Атырау, 24 қараша 04:08
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Колониядағы әйелдер дөрекілікке үйренбеген бе?

3 553 просмотра

Кеше редакцияға УГ157/11 әйелдердің түзету колониясының медициналық-санитарлық бөлімшесіндегі тұтқындарының аштық жариялағандығы туралы ақпарат келіп түсті. Шамамен күндізгі сағат 12-де фототілшімен бірге сол жерге барғанымызда, колония қақпасының алдында жедел жәрдем көлігі тұрды.

Бізбен бірге «Демос» қоғамдық құқыққорғау ұйымының төрайымы Тоғжан ҚИЗАТОВА мен «Заман» қоғамдық құқыққорғау бірлестігінің төрайымы Әсел НҰРҒАЗИЕВА да келді.

Штаб кезекшілері арқылыәйелдер колониясының бастығы Нұрлыбек АРЫСТАНҒАЛИЕВТЫ шақыруды өтіндік. Бізге «ол прокурормен бірге жүр, күтіңіздер» деді. Шамамен бір сағаттай күттік. Бірақ колония бастығы ақыры келмеді.

Біршама уақыт өткеннен кейін зембілмен бір әйелді алып шықты. Шығар ауыздағы дәліз бойында (шамасы, жағдайы нашарлаған болуы керек) зембілді жерге қоя салып, сол жерден укол салды.

Содан соң ес-түссіз күйдегі науқасты сыртқа алып шықты. Оны жедел жәрдем көлігіне салып, облыстық ауруханаға алып кетті. «Қан қысымы», - деп қысқа қайырды қара терге түскен фельдшер.

Осы уақыт ішінде редакцияға қоңырау шалған тұтқындардан жанжалдың себебін анықтап, біліп алдық. Олардың айтуынша, сейсенбі күні кешкі сағат 7-ден таңғы сағат 4-ке дейін Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздік қызметі әйелдер колониясының медициналық-санитарлық бөлімшесінде тұтқындарға тексеру жүргізген. Олардың айтуынша, тексеру олар үшін үйреншікті іске айналған. Бар әңгіме оның қандай әдіспен жүргізілгендігінде. Олардың айтуынша, тінту кезінде қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің бірі тұтқынға дөрекілік көрсеткен. «Оны екі апта бұрын колонияның жедел тобынан қауіпсіздік қызметіне ауыстырған болатын. Бізді өте дөрекі түрде түгелдей мұқият қарап шықты. Ақыр аяғында қант диабетімен ауыратын науқастардың бірі инсульт алды».

Тұтқындағылардың айтуынша, олар аштық жарияламаған, жай ғана прокуратураның назарын аудартқан. «Біз прокуратура өкілімен жағдайды байсалдылықпен талқыға салып, ымыра келісімге келуді ұйғардық. Бізді тексере берсін, бірақ бәрі заңды болсын немесе бізді сол әйелден арашалап алсын. Егер мұндай жағдай қайталанса, біздер басқаша әрекет ететін боламыз. Ал жалпы колония әкімшілігіне қояр талабымыз жоқ. Әдетте бәрі қалыпты жағдайда болады, тінтулер тыныш жасалатын. Егер әлдебіреу тінту кезінде ұсталатын болса, ештеңе де істей алмайсың. Кейде мүлікті ерікті түрде беретін жағдайлар да кездеседі».

Ал кешікпей біз облыс прокурорының көмекшісі Доспол БАҒЫТЖАНОВПЕН кездестік. Ол былай деген еді: «Департаменттің қауіпсіздік қызметкерлері әйелдер колониясының медсанбөлімшесіне тыйым салынған заттарды тәркілеу үшін тінту жүргізген. Бүгін таңертең тұтқындар осындай тексерулер мен тінтулердің заңдылығын тексеру үшін біздің келуімізді өтінді. Қазір түсініктеме алудамыз, содан соң тексереміз. Әзірге заң бұзушылық бар немесе жоқ деп айта алмаймын. Тінту кезінде ештеңе табылмаған. Ешқандай аштық та жарияланбаған. Бәрі орнында».

– Бізге тінтудің кешкі сағат 7-ден таңғы 4-ке дейін жүргізілгендігін айтқан еді.

– Жоқ, таңертең немесе түстен кейін болған, дәл білмеймін. Бірақ бұл жарты сағат уақыт алған әдеттегі тінту.

– Әйелді көз алдымызда зембілге салып әкетті ғой...

– Қорқынышты ештеңе жоқ. Әдеттегі шақырту. Қанша дегенмен, онда науқастар жатады, гипертониясы болған ғой...

– Бөлімшеде қанша тұтқындар жатыр?

– Шамамен 16.

– Сіз олармен кездестіңіз бе? Олар не айтады?

– Бәрі дұрыс.

Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаментінің баспасөз хатшысы Бақтыгүл МАРАЗБАЕВАаштық жариялау фактісін теріске шығарды. Науқастар медициналық қамту жағдайына шағымданған екен. Бірақ тексеруден кейін барлық дәрі-дәрмектердің бар екендігі анықталған.

– Біз бір әйелді жедел жәрдемнің алып кеткенін көрдік. Оның жағдайы тінтуден кейін нашарлаған ба?

– Оған ештеңе болған жоқ деуге болады. Олар өздерінде ұялы телефонның болғанын қалайды, апта сайын туысқандарымен кездесіп тұрғылары келеді. Ол әйел науқас емес, жай долылық қой.

– Ал ол бөлімшеге қалай түскен? Қай жері ауырған?

– Тұмаумен түсіпті. Тексеру кезінде дөрекілік болмаған.  Олар өздері дүрлігісіп отыр.

– Бір нәрсе таптыңыздар ма?

– Ұялы телефондар таптық. Олар осыны сол үшін жасап отыр.

Қылмыстық түзету жүйесінің баспасөз хатшысы арқылы Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті департаментінің қауіпсіздік қызметінің бастығы Алексей ХАНМЕН хабарластық. Ол былай деген еді: «Бұл жұмыс барысындағы тексеру болатын. Біз оны кешкі сағат 8-де бастап, жарты сағаттан соң аяқтадық. Өз қызметкерлерімізбен тексеру жүргіздік. Тексеру жоспарлы емес еді. Не іздедіңіздер дейсіз бе? Әзірге айта алмаймын».

Тұтқындар шағымданған қызметкердің дөрекілігі жөнінде қауіпсіздік қызметінің бастығы комментарий беруден бас тартты. «Әзірге сізге ештеңе айта алмаймын. Құжаттар дайындайын. Содан соң».

Облыстық аурухананың қабылдау бөлімінен жеткізілген тұтқынға инсульт деген диагноз қойылып, оның неврология бөлімшесіне жатқызылғанын білдік.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген В. Истомин

9 маусым 2011, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.