Атырау, 24 қараша 03:17
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Индердің зарын кім естиді?

4 915 просмотра

Маусымның бірінде облыс әкімі Бергей Рысқалиевпен кездескен индерліктер жергілікті билікке өкпелерін айтқан еді.

 

НАРАЗЫЛЫҚ НЕДЕН ТУЫНДАДЫ?

Бір жұма күттіріп облыс әкімі келгенде елу шақты адам әкімдіктің ауласының сыртында  мұңын айтуға күтіп тұр еді. Тосыннан толқыған көпшілікті көрген жергілікті биліктің асып-сасып таратпақ болған ниетінен түк шықпады. Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла БАЛАХМЕТОВТІҢ «болды, тараңдар, сөйлесеміз ғой» дегеніне ешкім құлақ аспады. Әбден жауыр болған әңгімені ешкім елегісі жоқ, бізге керегі тек су десті. Ауыл тұрғындарын облыс басшысымен тілдестіруге мүмкіндік жасау орнына әкім орынбасары Балахметов «АЖ» тілшісінің диктофонына жармасып, тартып алмақ болды. Осылайша тәжікелесіп тұрғанда машиналар легі көрінді. Енді көпшілік облыс әкімі мінген машинаның соңынан жүгірді. Ол халықты сөйлесуге ішке шақырды. Бергей мырза әкім кабинетінен баспасөз қызметкерлерін шығарып жіберіп, облыстан бірге еріп келген нөкерлерімен жеке қабылдауын өткізді.

 

«АДАМДАР  ШЫДАМДЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

Әкімдіктің мәжіліс залында өткен актив жиналысындааудан әкімі Жанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВТІҢ осы жылдың төрт айында атқарылған жұмысынан есепті баяндамасы тыңдалған болатын. Оның мәлімдеуінше, ауданда жасалып жатқан жұмыс көншітерліктей, қысқаша айтқанда шағын кәсіпкерлік саны өсіп, білім саласында айтарлықтай жұмыс атқарылып, өнеркәсіп саласы дами түскен. Мәселен, жылына 3,5 млн. дана гипс блоктарын шығаратын цех, қуаты 120 мың тонна құрғақ қоспаларды шығаратын зауыт жұмыс жасауда. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мал басы, яғни ірі қара 933, қой-ешкі 3350, жылқы 427, түйе 189 басқа өсіпті. Алайда аудан әкімі қыстың қиындықпен өткенін, жеке шаруа қожалықтары мен «Есбол» ЖШС-інде мал азығының тапшылығына байланысты қойлардың қырылғаны жөнінде жұмған аузын ашқан жоқ. Шабындық жердің тапшылығы, жем бағасының бірнеше есеге өскені еленбей қалды.

«Жерді тек ағайындарына беріп жіберіп, игерілмей жатыр, тазалыққа құзырлы орындар жан салмайды» деп мұң шақты бұдан әрі аудан әкімі.

Рахметқалиевтің мәлімдеуінше,  поселке тұрғындарына тәулігіне үш мезгіл тоғыз сағат (1200 текше метр) су берілуде екен, өзеннің тасуына байланысты лай суды тұндыру бірнеше сағат уақыт алады-мыс.

- Дәлірек айтқанда, тұрғындар бау-бақшасын өсіріп отыр, тек тегін су алғысы келеді, - деді Рахметқалиев.

- Мен Махамбет көшесінің тұрғынымен, төртінші қабатта тұрамын, жасым жетпістен асты. Сол жоғарыға көтерілу қарт адам үшін қиын, осындай қәлмен қалайша су тасимын. Водовозбен су әкеледі, бірақ соны жоғарыға жеткізу қарт адамға оңай болмауда, - деді Кеңес САХИ.

Тағы бір сөйлеуші бұрынғы заманда иінағашпен су тасығанбыз, қазір бәрі құтырып болған деді. (Біз қай ғасырда өмір сүрудеміз екен?! Л. Қ.) Бұған қоса поселке тұрғыны Ғайни Ғабдуллина бұдан үш, төрт жыл бұрын «Дербес Құрылыс» ЖШС су құбырын жүргізіп, бітірмей тастап кеткенін тілге тиек етті.

- Осында түймедейді түйедей  етіп, іріткі салушы бес-алты адам бар, су тапшы болса бұл уақытша қиындық, елу, елу бестегі адамдар шыдамдылық танытпай ма. Жанкелді Рахметқалиев Қызылқоғаны көркейтіп кеткен әкім, тәжірибесі жеткілікті, жасаған жұмысы жаман емес. Кезінде осында бірнеше әкім өзгерді, бірі денсаулығына, бірі басқа жағдайлармен кетті. Ал Индер ауданының проблемасы көп болып тұр, - деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев.

 

ИГЕРІЛМЕГЕН ҚАРЖЫҒА КІМ ЖАУАПТЫ?

Бұл сапарында облыс әкімі Шығыс мөлтек ауданында іргетасы қаланып жатқан 300 орындық мектеп құрылысын тоқтатып тастады. Жұмысты жүргізіп жатқан «Эко Пласт» ЖШС-нің бір айғы жұмысы далаға кетті. Жер беруші жергілікті әкімдіктің қателігінен мектеп құрылысы басталмай жатып осылайша кідіріске тап болған еді. Екінші маусымда барғанымызда құрылыс жұмысшылары бос сандалып жүрді. Өткен жылы «Жас өркен» жазғы лагері айдалаға салынып (Жайықтан 5 км қашық) облыс әкімінің ренішін туғызғаны активте айтылмай қалған жоқ.

Аудан бойынша 230 млн. теңгедей қаржы игерілмей қалған. Бұл аз сома емес, тек соның 56 млн. теңгесі жаяу жүргінші жолына бөлінген қаржы еді. «Жас өркен» лагерінің газ желісін тартуға бөлінген 26 млн теңге және кәріз суларын тазарту, таза суға бөлінген қаржылар игерілмеуіне байланысты бюджетке кері қайтарылған. Балабақшалар, мектеп және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінде әлеуметтік аударылымдар уақтылы аударылмағандықтан бюджетке зиян келтірілген.

 

«МЕН СУҒА ҚАРЖЫ ТАУЫП БЕРЕМІН»

Суға бөлек тақырып арнауымыздың сыры жоқ емес. Өйткені су жыры аудандағы басты проблема. Бұдан бір жыл бұрын ауданға келгенде облыс әкімі Бергей Рысқалиев мырза жаңадан пайдаланылуға беріліп жатқан көпірдің, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің және су тазарту қондырғысының лентасын қиып тұрып, күллі көпшілікке «Енді он күннен кейін поселкедегі су жетпестігі толықтай шешіледі» дегені есімізде. Алайда 550 млн. теңгеге бағаланған СТҚ тапсырылмай, бір жылдан бері қаңтарулы тұр. Ол 2010 жылы тапсырылуы тиіс болатын. Бірақ соншама жылдан бері мердігер мекеме «АминаСтройСервис» ЖШС пайдалануға бере алмауда. Мамандар болса мембрандық жүйемен салынған СТҚ ағынды суға арналмаған дегенді енді ғана айта бастады. Және бұл қондырғы әлі күнге дейін тапсырылмаған дүние болып шықты. Айналып келгенде тәжірибе жүзінде жұмыс жасаған СТҚ бір айдан кейін істен шығып, тетіктері жанып кеткен. Амал жоқ 1974 жылғы салынған ескі СТҚ-мен су айдалуда. Бірақ 18 сәуірден кейін бірнеше күндеп ауыз суға зар болғандар босып кеткен болатын. Тіпті 20 мамырға дейін поселкеге екі сағат қана су берілгенін СТҚ бастығы Марат ХАМЗИН жасырған жоқ. Осыдан кейін жұрттан шыдамдылық кетіп наразылықтар пайда болғанын ешкім жасыра алмайды. Сонымен бірге су беруші КМК-ның қайта-қайта банкрот болуы және басшыларының жұмыстан кетуі отқа май құйғандай болғаны рас. Тіпті бұдан бірнеше жыл бұрын аудан әкімдігінің (КМК-ның құрылтайшысы) салғырттығынан поселкенің бір бөлек жазғы су құбыры жеке адамға сатылып та кеткен болатын. Негізі жазғы судың нақты қожайыны жоқ, жылма­ жыл әркімге бір телінумен келеді. Бірнеше жылдап иесіз қалып, тозығы жеткен су құбырыларын қалыпқа келтіру мүмкін болмауда. Жоғарыда әкімдік судың тапшылығы лай суды тазарту уақытының көптігінен, өзен қалыпқа келгенде бәрі орнына келеді дескен. Ал жергілікті мамандар болса күмән келтіреді, бастысы жазғы су болмай жұрт ауыз суға жарымайды. Суға есептегіш қою жылма-жылғы әңгіме. Қазір поселкеге он сағаттай таза су берілуде, жұртшылық осыдан бау-бақшасын суғарып та отыр. Поселкедегі бес водовоз көпқабатты үйлерге су тасуда, бұл да шектеулі. Сумен қамтушы «Индергаз» КМК-нің ішкі қаржылық жағдайы мүшкілдене бастаған, қарыздар қаптап тұр. Жалақыға бережақ көп, кәсіпорын басшысы Ербол ҚАДЫРОВТЫҢ айтуынша жұмысшыларға прокуратураның ықпалымен ақпанның ақшасының бір бөлегі берілген. Бірақ екі айдың еңбекақысы толық өтелмеген болып шықты. Көп кешікпей бұл да банкроттықтың кебін киетіні сөзісіз.

- Қазір ауданға қажетті қаржының бәрін тауып беріп отырмын. Мембрандық жүйедегі су тазарту қондырғысын бір айдың ішінде іске қосыңдар, егер олай болмаса мердігер компаниядан қаржыны кері қайтарып алыңдар, сотқа беріңдер. Осы жылдың аяғы мен келесі жылдың басында тағы да қаржы бөлемін ескі жүйемен су тазарту қондырғысы салынатын болсын. Қалай еткенде де халық жиырма төрт сағат бойы суды тұтынуы керек. Тек соған дейін шыдамдылық танытқаны жөн. Базар жөніндегі әңгімеге келетін болсақ, базардың толық жұмыс жасап кетуіне аудан әкімі де көмектесетін болсын. Және он алты Еңбек Ері шыққан ауданда ауыл шаруашылығының дамуы сын көтермейді. Қалай еткенде де ауданның проблемасын бірлесіп шешіңіздер, мен сұраған қаржыны тауып беремін. Тек сол қаржыны игере де білу керек, - деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

9 маусым 2011, 00:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.