Атырау, 10 қазан 16:59
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Шын айыптыны анықтаудың шырғалаңы

2 591 просмотра

Ақжар поселкесіндегі оқушының өліміне қатысты атышулы істі тергеу әрі қарай жалғасты. Енді қылмыстық жауапкершілікке оның басқа екі ауылдасы тартылуда.

 

Естеріңізге салсақ, 16 жастағы Дархан ОЛЖАҒАЛИЕВТЫ 2009 жылдың 3-наурызында өлімші етіп сабап кеткен еді. Содан кейін қылмыс жасаған деген күдікпен екі жасөспірім - Махамбет ШОЛАҚОВ пен Роман ВОЗНЮК қамауға алынған. Осы істі тергеу бүкіл елді селт еткізген қайғылы оқиғаға ұласты. Әділетсіздікке күйінген М. Шолақовтың әкесі облыстық прокуратураның ауласында өзін-өзі өртеп жіберді. Осындай сұмдық әрекетпен ол қамаудағылардың кінәсіздігін дәлелдегісі келген болатын. Өйткені іс жүзінде қылмысқа мүлдем басқа жасөспірімдердің, соның ішінде Абылайхан ШОЛАҚОВТЫҢ қатысы бар екен. Оның кінәсін ағасы Махамбет өз мойнына алған көрінеді. Ал Вознюк әлдебір белгісіз себеппен «компания үшін» сотқа өз еркімен берілген. Ал сәл кейінірек Абылайхан мойындау жауабын берген кезде, бәрі кеш болған еді. Өйткені «жүйе механизмі» іске қосылып кеткен болатын.

Атырауға өзін-өзі өртеу актісінен кейін «жұмыс сапарымен» асығыс келген ҚР Бас прокуроры Қайрат МӘМИ марқұмның талабының заңсыз болғанын мәлімдеді. Алайда ол тергеу ісі мен прокуратура өзін-өзі өртеу оқиғасын болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаулары тиіс еді дегенді атап өтті.

Бас прокурордың пікіріне қарамастан, алқа билер Шолақов пен Вознюкті ақтап шығады. Ал ҚР Жоғарғы соты прокуратура наразылығын қарап шығып, алқа билердің үкімін бекітеді. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін шала-шарпы әзірленген қылмыстық іске жауапты полиция мен прокуратура қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылған, ал істің өзі қосымша тергеуге қайтарылған. Сөйтіп ол ұзақ айларға созылған болатын.

Қаза болған Дарханның анасы Анар КРУШЕВА, тіпті, Бас прокурорға, ішкі істер министріне және Атырау облысының әкіміне әділдік орнатуға қол ұшын беруді өтінген және қылмысқа қатысты алты адамның есімдерін ашық атаған хат та жазған. Алайда одан ештеңе шықпайды.

«Қылмысқа қатысушылар енді – поселкенің «батырларына» айналды, «авторитеттер» құсап талтаңдап жүр, - деп әңгімеледі Анар мен оның апасы Зульфия. – Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабын енді анағұрлым жеңіл «Өлімге әкеп соқ-қан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабына ауыстырған. Әділдік іздеп шарқ ұрған бізді прокуратурадағылар да, ІІД-гілер де көргілері келмейді. Ал жоғарыдағы инстанциялар істің бақылауға алынғанын мәлімдеп, бірақ оның жергілікті деңгейде шешілетіндігі туралы жазбаша түрде жауап береді».

Айтпақшы, ақталғаннан кейін Шолақов пен Вознюкті «жалғандық детекторынан» өткізу көзделген еді. Сол үшін Астанадан ІІД-не арнайы қызметкер келіпті. Сол кезде оларды тергеу ісінде және сот барысында қорғаған адвокат Бақберген АЙТМАҒАМБЕТОВ өз пікірін білдірген: «Күдіктілер белгілі болып, оларға нақты айғақтар келтірілсе де, қылмыс екі жыл бойына тергеліп келеді. Қорғалушыларымның ақталуы белгілі бір полицейлер мен прокурорлар шеніне соққы боп тигендіктен, олар жағалылардың абыройларын сақтап қалу үшін әрекет етуде».

Ақыры детектормен тестілеу жүргізілген жоқ, өйткені адамдар ақталып шықты ғой. Әрі қарай не болмақ? Сөйтіп 2010 жылдың 24-желтоқсанында қылмыстық жауапкершілікке Абылайхан Шолақов пен Сағындық ТҰРҒАЛИ тартылды. Мұның біріншісі қылмыс жасағанын баяғыда-ақ мойындаған еді, ал екіншісі осы уақыт бойына куәгер ретінде танылған.

Кезінде Вознюк пен Шолақовтың мойындау жауабын бергендіктерін, олардың «кінәларының дәлелденбеуі» себепті ақталып шыққанын алға тартқан С.Тұрғалидың адвокаты Тамара ЖҰБАНЫШЕВА өз қорғалушысын кінәсіз деп отыр. «Әкесінің прокуратура ауласында өзін-өзі өртеу фактісі алқа билерінің ақтау үкімін шығаруына эмоциялық тұрғыда әсерін тигізді, - деп жазады ол облыстың жаңа прокурорының атына жазылған арызда. – Менің қорғалушымның тарапына жасалған күдік тек үш адамның айғағына негізделген. Олар екі жылғы тергеу ісінен және сот отырысынан кейін алғаш рет өздерінің бастапқы жауаптарын өзгерткен. ҚР Конституциясының 77-бабына сәйкес бұған жол беруге болмайды. Олар, А.Шолақовтан басқалары, бұрын бірдей және тұрақты түрде Тұрғалидың жауабына ұқсас жауаптар беріп келген».

«Жарты жылдан бері менің қорғауымдағы адамға айып тағылған жоқ. Бізге белгісіз себептермен қылмыс бойынша тергеу ісі әлденеше рет тоқтатылды, - дейді Т.Жұбанышева. – Меніңше ІІД тергеу басқармасының басшылығы істің сотқа жететіндігіне сенімді емес секілді».

Әріптесінің пікіріне қарамастан, адвокат Бақберген Айтмағамбетов (ол енді кіші Шолақовтың қорғаушысы) қылмысқа қатысушылардың кінәларын растайтын куәгерлік базаның жеткілікті екендігіне сенімді. «Тергеу ісі мен сот барысында үлкен Шолақов пен Вознюктің кінәсіз екендігі белгілі болды. Менің қазіргі қорғалушым мойындау жауабын баяғыда берді. Ол жауапкершілікті мойнына алуға дайын», - деп түсінік берді ол.

Ал біз оқиғаның аяқ алысын қадағалайтын боламыз.

Лев ГУЗИКОВ

9 маусым 2011, 00:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.