мен тұтқаны көтермедім. Сол кезде Алматыға Тілемісов (мердігер ЖШС-лердің бірінің директоры) келіп, кездесу белгіледі. Тағы да көндірмек болды, өзіңіз түсінесіз ғой, өз атымнан өтініп тұрғаным жоқ деді.
Мен қорғану үшін заңгерлік компанияларға жүгіндім. Бірақ олар Атырау қаласындағы жағдайды білгендіктен, бас тартты. Құқыққорғау органдарына жүгінбедім, өйткені маған одан ештеңе шықпайтынын айтқан еді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА