Жыл сайын мұнай компаниялары келісімшарт бойынша немесе ерікті түрде жергілікті әлеуметтік жобаларға көп қаржы салып отырады. Алайда, кей кездері халыққа қажеті шамалы құрылыстар бой көтеріп жатады немесе өте маңызды нысан тиісінше жерге салынбайды.
Өнімді бөлісу туралы келісім компанияларды инфрақұрылымдарды дамытуға қаржы салуға міндеттейді. Орта есеппен олар жыл сайын осы мақсатта 20-50 млн доллар бөледі. Өткен 20 жыл ішінде ТCO, NCOC, ҚМГ және басқа да компаниялар Батыс Қазақстанның төрт облысында әлеуметтік нысандар салуға 300 млн доллар қаржы салған. Көп ақша, алайда ашықтық жоқ – нысан құрылысы туралы мәселелер халық пен ҮЕҰ-ның қатысуынсыз шешіледі.
- Біз құрамына ҮЕҰ, бизнес, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар өкілдері, журналистер және басқа да мүдделі тұлғалар кіретін әлеуметтік инвестициялар жөніндегі көптарапты кеңес құруды ұсынамыз. Бұл шешімдерді қабылдауды ашық қылады, сондай-ақ, өңірдегі әлеуметтік ахуалды жақсартуға септігін тигізеді, - дейді «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ҚБ директоры Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ. Олар екі жылдан бері «Билік, бизнес және азаматтық қауымдастықтың жергілікті деңгейде өзара әрекеттесу институттарын құру» жобасымен жұмыс жасап келеді. Жоба Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын қамтиды және Ұлыбритания мен Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен жүзеге асырылады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, көптарапты кеңестер атқарушы және өкілетті билік, жұртшылық және өндіруші компаниялар арасында диалог алаңына айналуы тиіс. Осындай өзара әріптестіктің бір мысалы - өңірдің тұрақты дамуымен, экологиялық және инфрақұрылымдық жобалармен айналысатын Аляска қоғамдық кеңесі.
Ұ. Тінәлиев хабарлағандай, өткен жылдың тамызында Батыс Қазақстан облысының 317 тұрғыны және Атырау облысының 285 тұрғыны қатысқан зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар, атқарушы билік, ҮЕҰ және өндіруші компаниялар өкілдері де сауалнамаға қатысты. Қатысушылардың жартысына жуығы жүзеге асырылған жобалар тиімді болды деп жауап берсе, қалғандары халыққа аса қажетті нысандар таңдалуы керек еді немесе инвестицияны бұдан да тиімдірек пайдалану қажет деген пікір білдірді. Мәселен, Доссорда мұнай компаниясы стадион салуға қаржы бөлді, алайда тұрғындар оны пайдалана алмай отыр, спорттық нысан тікенек үстіне салынған. Екі облыстың да тұрғындары компаниялар мен әкімдіктердің өзара әрекеттерінің нашарлығын айтып, жобаларды жоспарлауға және олардың жүзеге асырылуын бақылауға дайын екендіктерін білдірді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА