Атырау, 21 желтоқсан 10:01
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Зілтемірді көтеруге кезекке тұрады

4 382 просмотра

Атыраулық зілтеміршілердің жағдайы қалай? Біз ауыр атлетика бойынша облыстық құраманың аға бапкері Игорь МЫРҒАМБАЕВПЕН тілдескен едік.

САЛМАҒЫН АУЫРЛАТТЫ

- Игорь Мыңбайұлы, сіздер үшін 2013 қандай жыл болды?

-Өткен жылы көп ешқайда шыққан жоқпыз. Тек Хромтау мен Оралда болған турнирлерге қатыстық. Хромтауда Асылхан Бекешев пен Руслан Айтқожин, Оралда А. Бекешев, Фархад Серікқалиев және Бекзат Нұрмұханов алтын иеленді. Жігіттер көп уақыт дайындықсыз қалды. Қазақстан чемпионатына бірде-біреуі дайын болған жоқ, сондықтан да бармауды жөн көрдік. Қазір кішкене ілгерілеушілік бар. А. Бекешев өткен жылы 70 келі зілтемірді көтерсе, қазір 95 келіні бағындырып жүр. Басқа спортшылар да өз нәтижелерін 15-20 келіге арттырды.

- Мұндай нәтижелер Қазақстан чемпионатында жүлде алуға жете ме?

- Чемпионат барысында белгілі болады. Мойындаймын, бұл жүлде үшін жеткіліксіз. 5-6 орындар деңгейінде. Алайда, ауыр атлетикада көп нәрсе бабыңнан гөрі бағыңа байланысты...

2011 жылы бюджеттік бағдарлама бойынша бізге сапасыз зілтемірлер әкеліп бергеннен кейін шәкірттерім «босаңси» бастады. Заманауи зілтемірлер темірден жасалып, каучукпен қапталады. Ал бізге ішіне қара уақ материал толтырылған пластик зілтемірлер алып келді. Спортшылардың көтеріп, жерге лақтыруынан олар бірден шашылып қалды. Бір жақсысы, менде кеңестік уақыттан қалған бірнеше темір зілтемір бар еді. Алайда ол барлығына жете бермейді. Жігіттер зілтемірге кезекке тұрам деп шаршап, ерініп қалып жатады. Осыдан нәтижелер күрт түсіп кетті.

Қазір бізге Қазақстан ауыр атлетика федерациясының өкілдері келді. Олар дайындық залын, жарамсыз зілтемірлерді суретке түсіріп әкетті. Залға жөндеу жүргізіп, құрал-саймандармен көмектесеміз деп сөз берді.

-Биыл болатын турнирлер туралы айтыңызшы.

-Ауыр атлетикада қашан да адамдар тұрақты болмайды. Жігіттер біздің секцияға келіп, «физикасын» жөндеп алып, кейін еркін күрес, самбо, дзюдо сияқты жекпе-жек түрлерін таңдап жатады.

Мамырда өтетін 1996 ж.т. және одан кіші жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына ағайынды Эльдар және Мансур Меңдібаевтар, А. Бекешев, Батырхан Жайлым барады. Жастар арасындағы ел чемпионатынаАмантай Мейірбек, Ф. Серікқалиев қатысады. Жыл аяғында ересектер арасында ел чемпионаты өтеді.

Мен үздік шәкірттерімнің бірі Әлібек Баймұхановтың жаттығуды қайта бастағанына қатты қуаныштымын. 2004 жылы ол 62 келіге дейінгі салмақта серіппе көтеруде 132 келі, жұлқа көтеруде 105 келі нәтижемен Қазақстан чемпионатының қоласына қол жеткізген болатын. 2009 жылы Азамат Тәуекелов те Қазақстан чемпионатында осылай сәтті өнер көрсетті (серіппе көтеруде – 127 келі, жұлқа көтеруде – 110 келі). Спортта жетістікке жеткен олар жақсы жұмыс тауып, отбасылы болды.

 

ҚУАНГҮЛ ЖАҚСЫ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ БОЛА БІЛДІ

- Үздік шәкіртіңіз, кір тасын көтеруден үш дүркін әлем чемпионы, Еуропа кубогының иегері Қуангүл Досахаева қазір қайда?

- 2010 жылы маған облыстық спорт басқармасынан телефон соғып, кір тасын көтеруді жаттықтыруымды қойып, зілтеміршілерді дайындауымды талап етті. Қоңырау шалған Берік Жанкеев еді. Облыстық спорт басқармасы басшысының аузынан «кір тасын көтеру спорт емес» деген сөзді есту күлкілі жағдай. Алайда біз соған бағындық. Осы себептермен ардагерлер арасында әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Евгений Михайлович Ухов жарыстарға баруын тоқтатты.

Кір тасын көтеру спорты шеттетілді. Қазір онымен ешкім шұғылданбайды. Қуангүл бұл уақытқа дейін Мақат аудандық БЖСМ-де жаттықтырушы болып жұмыс жасады. Ол үш жыл бойы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Оның қоржынында ең беделді турнирлердің алтыны мен күмісі бар. Оны әлем чемпионы еткенім үшін мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алдым.

Қуангүл бізге 2006 жылы, Атырауға политехникалық колледжде бұрғылаушы мамандығын игермек болған шағында келді. Мен оған кір тасын көтеру спорты бойынша жаттықтыруға дайын екенімді айттым. Бұл спортта да тәжірибем бар еді – жас кезімде кір тасын көтеруден Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері және құрамында Владимир Мичри, Владимир Смагин, Владимир Буренков және Николай Котельников сынды мықтылар болған облыс құрамасының сапында республикалық «Динамо» қоғамының 4 дүркін чемпионы болдым. Қуангүл - өте еңбекқор қыз. Менің барлық тапсырмаларымды бұлжытпай орындап, әдістемеде көрсетілгеннен көп шұғылданды. 2008 жылы ол Көкшетауда Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды. Кейін Архангельскіде, Смоленскіде және Мәскеуде өткен әлем чемпионаттарының алтынына, Балтық елдерінде өткен Еуропа чемпионатының күмісіне және т.б. жүлделерге ие болды.

Қазір Қуангүлдің өз шәкірттері бар. 2012 жылы Лисаковскіде өткен ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында мақаттық қыз Гүлжан Бесбай қола иемденді. Бұл - өте жақсы нәтиже. Қуангүл жаңа талантты ашты...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

13 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.