Атырау, 21 желтоқсан 13:16
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Б. Мұхамбеталиев: «Біздің спортшылар кәсіби рингке біртабан жақындады»

2 422 просмотра

Атыраулық тай-боксшылар соңғы жылдары әуесқой додаларда қарсылас шақ келтірер емес. Кәсіби рингте қашан жетістікке жетеді? Біз Қазақстан муай-тай федерациясының облыстық филиалының президенті Бағытжан МҰХАМБЕТАЛИЕВПЕН кездестік.

«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ: Бағытжан Мұхтасипұлы Мұхамбеталиев, 35 жаста, каратеден ҚР спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші.

БЕЛГІЛІ АДАМНЫҢ ҚОЛҒАБЫ

- Биылғы жыл басынан бері спортшыларыңыз қандай турнирлерге қатысты?

-Қаңтарда Алматыда балалар, жасөспірімдер және жастар арасында ел чемпионаты өтті. Медальдық есепте біздің командамыз бірінші болды. Юсуф Мухтасип, Еламан Саясатов, Абылай Құралбаев, Әбіл Ғалиев, Жұмабек Орынғалиев және Еламан Өтегенов алтыннан алқа тақты. Құралбаев пен Саясатов «үздік техникасы үшін» сыйлығымен марапатталды. Менің алты жасар ұлым Юсуф алтын жүлдемен бірге «Вай-кру биін үздік орындағаны үшін» сыйлығын алды. Тай боксымен шұғылдануға арналған кәсіби қолғапты оған Федерация президенті, атақты жекпе-жек шебері, Сұлтан Бейбарыс фильмінде басты рөлді сомдаған Фархад Аманқұлов табыс етті.

Ф. Аманқұлов жарыстарда болашағы бар деген спортшыларды жеке өзі қарап, бағалайды. Ол Малайзияда өтетін әлем чемпионатына қатысатын құраманың сапына Саясатовты, Құралбаев пен Әбіл Ғалиевті алды. Біздің тағы бір спортшымыз Әлішер Мұхтаров төрешінің қателігінен күміс жүлдегер атанды. Алайда төрешілер жарияланған чемпионды жүлдесінен айыруға шешім шығара алмады. Дегенмен, Малайзияда ел намысын Әлішер де  қорғайтын болды.

Ақпанда «Атырау» ДСК-нде ересектер арасында ел чемпионаты өтті. ҚР құрама командасына «алтын» жүлде иеленген Ишан Ғалиев енді. Қола жүлде алған Дидар Болатовтыңмәселесі шешілуде. Екеуі де әлем және Еуропа чемпионы болып табылады. Олар өнер көрсететін 57 келіге дейінгі салмақта тағы бір мықты спортшы Нұрым Кемал бар. Ол тек тайлықтар мен әлем чемпионаттарының финалшылары қатысатын «А» санатты халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Дәрежесі бойынша ол «Б» санатты әлем чемпионатына қатыса алмайды. Міне, осыған байланысты Д. Болатовтың әлем чемпионатына қатысу мәселесі қаралып жатыр.

 

ТАЙ-БОКС АФРИКАДА ДА...

- Әлем чемпионатына ҚР чемпионы атанған жерлесіміз Екатерина Тамбовцева неге қатыспайды?

-Мойындауымыз керек, бүгінде Қазақстанда Тайланд, Марокко, Ресей, Украина мен Белоруссиядан келген қарсыластарына лайықты қарсылық көрсете алатын муай-таймен айналысатын спортшы қыздар жоқ. Алайда, әлем чемпионатына қатысу үшін оған әлі бір жыл жаттығу жасау керек.

- Бұдан тай боксы Африкада да жақсы дамыған деген ойға келуге бола ма?

- Өте жақсы дамыған. Жекпе-жек, аралас айқас, джиу-джитсу, К-1 бойынша кез келген жарыстарда муай-тайшылар рингке шыға береді. Кәсіби турнирлерде үлкен сыйлық қорлары ойналады, ол спортшылар үшін үлкен стимул. Атырауда әзірге «кәсіпқойлар» жоқ. Жалпы Қазақстанда алматылық Ілияс Мусин мен Эмиль Ұмаев, астаналық Рүстем Ақжанов сынды мықты кәсіпқойлар бар.

- Неге атыраулық муай-тай жұлдыздары әуесқойдан кәсіпқойлыққа өтпей жүр?

-Біздің спортшылар кәсіпқойлар арасында да жақсы өнер көрсете алады деп есептеймін және осыны армандаймын. Өту үшін үлкен дайындық керек. Әуесқойлар қорғаныс құралдарымен үш минуттан үш раунд айқасса, кәсіпқойлар айқасы еш қорғаныссыз бес раундқа созылады. Кәсіпқойлар айқасты мерзімінен бұрын аяқтау үшін мықты да дәл соққы жасауға тырысады. Бізде кәсіпқой рингке Ишан Ғалиев пен Дидар Болатов шығуға әзір. Спортшыларды титулдары, шеберліктері, физикалық әлеуеттері бойынша қарайтын сертификаттау комиссиясы бар. Кәсіпқой болу үшін «А» санатты халықаралық турнирлерге қатысу қажет. Ишан Ғалиев биыл осы санатты жарыстарға бірінші рет қатысады. Кәсіпқой спортқа Дидар Болатов та біртабан жақын. Бұл мәселеде шешуші дауысқа Ф. Аманқұлов ие.

 

БАЛАЛАР ЖАЛЫҒЫП КЕТПЕС ҮШІН...

-Балаңыздың муай-таймен айналысуы туралы айтыңызшы.

- Ол бір жылдан бері шұғылданып келеді. Мен оған көп күш салмаймын. Юсуф 45 минут күш сала шұғылданады, ал екі сағаттық жаттығудың қалған уақытында шыдамдылыққа бағытталған доппен, орындықтан секіру сияқты ойын түріндегі жаттығулар беремін. Ең бастысы, бала «шаршап қалмауы», спорттан жалықпауы керек. Мұны бізге «Қайсар» спорт клубының басшысы Айбат Рахман үйретті. Юсуф кәнігі боксшылар сияқты «алақанға» соққы жасап, спаррингке шығады. Жақында оны Санкт-Петербургте өткен Бүкіләлемдік Ойындарға алып бардым. Сол жерде ол әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, белоруссиялық Андрей Кулибинмен «қол алысты».

Жоғарыда айтқан қаңтардағы ел чемпионатының жартылай финалында Юсуфтың қарсыласы рингке шықпады, ал шешуші айқаста өзінен бойы да ұзын, салмағы да  көп жеті жасар алматылық баламен кездесті. Айқас өте тартысты өтіп, Юсуф 2:1 есебімен ұтты.

- Жыл аяғына дейін облыс құрамасын қандай жарыстар күтіп тұр?

-Сәуірде атыраулық ел құрамасының мүшелері Тайландқа оқу-жаттығу жиынына барады және сол жақтан Малайзияға кетеді. Осы уақытта Астанада балалар, жасөспірімдер және жастар арасында ҚР Кубогы өтеді. Оның жеңімпаздары Варшавада өтетін Еуропа Кубогына қатысады. Мамырда дәстүрлі ҚР қорғаныс министрінің кубогы өтіп, сол жерде Азия чемпионатына қатысуға үміткерлер іріктеледі. Күзде ересектер арасында ҚР Кубогы өтеді және оның жеңімпаздары Тайландқа Король кубогына барады.

Әуесқой муай-тайдан Қазақстан Тайланд, Ресей, Украина және Белоруссиямен бірге үздік бестікке кіреді. 2009 жылғы әлем чемпионатында біздің ұлттық құрама рекорд жасады. Сол кезде ҚР құрамасы «Б» санаты бойынша бірінші, «А» санаты бойынша үшінші орынға көтерілді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

27 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.