Атырау, 11 қазан 09:43
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Қазақшаңыз қалай?

8 870 просмотра

Қазақ тілін үйрену керек деп бәрі айтады. Тіпті оны айтып келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Қазақ тілі туралы заң қабылданып, қазақ тілін дамытуға арналған 2001-2010 аралығындағы он жылдық бағдарлама да аяқталды. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Неге?Өткен аптада «Мен қазақша білемін!» атты өзге ұлт өкілдері арасында өткен байқау осы сауалға табылған жауап тәрізді.

 

АЛДЫМЕН ЖОБА ЖАЙЛЫ

Орыс тілді ұлт өкілдері арасындағы қазақ тілін насихаттау жобасының ұйымдастырушысы академик З.Қабдолов атындағы қор. Оған ТШО ЖШС қаржылық демеу көрсеткен. Жобаның авторы, Қабдолов қорының директоры философ-ақын Бекет Қарашиннің айтуынша бұл байқау өткен сәуірден бері қарай жалғасып келеді. Ол үш кезеңге бөлініп өткізілген. «Мен қазақша сөйлеймін!» деп аталатын алғашқы кезеңінде қатысушылар қазақ тіліндегі классикалық я болмаса қазіргі авторлардың проза немесе поэзия жанрындағы шығармаларынан үзінділерді көркем оқудан сынға түскен. Әрі қазақ тіліндегі халық және қазіргі әндерді орындау шеберліктерін танытқан.

Ал « Мен қазақша жазамын» деп аталған екінші кезеңінде олар эссе жазудан бәсекеге түскен. Олардың жазған эсселері жергілікті газеттерде жарияланған екен. Соңғы «Менің Отаным-Қазақстан!» кезеңінде тарихи-мәдени тақырыптағы викториналық сауалдарға жауап берген.

Жоба авторының сөзіне сүйенсек байқауға Атырау, Құлсары қалалары мен Жылыой, Махамбет, Индер аудандарынан 98 қатысушы талап білдірген. Алайда оның екінші кезеңіне олардың тек 28-і ғана жетіпті. Ал жүлделі үш орынды қазақ тілін еркін меңгере білгендерін көрсетуге тырысқан 14 үміткер бөлісті.

Бірінші орынға белгіленген ноутбукты «Атыраунефтемаш» кәсіпорыны қызметкері Валентина Ешимова жеңіп алды. Ал екінші орынды иеленген АМУ-дің физика-математика факультетінің студенті Анна Захарова бейнекамераны сыйлыққа алса, үшінші орынды еншілеген Махамбет ауданы, Ақ жайық ауылының «Қызыл үй» орта мектебінің 8-сынып оқушысы Вероника Лиге сандық фотоаппарат табыс етілді. Басқа барлық қатысушылар атаулы дипломдар мен ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Байқаудың қорытынды кезеңінен соң барлық қатысушылар Н.Жантөрин атындағы филармония сахнасы төрінен өз өнерлерін көрсетті

 

ҚАЗАҚША ҮЙРЕНУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Байқау жеңімпазы Валентина Ешимованың айтуынша «сөйлеу керек тек қана сөйлеу керек». Валентина Ксенофонтовна Махамбет ауданының тумасы. Осындағы Сарайшық ауылындағы көп балалы Ешимовтар отбасында дүниеге келген ол қазақ тілін кішкентайынан қазақ балаларымен ойнап жүріп меңгергенін айтады.

- Бала кезімде шөлдеп кетіп, құрбы қызымның үйіне кіріп «дайте воды» деп су сұраған едім. Оның әкесі алдымен «су беріңізші» деп айтып үйрен, әйтпесе сусыз қаласың деді. Мен сол сөзді қайталап су сұрап іштім. Ал мектепке қазақ тілін жақсы меңгеріп бардым,-дейді ол.

Валентина Ешимова бұл байқау туралы аяқ асты газетте жарияланған жарнамадан білдім дейді.

- Бұл нағыз сынақ болды. 5 сыныптан бастап тарих пәндерін бәрін қайта оқып шықтым. Эссеге әкем туралы естелік ұсындым. Өзім ән айта алатын едім оның да көмегі тиді. Ал викториналық 15 сұраққа 1 сағатта жауап бердім. Бірақ жеңемін деп ойлағаным жоқ. Себебі бұл менің бірінші рет қазақ тілі конкурсына қатысуым,-дейді Валентина Ешимова.

- Сіз өзіңіз қазақ тіліне деген қажеттілік бар деп санайсыз ба? Қазақ тілін білу-білмеудің карьера жасауға кедергісі бар ма?

- Әрине, ресми қажеттілік күн санап артып келеді. Бірақ менің ойымша қазір қазақша білмеудің карьераға әсері жоқ тәрізді. Дегенмен оны үйрену ешкімге зиянын тигізбейді ғой. Балам мен немерелеріме қазақша үйретуге тырысамын, үйде кейде сөйлеймін. Бірақ одан не пайда? Төңіректегілердің бәрі орысша сөйлейді

Мен Валентина Ешимованың ашты шындықты айтқанына разы болдым. Ие, қазақ тілі мен карьера арасында әзірге ешқандай байланыс жоқ. Тіпті оған деген сұраныстың өзі күмәнді. Бірақ оған кім кінәлі?

 

«ТІЛДІ ҰСТАХАНАДАҒЫ ҚАРУДАЙ ҚҰЮ ҒАНА ЕМЕС, БАҚТАҒЫ ГҮЛДЕЙ БАПТАУ ДА ҚАЖЕТ»

Бұл сөздің де авторы Бекет Қарашин. «Мен қазақша білемін!» жобасының ұйымдастырушысы философ-ақын қазақ тілін жете меңгерудің түбірін тілге деген қарым-қатынастан іздеу керек дегенді айтады. Немесе ақынның өзі шығарған афоризммен айтсақ «байқауға қатысушы құйып толтыратын ыдыс емес, үрлеуді тілеп тұрған жалын».

-Біздің мақсатымыз ешкімді қазақшаға үйрету емес, қазақ тіліне деген көзқарасты түбірінен өзгерту. Көбі қазақ тілін үйренуді оқып-жаттаудан бастайды.Ол дұрыс емес.Ал біреулер қаламаса да оқуға ұмтылады. Ең алдымен адамның қазақ тіліне деген қажеттілігі мен қалауын оята білу керек. Осы тұрғыдан алғанда бұл байқау пилоттық жоба болғанына қарамастан өзінше бір тіл үйренудің әдісі болды. Оған қатысушылар өз беттерінше көп ізденді.

Сондай-ақ Бекет Қарашин қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін тележүргізуші, диктор, мәдениет саласы қызметкерлері қылып жұмысқа алса бұл қазақ тіліне деген қызығушылықты басқа этностар арасында арттыра түсер еді деген де ой болған дейді. Бірақ өкінішке орай бұл саладан біздің жұмысымызға әзірге мән берген ешкім болған жоқ деп ренжіді жоба авторы.

СӨЗ СОҢЫ

Қазақ тілі туралы талай дүниелер жазылып, талай тартыстар өтіп келеді. Бірақ одан шалақазақтардың толыққанды қазақтарға айналып жатқаны шамалы.

Есіме тарихшы Амандық Амирхамзиннің тілге қатысты ойы түсті. «Мынадай бір жайсыз жайтты мысал еткім келеді. Бір кездері Еділ мен Жайықтың арасын саны жағынан қазақтардан әлде қайда көп, тілі жағынан қазақтарғы тым жақын халық ноғайлар өмір сүрді. Бірақ тарихи жағдай солай қалыптасты, бүгінде олардың саны бар болғаны 100 000 адам. Біздің халқымыздың осы ұлттың тағдырын қайталамауын тілеймін. Сондықтан қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керек» деп жазады тарихшы. Келісесіз бе?

Сания ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

15 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.