Атырау, 26 қараша 20:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Шеврон шаттанып жатса, Теңізде жер сілкінуде

9 684 просмотра

25 мамырда Калифорнияда американдық Сан-Рамон қаласындағы «Шеврон» компаниясының штаб-пәтерінде жыл сайынғы акционерлер отырысы болып өтті. Онда ымыраға келмейтін «Шевронның» қарсыласы халықаралық экологиялық Crude Accountability ұйымы Батыс Қазақстандағы қоршаған ортаның ластануы жөніндегі мәселені көтеруге тырысып бақты.

Crude Accountability – «Шеврон» қызметінің қоршаған ортаға әсерін зерттейтін қоғамдық ұйым. Оның ішінде Қазақстан да бар. Естеріңізге салсақ, елімізде «Шеврон» компаниясы Қарашығанақ кенішінде 20 пайыз және «Теңізшевройлда» 50 пайызға үлеске ие. Сrude Accountability мәліметтері бойынша, акционерлер кеңесінде «Шевронның» бас директоры Джон Уотсон 2010 жылдың қорытындысын баяндай келе, осы жылды «Шеврон» үшін «ерекше жыл» деп атады. Алайда американдық «жасылдар» өкілдері осынау «бір қарын майды шіріткен  бір құмалақтай» болып,  басқа шындықты жария етті. Атап айтқанда, Уотсонға Crude Accountability өкілі Лин Гроссман ҚР Батыс Қазақстан облысының Березовка селосының 124 тұрғыны қол қойған үндеуді тапсырды. Осы селоның тұрғындары соңғы тоғыз жыл бойына Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінің әсер ету аймағынан көшуге және өтемақы алуға қол жеткізе алмай келеді.

Алайда Уотсон қазақстандықтардың хатын оқымастан ысырып қойып, көмескі ғана: «Біз Қазақстанда лайықты жұмыс жасап жатырмыз», - деп жауап берді.

 

ЖЕР НАЛАСЫ

Ал 31 мамырда Crude Accountability Алматыда «Шевронның» шынайы бағасы: баламалы жылдық есеп» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Қазақстандағы Crude Accountability кеңесшісі Сергей СОЛЯНИКТІҢ айтуынша, бұл баяндамада Калифорниядағы, Бирмадағы, Колумбиядағы, Эквадордағы, Қазақстандағы, Нигериядағы, Филиппиндағы және АҚШ-тың Мексика бұғазындағы «Шеврон» компаниясының заң бұзушылықтары жазылған.

- 2010 жылы «Шеврон» компаниясы кіретін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» консорциумына нормативтен тыс шығарындылар үшін 13,5 млн. долларға айыппұл салынды. Одан басқа Қазақстан 12,9 млн. доллар сомаға зиянды өтеу талабын қойды. Ал «Теңізшевройлға» 2010 жылы қоршаған ортаны ластағаны үшін 64 млн. долларға айыппұл салынған еді, - дейді С. Соляник.

Атап айтқанда, экологтардың баяндамасында Березовка ауданындағы жердің ойылып түскені айтылған. Мұндай құбылыстар «Шеврон» жұмыс жасайтын дүние жүзінің басқа да нүктелерінен байқалған. Атырау мұнай және газ инситутының геофизигі Н.Құрбанов Қарашығанақтағы мұнай өндіру әдістері апат салдарына әкеп соғуы мүмкін екендігін ескертеді. Кеніш пен жақын маңдағы аумақ жер астына түсіп кетуі мүмкін екен.

- Биылғы жылдың наурызында Қарашығанақта жабдықтардың сыну салдарынан апат орын алды. Күкіртсутекпен улану нәтижесінде жұмысшылардың бірі сол жерде қаза болды. Ал екіншісі есінен танған күйде табылып, жансақтау бөліміне жеткізілген. Жеке қорғаныс құралдары да, газ индикаторы да, арнайы техникалық қауіпсіздік нұсқаунамасы да бұл адамдарды қорғап қала алмаған. Осыған байланысты Березовка тұрғындары қатты абыржулы. Өйткені олар төтенше жағдай орын алған жағдай не істеуге болатынын елестете алмайды. Апат болған жағдайда олардың аман қалуға мүмкіндіктері де болмайды, - деп әңгімелейді С. Соляник.

 

«ҚАУСАҒАН» ТЕҢІЗ БЕН ГАЗҒА БАЙ ТҮРКІМЕНСТАН

Ал «Теңізшевройл» қызметіне арналған Crude Accountability баяндамасының бір тарауында былай делінген: «2010 жылы ТШО Қазақстандағы қоршаған ортаны ластау бойынша көшбасшы болды. Алайда белгіленген заң бұзушылықтар шынайы ауқымды бейнелемейді. Өйткені олар мониторингте бар болғаны 5 элементті қамтыған. Ал іс жүзінде ТШО атмосфералық ауаға 40-тан аса заттек шығарады. 2011 жылдың ақпанында Теңіз кенішінің ауданында 4 баллдық жер сілкінісі орын алды. Қазақстандық ядро орталығы мен Сейсмология институты оның Теңіздегі кен игерумен тікелей байланысты екендігін мәлімдеді. ТШО-ның озық технологияны пайдаланатындығы туралы мәлімдемесіне қарамастан, компания үнемі штаттан тыс ахуалдың көп мөлшерін тіркеп отырады. 2008 жылы – 55, 2009 жылы – 75, 2010 жылдың алғашқы 8 айында 43 ахуал тіркелген. Бұл оқиғалар жабдықтардың әжептәуір тозу деңгейінен туындаған».

Crude Accountability да көптеген батыстық трансұлттық компаниялар қолданатын «Демократияға айырбасталатын мұнай» деген масқара принципті де назардан тыс қалдырмады.

- Бүгінде «Шеврон» дүние жүзіндегі ең жазалаушы мемлекеттердің бірі Түркіменстанды иектеп келеді. Бірақ бұл компания үшін проблема емес, өйткені түркімендердің қорлары дүние жүзі бойынша төртінші орында тұр, - дейді С.Соляник.

2010 жылдың тамызында Түркіменстан «Шевронға»  Каспий теңізінің түркімендік секторындағы блоктарды игеру жөніндегі ұсынысын көрсету жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Ұтысқа көмірсутектің майлы үлесі тігілген кезде принцип те ұмытылады ғой.

Азамат МАЙТАНОВ

9 маусым 2011, 16:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.