Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Сұлу қыз, сырлы жеңге» атты қалалық сайыс өтті. Оған алты жеңге мен олардың алты қайынсіңлісі қатысты.
АУЫЛҒА АСЫҚҚАН КҮЙЕУ ЖІГІТ
Бірнеше айналымнан тұратын ерекше сайысқа қатысушылардың тыңғылықты дайындалғандары байқалып-ақ тұрды. Қазақтың салт-дәстүріне сай ақ орамал таққан жеңгелер мен шолпылары сылдырлаған ерке қыздар ақылымен де, биімен де, әнімен де, білімімен де көрерменнің қошеметіне бөленді.
«Таныстыру», «Таза мінсіз асыл cөз ой түбінде жатады», «Өнерлінің өрісі кең», «Шебердің қолы ортақ», «Ас – адамның арқауы» бөлімдерінде қатысушылар өздерін, әулеттерін таныстырып, салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беріп, театрландырылған көрініс те қойды. Алдымен Құрманғазы ауылынан қатысқан жеңге Тілекші АҚПАЕВА мен қайынсіңлісі Райхан ӘМІРҒАЛИЕВА бойжеткен қыз балаға шашбау, шолпы тағу сәтінен көрініс көрсетті. Жеңгесі «Еркежан» деп еркелететін қайынсіңлісін шақырып алып, оның бұрымына шолпы қадайды. Қадай отыра, оның мәнін, ерекшелігін тәптіштеп түсіндіріп өтеді. Көңілдері көтеріңкі жастар Бастаңғыға жиналады. Ал осы бастаңғыдан көріністі Еркінқала ауылынан келген жеңге Ақтілек ҚҰЛЖАНОВА мен қайынсіңлісі Жазира ҚАБДОЛОВА ортаға әкелді. Жиналған ауыл жастары қолқалаған соң, Жазира да домбырамен халық әнін орындады. Осы жерде «Көрұғлы» күйі де шертілді. Бір-бірімен ойнап-күліп, әзілдері жарасқан жастар алтыбақанға қарай беттейді. Алтыбақан маңындағы жастардың ән салып, өлең оқып, Ақан Серінің «Балқадишасын» шырқатқаны Томарлы ауылынан келген жеңге Рита ЖҰБАТҚАНОВА мен қайынсіңлісі Арай САНЖАНОВАНЫҢ ұсынған өнері болды. Халықтың «Гүлдерайымын» де жеңгесі нақышына келтіре орындады.
Ал Дамбылық жеңге Бекзада САЛАМЕДЕНОВА мен қайынсіңлісі Гүлжанат МЕҢДІҒАЛИЕВА қазақтың «Ұрын келу» салтынан көрініс көрсетті. Күйеу жігіт келеді деп алабұртқан бойжеткен мен оның құрбыларының диалогы, күлкілері, жол жүріп келе жатқан жігіттердің ауылға асыққандары, оларды қыздың жеңгелерінің шымылдық құрып күтіп отырғандары, келген соң жігіттерден көрімдік сұрап, қалжыңдап сөйлескендері – бәрі-бәрі жарасымды болды. Көрімдік сұраған жеңгелердің иығына жігіттер мата, орамал жапса, балдыздарына «балдыз көрімдік» ретінде күміс теңгелер сыйға тартты. Осы жерде «шатыр көрімдігі» де беріліп, күйеу жігітке ақтан ауыз тигізеді. Осыдан кейін Атырау ауылынан келген қатысушылар жеңге Дариға АЛҒАЯЗОВА мен қайынсіңлісі Құралай МҰРАТОВА қыз баланың ұзатылып бара жатқан кезінде орындалатын «Жұбату» рәсімін көрсетеді. Өзінен кейінгі сіңлілеріне ақ жол тілеп, орамал жапқан бойжеткеннің ата-анасымен, ауылдағы туыстарымен қоштасу сәті баяндалады. Ал Жаңаталап ауылынан қатысқан жеңге Арайлым ҚАЙРЕКЕСОВА мен қайынсіңлісі Ақбаян ЗИНУРАЙОВА «Сыңсу» дәстүрін ұсынды. Осылайша, бұл айналымда қазақтың қызының бойжетіп, ата-анасының батасын алып, сүйгеніне ұзатылу сәтіне дейінгі уақыт көрсетілген. Бір-бірімен тығыз байланысты осы дәстүрді сайысқа қатысушылар тамаша көрсете білді – ұлттық киімдері де, аспаптары да сай болды. Жиналған жұртшылық рухани байып қалды десе де болады.
ҚҰРАҚ КӨРПЕЛЕР СЫРЫ
Шеберлер сайысында құрақ көрпе тігу тапсырмасы берілген болатын. Сайыскерлерге алдын ала қиылып, дайындап әкелген мата құрақтарын тігу ғана қалған еді. Олар әртүрлі пішіндегі құрақ көрпе тігудің үлгілерін көрсетті, мәнін де түсіндіріп өтті. Мәселен, құрақ көрпелер ертеректе артық қалған мата қиындыларын ысырап етпес үшін құралып тігілген. Әрі олардың әр пішінінің өз мәні бар – төрт бұрышты құрақтар дүниенің төрт құбыласын білдірсе, үшбұрыштылары от, су, ауа – үш ғаламды бейнелейтін балықты, оқты, құсты меңзейді. Тіпті оның алуан түрлі түсінің де өз сыры бар. Көк түс аспанның, жасыл түс өсімдіктің, көктемнің, қызыл түс оттың, өмірдің, ал ақ түс биіктіктің, сары түс даналықтың белгісі. Сондықтан осы түстерді бір-бірімен қиыстырып құраудың да тәрбиелік мәні бар екені анық. Құрақ тігу қыз баланы кішкентайынан төзімділікке, ептілікке, үнемділікке, тазалыққа үйретеді.
Шараның соңғы бөлімі ұлттық тағамдарды әзірлеу болды. Бұл жерде ас (бешбармақ) та, бауырсақ та, шоққа піскен таба нан мен қуырдақ та, бұжы мен сүттен жасалатын өнімдер де табылды. Табақ тарту, жіліктің түрлері, оларды кімге қалай ұсыну керектігі, тағамдардың дайындалуы кеңінен таныстырылды.
Байқауға төрағалық еткен Абат КЕНЖЕҒАЛИҰЛЫ, актриса Анета БАЕТОВА мен хореграф Гүлнәр ҚАРАКӨЗОВА «Сұлу қыз, сырлы жеңге» басты номинациясын дамбылық Гүлжанат МЕҢДІҒАЛИЕВА мен Бекзада САЛАМЕДЕНОВАҒА берді. Қатысушылардың барлығы да белгіленген номинациялар бойынша марапатталды.
Бекзада Саламеденова:
- Бұл сайысқа қатысып, қолымыздан келгенімізді ортаға салдық. Өте қуаныштымыз. Мен өзім 18 жасымда келін болып түстім. Қазір 4 қыз тәрбиелеп отырмын. Енемнен, үлкендерден көп нәрсені үйрендім. Біз ауылда мал ұстаймыз. Мәселен, жаңа дайындап әкелген бүйенге сақтаған қаймақты, сүзбе мен сары майды үйдегі мал сүтінен жасадым.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА