Атырау, 9 қараша 18:31
 ашықВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Бос уақыт текке өтпесін

5 521 просмотра

Жұмыс берушінің алдауына түспес үшін нені білу керек

Қаладағы мектептердің бірінің түлегі Марина Самойлова өткен жылы жазғы демалыс кезінде жұмыс істеп, ақша тапқысы келген екен. «Білімі мен тәжірибесі жоқ жас жұмысшыларды жұмысқа ала қоймайды,- деп қынжылады ол. – Жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер үшін жұмыс көп емес. Оның үстіне көптеген жұмыс берушілер олардың тәжірибелерінің жоқтығын пайдаланып, көбінесе алдап кетеді».

– Өткен жазда газеттегі хабарландыру бойынша жеткізу қызметіне курьер боп орналастым. Осы қызметтің басшысы бір ай сынақ мерзімінде жұмыс жасауды ұсынып, содан соң ғана штатқа алатындығын айтты. Бір ай бойына қала ішінде конверттер мен бандерольдарды тасып жүгірумен жүрдім. Ал сынақ мерзімі бітуге бір күн қалғанда маған кісімен тіл тапқыш емессің дегенді желеуретті де, қош айтысты. Еңбектеніп жұмыс істеген бір ай үшін көк тиын да алған жоқпын. Бәрі де жұмыс берушінің сөзіне сеніп қалғандығымнан болды. Көп таныстарымды да осылайша алдап кетіпті. Менде тіпті, жұмыс берушілер жастарды сынақ мерізімінде жұмыс жасату үшін әдейі жалдап, содан соң шығарып жібереді-ау деген түйсік қалыптасты. Жұмысы да атқарылады, жалақы да төлемеуге болады дегендей, - деп өз пікірімен бөлісті Марина.

Көптеген оқушылар мен студенттер жазғы демалыстарын пайдалы жұмыспен ұштастырғылары келеді. Егер студенттер болашақ мамандықтарына қатысты жұмысқа орналасуға мүмкіндік тапса, оқушылардың таңдаулары көп емес. Жазда табыс табу үшін кең тараған орындар: даяшы боп жұмыс істеуге болатын кафелер мен мейрамханалар, білімді қажет етпейтін көлік жуатын орындар мен жанар-жағармай стансалары, жинақылық басты рөл атқаратын курьерлік қызметтер мен алуан түрлі промо-акциялар. Әлдебір дүкенге сатушы боп, клинингтік агенттікке (тазалау қызметтерін көрсететін агенттік), әйтеуір, арнайы білім мен өзіндік дағдыларды талап етпейтін кез-келген жерге орналасуға болады. Текке жоғалған уақыт пен ала алмаған ақша үшін ішің удай ашымасын десең, өз құқығыңды біліп, оны пайдалана білу керек. Кәмелетке толмаған жұмысшылардың жұмысқа орналасу ережесі туралы бізге атыраулық «Эксперт» заңгерлік компаниясының заңгері Дмитрий ВИНЮКОВ әңгімелеп берді.

 

Бірінші ереже - «Келісім-шарт»

Ең бастысы - жұмысқа орналасу кезіндегі еңбек келісім-шартын жасау керек. Өкінішке орай, көпшілігі жай ғана формальдылық деп қарайтын бұл құжатта бәрі де – міндеті, жұмыс кестесі, еңбекақы сомасы және т.б. көрсетілуі тиіс.

Жастардың тәжірибесі жоқтығын пайдаланатын жұмыс берушілердің көпшілігі оған келісім-шартсыз сынақ мерзі-мінде жұмыс жасауды ұсынады. Мұндай күмәнді ұсыныспен келіспеген жөн. Жұмыс берушінің жұмысшымен жасауға міндетті еңбек келісім-шартында сынақ мерзімі, оның ұзақтығы, сондай-ақ, төлемақысы да айтылуы тиіс.

Кәмелетке толмағандар үшін еңбек келісім-шартын жасау кезінде өзгешеліктер бар. Олардың жұмысқа орналасуы ата-аналардың бірінің, қамқоршысының немесе қорғаншысының жазбаша келісімімен ғана мүмкін болады. Бұдан басқа, 18 жасқа толмағандар алдын ала медициналық тексеруден өтулері тиіс.

 

Екінші ереже - «Уақыт»

18 жасқа толмаған жұмысшылар үшін қысқартылған жұмыс мерзімінің ұзақтығы бекітіледі:

1. 14-тен 16 жасқа дейінгі жұмысшылар үшін аптасына 24 сағаттан аспайды;

2. 16-дан 18 жасқа дейінгі жұмысшылар үшін аптасына 36 сағаттан аспайды;

3. Оқу жылында оқуларын еңбекпен ұштастыратын білім беру мекемелерінде оқитын 14-тен 16 жасқа дейінгілер үшін – күніне 2,5 сағат, 16-дан 18 жасқа дейін күніне 3,5 сағат.

Жұмыс берушінің кәмелетке толмаған жұмысшыларды түнгі уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа, жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі жұмысқа тартуға, оларды іссапарларға және вахталық әдіспен атқарылатын жұмыстарға жіберуге, сондай-ақ, жыл сайын ақылы еңбек демалысынан кері шақырып алуға құқығы жоқ.

 

Үшінші ереже – «Лауазым»

Кәмелетке толмағандарға кез-келген жұмыс сай келмейді. Мәселен, ауыр жұмыстарды, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстарды, сондай-ақ, орындалуы олардың денсаулығы мен имандылығының дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарды істеуге тыйым салынады. Ал жалпы осы тыйым салынған тізімде шамамен 130 кәсіп белгіленген. Олардың ішінде, битум қайнатушы, газ қондырғыларын реттеуші, жанар-жағармай стансасындағы май құюшы, спирттік және темекі өнімдерін сатушы, түнгі клуб қызметкері, балабақшадағы бала күтуші және т.б. бар.

 

Төртінші ереже – «Сынақ мерзімі»

– Сынақ мерзімі кезінде алдау – жұмыс берушілердің сүйікті тәсілдері, - дейді Дмитрий Винюков. – Сынақ мерзімі кезінде жұмыс беруші қызметкермен еңбек келісім-шартын жасаудан, оған еңбекақы төлеуден бас тартады. Көбінесе сынақ мерзімінің аяқталуына бірнеше күн қалғанда қызметкерге жұмысты дұрыс атқара алмағандығын мәлімдеп, қош айтысады.

Еңбек келісім-шартының сынақ мерзімінің бар-жоғына қарамастан жасалатындығы туралы айтып кеттік. Заң бойынша сынақ мерзімі үш айдан аспауы керектігін білген маңызды. Жұмысқа қабылдану кезінде тиісті лауазымға орналасуға конкурс бойынша жұмысқа қабылданатын адамдарға, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымын бітірген және алған мамандығы бойынша жұмысқа алғаш кіретін адамдарға, мүгедектерге сынақ мерзімі белгіленбейді.

Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкердің жұмысы теріс нәтиже берсе, жұмыс беруші сынақ мерзімі аяқталуына күнтізбелік жеті күн қалғаннан бастап қызметкерге жазбаша түрде ескертіп, бұл қызметкерді сынақ мерзімінен өте алмады деп тануға негіз болған себептерді көрсете отырып, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы.

Бірақ жұмыс берушінің қызметкерді сынақ мерзімі толықтай аяқталғанша жұмыстан шығаруға құқығы жоқ (кей жағдайдан басқа, мысалы, актілер, ескертулер болған жағдайда жұмысқа шықпағанда және т.б.). Егер сынақ мерзімі аяқталса және тараптардың ешқайсысы еңбек шартының бұзылуын талап етпесе, онда қызметкер сынақтан өткен болып есептеледі.

 

Бесінші ереже - «Еңбекақы»

ҚР Еңбек Кодексінде жазылғандай, 18 жасқа жетпеген қызметкерлердің еңбегін төлеу қысқартылған жұмыс ұзақтығы есебімен жүргізіледі. Он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер үшін жұмыс нормасы жалпы нормаларға байланысты белгіленеді. Бір сөзбен айтқанда, қанша жұмыс істесең, сонша ақы аласың. Шатақ шықпас үшін, еңбекақы сомасын жұмыс берушімен алдын-ала келісіп алған жөн.

Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

2 маусым 2011, 16:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.