Атырау, 19 желтоқсан 00:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

Ағзаның осалдығы

2 456 просмотра

Біздің қазір тарих оқулығына жазылатын оқиғалардың куәгерлері екенімізбен әр адам келіседі деп ойлаймын. Әрине, ол оқулықты жазатын және оны оқитын адамдар қалса. Әлемдегі ахуалдың тез өзгеретіні соншалық, егер жарты жыл бұрын қазіргі тайталасқа қатысушылар серіктестік сұхбаты терминдерімен сөйлескен болса, күні кеше ғана бұл суық соғыс кезеңінің диалогына айналды. Ал кеше тараптардың бірі бір-біріне тікелей қоқан-лоққы жасай бастады (шамасы әр адам АҚШ-тың «радиоактивтік күлі» туралы естіген шығар). Осыған байланысты азғана «өз» сөзімді кірістіріп, қазіргі ахуалдың біздің тіршілігіміз бен еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне қалай әсер ететіндігі туралы көптеген бағалаулар мен болжамдарға өз пікірімді қосқым келеді.

Бұл талдау республикадағы шиеленісті оқиғалардың түрлі сценарийлерінің дамуын суреттемейді, сонымен қатар қандай да болмасын топшылау жасап, баға бермейді.

Талдау біздің қоғамымыздың тіршілік ету саласының осалдығы тұрғысынан жасалған (жүйенің осалдығына талдау жасау туралы толығырақ Нассим Талебтың «Антихрупкость» кітабынан білуге болады). Ол зерттелетін нысанға әсер ететін түрлі факторлар кездейсоқ өзгерген жағдайда, қалай болатындығына баға береді. Қарапайым мысал, егер ешкім қол сұқпаса, фарфор тостаған мыңдаған жылдар бойына бүтін күйінде, еш зақымсыз тұра алады. Егер кенеттен әлдене өзгеріп, тостағанды қолдана бастаса, бір кездері ол құлап, сынады. Сол кезде оның бүкіл осалдығы мен әлсіздігі көрінеді. Сол сияқты, өзгеріп жатқан қазіргі жағдай бізге пайдалы ма, әлде зиян ба? Республиканың экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және саяси жүйелері осал ма?

Экономикалық жүйеден бастайық. Қазақстан экономикасының негізі – біздің мұнайымыз, газымыз бен металлымыз екендігі белгілі. Мәселен, 2013 жылдың жедел ақпараты бойынша, осы үш тауарлық топ бойынша экспорттан түскен кіріс еліміздің ішкі жалпы өнімінің 32 пайызын құраған. Егер одан түскен кірістер төмендесе, экономиканың не болатынын елестетуге болады. Бұл жағдайда, кірістер олардың бағасының немесе жеткізілім мөлшерінің төмендеуінен азаюы мүмкін. Одақтың не болғаны баршаның есінде: мұнай бағасы құлдырап, ел аласапыран күйге түсті. Тек ол туралы жабырқаңқы естелік қана қалды. Егер Батыстың Ресеймен күрес әдістерінің бірі – тексерілген баға төмендету әдісін қолдану болса, таң қалмаймын.

Екіншіден – бұл жеткізілімдер. Өкінішке орай, бұл тұрғыда да нашар. Өйткені, біздің экспорт 2013 жылдың қорытындылары бойынша Батыс Еуропа елдерінде бүкіл 58 пайызды құрады. Экспорттың Шығыс бағыты (Қытай және басқалар) 20 пайыз шамасында. Жеткізілімдер қалай төмендейді? Бұл жерде екі жақтың экономикалық санкцияларының да болуы, түрлі диверсия, әскери іс-қимылдар салдарынан логистиканың болмауы да әсер етуі мүмкін, жай ғана әлсірей бастаған дүниежүзілік экономика салдарынан мұнайға, газға және металлға сұраныс төмендеуі мүмкін. Қытай бізді тарта қояр ма екен. Сондықтан, экономика тұрғысынан, біз әртараптандырылмаған экономика салдарынан (өндіріс бойынша да, өткізу бағыттары бойынша да) өте осалмыз.   

Әлеуметтік. Алдыңғы параграфта айтылған тәуекелдерді республиканың әлеуметтік саласына талдау жасау үшін де толықтай қолдануға болады. Өйткені, 2014 жылдың бюджет кірістерін жоспарлаған кезде мұнайдың бір барреліне 95 доллар деңгейде баға қойылды. Мұнай мен газ кірістерінің, беделді дереккөздердің ақпараты бойынша, республикалық бюджеттің үштен екі бөлігін толықтыратынын атап өткен жөн. Бұл көрсеткіш көрші Ресейде 55%-ға тең. Егер мұнай бағасы құлдыраса, бюджет кірістері қалай болмақ? Анықтама үшін, денсаулық сақтауға, ТКШ-ға және әлеуметтік қамту мен көмекке республикалық бюджет шығындары шамамен жоспарланған кірістердің 41 пайызын құрайды. Бұған мемлекеттік және азаматтық қызметкерлердің жалақыларын қосыңыз. Бұл жағдайда шикізат тауарлары бағаларының қаншалықты қатты құлдырайтындығына және олардың сол жерде қаншалықты ұзақ тұрақталатындығына көп нәрсе байланысты болады. Таяу келешекте, Ұлттық қордан, мемлекеттік қарыздардан трансферттер көмекке келуі, мемлекеттік бағдарламалар оңтайлануы мүмкін. Ұзақ мерзімді болашақта шикізат бағасына кіріптарлық қана төмендеуі мүмкін. Осылайша, бәрі де күйзелістің ұзақтығына байланысты болады. Әлеуметтік сала анағұрлым нәзік, әзірге Ұлттық қор мен қарыз алушылардың сенімі бар.

Демографиялық. Бұл өте шетін мәселе екенін мойындаймын, ол салмақталған тәсілдемені қажет етеді. Бірақ үлгі боларлық оқиға орын алды. Осыған байланысты толыққанды талдау осы мәселені қосуды қажет етеді. Қазақстанның өңірлері бойынша этностардың географиялық орналасуы біркелкі емес. Ол этникалық жекелей орналасудың демографиялық, тарихи ерекшеліктерімен және осы саладағы мемлекет саясатымен анықталады. Қазақтар саны бойынша республикадағы көп ұлт болып табылады және бүкіл халықтың 61%-ын құрайды. Алайда, егер әкімшілік бірліктермен бөліп қарасақ, облыстық маңыздағы 40-тан астам аудандар мен қалаларды санауға болады. Мұнда еуропалық халықтардың үлесі 50%-дан жоғары. Олардың көпшілігі Ресей Федерациясымен шекаралас жерде орналасқан. Осыған байланысты мынадай сұрақ туындайды: республикада ахуал тұрақсызданған жағдайда референдумдар мен төлқұжаттарды үлестіріп беру көмегімен біздің солтүстіктегі көршіміздің шекараны кеңейту сценарийі қайталануы мүмкін бе? Осалдық осы тұста да бар.

Талдауды саяси жүйемен аяқтайық. Азғана уақыт өткен соң, ұрпақтарымыз республиканың қалыптасуындағы алғашқы президенттің еңбегін, қазақ мемлекетінің негізін салушы, республиканың экономикалық және әлеуметтік дамуының сәулетшісі ретіндегі оның рөлін лайықты бағалайды деп ойлаймын. Алайда тәуелсіздікті алар кезде қалыптасқан және республиканың тәуелсіздігіне қатысты наразылықтар пен қоқан-лоққыларға жауап беретін мемлекеттік басқару жүйесінің қазіргі уақытта өз кемшіліктері бар. Жүйе тікелей мемлекеттік басқарудың болуымен, жергілікті билік органдарының тағайындалатындығымен және оны орталық әкімшілік өкілдерінің бақылайтындығымен сипатталады. Бұл жүйе жоғарыдан төмен қарай тұрғызылған құрылыммен құрылған. Әлеуметтік-экономикалық күйзелістер туындаған кезде, негізгі саяси тұлғалар кеткен жағдайда, жүйе өз құрылымының тұтқынына айналады. Өйткені мемлекеттік иерархиялық сатыда проблеманы дербес шешетін жеткілікті еркіндік жоқ. Бұл жағдайда елдің саяси жүйесінің осал екендігі айқын көрінеді.

Сөзімді түйіндей келе, елімізді бірқатар созылмалы сырқаттары бар ағзамен салыстырғым келіп отыр. Қазіргі уақытта ремиссия мен күшті иммунитет кезеңінде олардың белгілері байқалмайды. Алайда, егер иммунитет сәл әлсіресе, біздің ағзамыз өзінің осалдығын толықтай көрсетеді.

Қаржылық сарапшы Темірлан ЖАТҚАНБАЕВ, Алматы

24 наурыз 2014, 21:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.