Атыраудан 50 шақырым жерде орналасқан Сарайшық селосын сарыуайымға салдырып қойған проблемалар жетерлік.
КӨНЕ ҚАЛА КӨМБЕ АСТЫНДА ҚАЛА МА?
Қазақ хандығының бас қаласы болған Хан ордалы Сарайшықтың дамыған тұстары 10-14 ғасырларға сай келеді. Қалада миллионнға жуық халық тұрған. Оның салынуының ерекшеліктерін айтпастан бұрын қаладағы ең басты өркениет канализацияның дамып, судың құбырмен жеткізілгендігі. Ұлы Жібек жолымен ерекшеленетін хан ордалы Сарайшықты қырғындай қырып тастамағанда бұл жер одан сайын өркендеп кетер ме еді дейсің. Десек те, ақсақ Темір қиратуға қимаған, Қасым хан астана қылған шаһардың бейбіт күнде құрып кетіп бара жатқаны жаныңды ауыртары сөзсіз.
Қазыналы тарихымен жұртты еліктірген бұрынғы қала, қазіргі селоны хан да, қара да тамашалауға келеді. Бір ғажабы, көне шаһардың айналасында проблема деген бықып тұр. Биыл Жайықтың тасуы жылдағыға қарағанда ерен. Жергілікті тұрғындар судың етектей жайылып, шабындыққа шыққанына қуанысып-ақ отыр. Бірақ мұның бір осал тұсы өзенге жақын орналасқан көне шаһардың жылдан жылға суға жұтылып бар жатқаны. Қаланың басым бөлігін су шайып та кеткен еді, енді қалғанын сақтап қалудың қамына ешкімнің бас қатырғысы жоқ. Өзен суы арнасынан асып, кері қайтқанда жағада шүпірлеген сүйектер толып жатады екен. Жарқабақтар құлап, тайыздау көмілген адам сүйектері өзенге ағып, қалғаны жағада қалуы жылма-жылғы көрініс. Жергілікті әкімшілік сүйектерді көмуді ұйымдастырып та отыр. Тіпті су шайып кету қаупіндегі орыс моласын еріксіз көшірген. Ендігі кезек ескі Сарайшықта тұратын 90 үйдің басына қосқабат қауіп те төніп тұр. Оларды көшіру, болмаса басқа да шараларды қарастыру жағы кемшін қалған.
Жәдігерге қауіп төніп тұр
САМАШЕВТІ КІМ ҚОЛДАЙДЫ?
Құлама жарлар біртіндеп сөгіліп келе жатқаны қауіпті екенін археологтар баяғыда дәлелдеп дабыл да қаққан. Кезінде Батыс Қазақстандық археологиялық экспедицияның басшысы, «Археология» ЖШС-нің директоры, профессор З. Самашев бұдан бұрын облыс әкіміне екі ұсынысты ұсынған. Оның біріншісі өзен жағасын бекіту, ал екіншісі Жайықты көне ағысына бұру амалын қарастыру болатын. Профессор Самашевтың бұл ұсыныстарына Су шаруашылығы Министрлігі де бей-жай қарамайтынын мәлімдеген. Шындығында професордың екі ұсынысының бірін қолдау үшін қыруар қаржы керек еді. Оның сметалық жобасы да жасақталуы үстінде екен, дегенмен қазіргі күні бұл жабық тақырып күйінде қалған. Қалай еткенде де өткеннен ескерткіш болып тұрған көне қаланың қалған жұрнағын сақтап қалу және ескі Сарайшық селосында тұрып жатқан жергілікті халықты су тасқынынан құтқару амалын қарастырмай болмайды. Қазіргі басты проблеманың бірі осы болып тұр.
САРАЙШЫҚТАҒЫ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ
Кезінде дүрілдеп, қазір елеусіз қалған село қамқор қолға зәру. Жергілікті әкімшіліктің мәлімдеуінше, қолдан келер жұмысты ұйымдастырудан қашқан емес, дегенмен 436 үйдегі 2807 халықты толғандырар жайлар баршылық. Сарайшыққа кіре берістегі бес км. жолдың тесіктерін бітеп, қалпына келтіруге 49 млн. теңге бөлініп, оның жұмысын өткен жылы «Атырау Промдорстрой» ЖШС жүргізіпті. Кепілдік мерзімі екі жыл. Осы жолдың кейбір тұстары сөгіліп, шұңқырлар пайда болған. Дегенмен қаржының аз бөлінуіне байланысты жамап жасқаудан ары аспаған жолдың жыры бітпейтіні анық. Село көрікті жерде орналасқанымен көгалдандыру жайы керемет деуге келмейді. Десек те, селоны айнала жатқан каналды толтыру үшін мотор күні бойы істеп тұр. Бұдан ондаған ғасыр бұрын Сарайшықта канализация, су құбыры болған. Ал қазір жаздық судың құбыры тартылмағандықтан арықтарды пайдалану көзделуде, әр үйге оны жеткізудің өзі қиямет қиын. Судың ортасында отырып су тапшылығына ұшырағандар бау бақша өсіре алмай отыр. Ал таза су құбыры бұдан оншақты жыл бұрын жүргізілгенімен оның бойынан су тамған жоқ. Қыруар қаржы жұмсалған бұл таза су құбырының пайдасын халық көрместен шіріп кетті. Енді биыл ескі Сарайшықта таза су құбыры жүргізіле бастапты. Әкімдіктің мәлімдеуінше алты су тасушы техникалар қажеттілікті өтеп тұрған көрінеді.
БАЛАБАҚШАҒА, МЕКТЕПКЕ МҰҚТАЖДЫҚ
Селода кәсіптік техникалық лицей, тарихи шежіреге толы мұражай мен мешіт бар.
- Мәдениет үйі әбден тозып бітті. 1975 жылы салынған бұл орынның төбесі 2000 жылы жөндеуден өтті, өйткені сау тамтығы қалмаған төбеден жаңбыр саулап тұратын. Содан бері күрделі жөндеуге деп бюджеттен қаражат қаралған емес, тек жеңіл жөндеуді өзіміз жүргізудеміз. Қосымша ақы табу қиын, тек жазда, онда да демалысқа келген студенттерге арнап ақылы би кештерін ұйымдастыратынымыз бар. Былайғы кезде мәдениет үйінде өткен шаралардан табыс құралмайды. Былтыр қырық мың теңгеге жеңіл жөндеуөткіздік, соған отыз банк еден сырын алғанбыз. Өйткені едендер әбден тозған, шұрқ тесік. Сол еденді сырлағанымызбен оншақты күннен соң баяғы таз қалпына келді. Негізі еден ағашын жаңалау керек. Мәдениет үйінің мұқтажы көп, бірақ оған назар аударылмай келеді, - дейді мәдениет үйінің директоры Алма ТАПАҚОВА.
Мектепке, балабақшаға екі шақырымдағы ескі Сарайшық балалары автобуспен келеді. Осындағы Қ. Қарашаұлы мектебінде 517 бала оқиды. Орын тапшылығы салдарынан қосымша пәндерді оқыту мүмкін емес. Ал жаңа мектеп салу индикативтік жоспарға енбей тұр. Балабақшаға сұраныс та өткір күйде қалған, қазірдің өзінде 85 ата-ананың арызын қанағаттандыру мүмкін болмай отырған көрінеді. Қосымша балабақша ашу жайы ойластырылмаған.
- Селоның орналасуы, табиғи көркемдігі басқаларға қарағанда ілгері. Десек те, жоғарыдағы айтқан мұқтаждықтар мен проблемаларды азайту мүмкін болмауда. Мәселен, көне тарихи орынды сақтап қалу әңгіме болып айтылды да қалды. Егер тосқауыл болмаса су тасымалынан кейін ескі Сарайшық тұрғындарына қауіп төнуде. Ескі қаланың орны да жапырылып жардың астында қалып, құрып кету қаупінде тұрғаны рас. Хан ордасы Сарайшықты қауіп қатерден сақтап қалғаны бәріміз үшін абырой болатыны сөзсіз болар еді. Бірақ біздің қолымыздан не келеді, асылы бәрі жоғары жаққа тіреліп тұр. Миллиардтаған қаржы шығаруға солардың күші ғана жетеді. Су жайы да күрделі қалып тұрғаны рас, ағымдағы негізде таза су құбыры жүріп жатыр ғой, - дейді Сарайшық селосы округінің әкімі Алмажай МӘСТЕКОВА.
Мәдениет үйі, мектеп, балабақша болғанымен олардың басындағы жетім күй не болады?
Жаңа обьекті салу қарастырылмаған, жоспарға енбеген. Сол себепті КТК арқылы демеушілікпен бөлінген қаржылар осы обьектілерге жұмсалса деп ойлаймын. Мектепке, балабақшаға сұраныс өспесе кемімейді. Биылдан бастап жеке тұлғаларға жер телімін беру тоқтатылды, өйткені осы селоға көшіп келушілер, үй салушылар жылма жыл көбеюде. Бұл дегенің болашағы бар дегенді білдіреді, сондықтан балабақша саны ұлғайту, жаңа мектеп салу кезек күттірмейтін мәселе болуы қажет.
Тарихи қойнауынан сыр болып аққан көне Сарайшық қаласы сақталып қалса дейсің. Десек те бірнеше ғасыр өтсе де кезіндегі су мен канализация жайын ертеректе үйлестіргенімен қазір алынбас қамалға айналуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Махамбет ауданы
Суретті түсірген автор