Қалалық әкімдіктің қызметкерлері мен басшылық құрамынан «Жекешелендіру» блогы бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасуда. Бұл күндері 50 автобустан тұратын автопаркті және «Гурьев-Мақат» су құбырын жекешелендірудің мән-жайы талқыға салынуда.
«ТҮРМЕДЕ ТАНЫСТЫҚ»
Судьяның, прокурорлардың, адвокаттар мен олардың қорғалушыларының сұрақтарына қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ, оның орынбасарлары Амантай АЙТБАЕВ пен Жұмабай ҚАРАҒАЕВ, ТКШ бөлімінің, заң бөлімінің, қаржы бөлімінің басшылары мен қызметкерлері, қалалық мәслихаттың және тіпті «Нұр Отан» партиясының өкілдері жауап берді.
Куәгерлердің жауабы бойынша, ДЭУ маркалы оңтүстіккореялық өндірістегі 50 автобусты қалалық бюджет 414 миллион теңгеге қоғам көлігіне қатысты проблеманы шешу үшін сатып алған болатын. Баланста ұстаушы ТКШ бөлімі болды. 2008 жылы бүкіл автобус паркі «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС-нің сенімді басқаруына берілді. Екі жылдан кейін бюджеттік мүлік арқылы табыс табу туралы шешім қабылданды: яғни, сенімді басқару туралы келісімшарт бұзылып, паркті қолданушыға жалға алу ақысын төлеу туралы жаңа шарт қойылды. Алайда мұны табыс деп атау қиын – қалалық маршруттарда жолаушыларды тасымалдайтын үлкен 50 автобусқа ай сайынғы жалға алу ақысы «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС тасымалдаушысы үшін 345 мың теңгені құрады, яғни ай сайын әрбір автобус үшін 6 900 теңгеден келеді.
Негізгі куәгерлердің жауаптары бойынша, осынау қаржылық қисынсыздықтың бір ұшы тағы да сол кездегі облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВКЕ тірелді. Егер берілген жауаптарға сенер болсақ, оның байланысының арқасында ғана аталмыш компания қалалық әкімдіктен келісімшарттарды да, олар бойынша жеңілдік шарттарын да алған.
– Мен және қалалық қаржы бөлімі автопаркті сенімді басқаруға беру дұрыс еместігі туралы мәселені көтердік. Өйткені автобустар бюджет есебінен сатып алынған болатын. Біз бюджетке пайдаланғаны үшін ақы түсіп отыру үшін жалдау жолын ұсындық. Арендатор (БатысТранспорт-СИМ) байқау бойынша таңдап алынды, – деді әкім орынбасары Айтбаев.
Оның айтуынша, жалға алу сомасы бір жарым миллион теңгедей тұруы тиіс болған екен:
– Жалға алуға беру үшін бұл өте көп сома, пайда әкелмейді, деген жоғары жақтан бұйрық түсті.
– «Бұйрық» деген не сөз? Демек, сіздің орныңызға басқа біреу соманы белгіледі ме? – деп сұрады прокурор.
– Жантеміровтен түсті. Бізге басқа ереже бойынша есеп жүргізуді тапсырды. Яғни, жолаушылар көлігін жалға алғаны үшін төлемақы ретінде емес, «халыққа қызмет көрсеткені» ретінде. Яғни, осы әдіс бойынша сома есебі мүліктің баланстық құнының 1 пайызын құрады. Бұл жағдайда айына 300 мың теңгедей шықты. Мен қалалық қаржы бөліміне тапсырма бердім, олар үш жылға дейінгі мерзімге айына 345 мың теңгені бекітті, - деп түсіндірді Айтбаев.
– Осы сомаға бірден келістіңіз бе?
– Бірден емес, бірақ маған қалай еткенде де келісуге тура келді.
– Тергеу ісіне берген өз жауабыңызда бұл соманың сіздің төбеңізден жай түсіргенін, Жантеміровтің РЫСҚАЛИЕВҚА шағымданамын деп қоқан-лоққы көрсеткенін айтыпсыз.
– Ондай әңгіме болды.
– Сіз сондай-ақ, «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС директоры Рахметолла АЛШЕНОВПЕН әңгімелескеніңізді айтыпсыз.
– Иә, біз 345 мың теңге есебін шығарғанда, Алшенов келіп, одан да төмен есептеуге тиіс еді дегенді айтты. Мен «жоқ» дедім. Алшенов Жантеміровке сілтеп, одан да төмен бағада келісілгенін айтты. Кейін Жантеміровпен сөйлестік. Ол да бұдан төмен болу мүмкін бе деп сұрады. Бұл қымбат, символдық құн болуы тиіс қой дегенді айтып, облыс басшылығына сілтеді.
– Жантеміровтің сізге осындай нұсқау бергенін кім растай алады? Көзбе-көз беттестіңіздер ме? – деп сұрады адвокат ОРЫНБЕКОВА.
– Жоқ, ешкім де растай алмайды.
Жантеміров сөз алды. Ол Алшеновпен таныс болмағанын, оны алғаш рет тергеу изоляторында көргенін айтты. Алшенов те Жантеміровпен тек түрмеде танысқанын, Айтбаевқа да ешқашан бармағанын растаумен болды.
Осы уәждерге жауап ретінде Айтбаев:
– Мен солай деп растаған жоқпын, мен тек олар таныс шығар деп жорамалдадым. Өйткені Алшеновпен болған сол әңгімеден кейін біраз уақыттан соң маған Жантеміров қоңырау шалды.
«КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ НАРАЗЫ БОЛДЫ»
Тағы екі жылдан соң тозуына байланысты (сол кезде жыл сайынғы амортизация есебімен, қалалық әкімдіктің есептеулері бойынша, 60 пайыз) қызмет көрсетілуі қымбат тұратын коммуналдық мүліктен жекешелендіру арқылы құтылу шешімі қабылданды. Тендер бойынша жалданған «Атырау Сити» бағалау компаниясының сату алдындағы бағасы бойынша, сол кезде бүкіл 50 автобустың құны126 млн теңгені құрады.
– Қалалық қаржы бөлімінің бұйрығымен тендерлік комиссия тағайындалды. Мен оның төрағасы болдым. Екі аукцион жарияланды, қатысушылар тіркелген жоқ. Үшінші отырыста соманы 70 млн теңгеге дейін төмендетті. Бірақ тендер қатысушылардың жетіспеушілігі салдарынан тағы да өтпей қалды. Төртінші мәртеде сома 30 млн теңгеге дейін төмендеді. Екі қатысушы: Мұнайқұрылыс ЛТД мен БатысТранспорт-СИМ пайда болды. Комиссия шешіміне сәйкес, БатысТраснпорт-СИМ жеңді, – деп хабарлады қалалық қаржы бөлімі бастығының орынбасары ЖАРЫЛҒАПОВА.
– Мүліктің құны неге байланысты төмендеді? – деп сұрады прокурор.
– Менің бастығым Гүлмаржан ТАҒАМБАЕВА 30 млн теңгеге дейін төмендетуге бұйрық берді. Мен келіскен жоқпын, мені өзіне әкім орынбасары Айтбаев шақырып алып, 30 млн теңгеге дейін, алдымен 70-ке дейін төмендету керектігін айтты. Отырыста мен 70 млн теңгені атадым, өйткені бүкіл комиссия мүшелері бізді, комиссия мүшелерін өзіне Айтбаев шақырып алған кезде 30 млн теңгеге қарсы болған еді. Біз келіскен жоқпыз, бұл сома ақылға қонымсыз. Хаттама толтырып, хабарландыру бердік, қатысушылар тағы да болмады. Кейіннен тендердің ағылшын әдісін голландық әдіске ауыстырдық. Соманы 30 млн теңгеге дейін төмендеттік, сосын «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС автобустарды сатып алды.
Басқа куәгер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мемлекеттік сатып алу және іс жүргізу секторының меңгерушісі Қайрат КЕНЖАЛИЕВ аталған сомаға«комиссия мүшелерінің наразы болғанын» растады:
– Біз наразы болдық, өйткені мұндай бағамен бүкіл лотта бір автобустың құны бар болғаны 400 мың теңгеге тең болды. Алайда жауап ретінде бізге нұсқаунаманың облыс әкімдігінен алынғанын, аталмыш соманы жүзеге асыру керектігін айтты.
Айтбаев та басшылықтың талап етуімен Жарылғаповамен бағаны төмендету туралы талқылағанын растады.
АЙДАРБЕКОВ «НАРАЗЫ» БОЛҒАН
4 наурызда сотқа куәгер ретінде қала әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев шақырылды. Ол сол кезде қалалық ТКШ және жолаушылар тасымалы бөлімінің бастығы болып жұмыс жасаған еді. Ол автобустарды жекешелендіру қажеттігі туралы хатқа, оларды ұстау бюджет үшін пайдасыз бола бастағанын және үнемі амортизация мен сол кезде 60 пайызды құраған тозудың негіз болғанын түсіндірді. Ол көліктің тозу пайызы қалай есептелгендігі туралы сотқа қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
– Төрт жылдан кейін тозуға және сынуға байланысты автопаркті инвестициялық тендерге беру қажеттігі пайда болды. Тозу бухгалтерлік есеп нормаларына сәйкес есептеледі. Ол бойынша әрбір жылжымайтын және жылжымалы мүліктердің өзінің амортизациялық нормасы бар. Бұл жағдайда формула қолданылды. Онда 15%орташа амортизация нормасы пайдалану мерзіміне көбейтіледі. Сол кезде олар баланста төрт жыл болды. Тиісінше, бұл 60 пайыз еді. Кейінірек бағалау компаниясының нәтижелері мен біздің бағалауымыз сәйкес келді. Біз ақау ведомоствасына да сүйендік. Тендердің түріне белгілі бір, тек инвестициялық шектеулер енгіздік. Өйткені аукционға кез келген тұлғалар қатыса алады. Автобустар сатып алынып, қаладан әкетілуі мүмкін еді. Сондықтан біз аялдамаларға қызмет көрсету, көлікті ұстау және оны қала маршруттарына пайдалану керек деген шарт енгіздік. Сондай-ақ, тасымалдаушы жолақыны көтере алмайды деген шарт болды.
…Лот бағасын төмендету әрекеттеріне қарамастан, бірнеше айдан кейін тендер жеңімпазы «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС ұстау тиімсіздігіне байланысты келісімшартты бұзып, автобустарды қалаға қайтарды. Адвокаттар мүлікті қайтару туралы шешім Серік Айдарбековтың қала әкімі ретіндегі жолақыны 60-тан 50 теңгеге дейін төмендету туралы алғашқы шешімдерінің бірімен байланысты болды деп жорамалдады.
Алайда куәгер Айдарбеков бұл болжамды талқыға салудан бас тартты және жекешелендіру мәселелері бойынша сотқа жауап беруге шақырылғанын еске салды. Жекешелендіру бойынша әкім «наразы» болғанын түсіндірді:
– Ең бастапқыда бұл құжаттарға міндетті түрде менің бұрыштама қоюға міндетті екеніме наразы болдым. Жантеміров телефон соқты ма, жоқ па, есімде жоқ. Маған көмекші арқылы ауызша жеткізіп, шұғыл арада (қаржы) басқармасымен мақұлдауды өтінді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТЕН дәл осы қаулылар бойынша нақты қоңыраулардың болғаны есімде жоқ. Бұл оның өзі, орынбасары және осы мақұлдау құжаттарымен жүгіріп жүрген оның қызметкері болуы мүмкін, - деді Айдарбеков.
– Куәгер Демегенов сіздің қол қоймағаныңызды және ол өз бастығы Жантеміровке кіргенін, содан кейін ғана сіздің қол қойғаныңызды айтты, – деп еске салды оның тергеуге берген жауабын адвокаттардың бірі.
– Бәлкім, дәл есімде жоқ.
– Мақұлдау құжатына қол қоятын тұлғаның ақпаратты білуі тиіс пе? –деп сұрады адвокат Игорь ВРАНЧЕВ.
– Әрине, ешкім де көзін жұмып қол қойған жоқ. Мазмұны қалай болғанда да оқылды, бірақ әрі қарайғы егжей-тегжейі - жоқ.
ПАККА АРНАЛҒАН ТҰРБАЛАР
Есептен шығарылған «Гурьев – Мақат» су құбырын жекешелендіру, айтылған пікірлерге қарағанда, шенеуніктердің теріс реакциясын тудырмаған. Өйткені заң мұндайға рұқсат берсе де, есептен шығарылған мүлікті металл сынықтарына тапсыру бюджетке қымбатқа түсетін. Бірақ алдын ала бағалаулар бойынша, бұзу, тұрбаларды аралау, содан соң қазылған арналарды қалпына келтіру бюджетке 120-130 млн теңгеге шығар еді. Құбырда оның кейбір бөліктерінің ұрлану фактісі тіркелді. Сондықтан оны сату арқылы жедел жүзеге асыру жөнінде шешім қабылданды. Айтбаев Жантеміровтің бұл жағдайда да тұрбаны сатып алу жөніндегі тендерде кімнің және қандай бағаға ұтып алуы тиіс екенін нұсқағанын айтты:
– Онымен конкурс алдында әңгіме болды. Тұрбаларды Владимир ПАКТЫҢ «МұнайҚұрылыСервис ЛТД» кәсіпорны алуы тиіс болатын.
Су құбыры тендерде бағалау құны 9 млн теңгемен голландық әдіс бойынша 4,6 млн теңгеге сатылды.
ҚҰПИЯ КУӘГЕРЛЕР
«Жекешелендіру» блогы бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасуда. Келесі отырыс 11 наурызда өтеді. Оған тек судья, прокурорлар, адвокаттар мен «құпия куәгерлер» қатысады. Бұл үш адам алдын ала тергеу барысында бүркеншік атпен жауап берген. Өйткені олар куәгерлерді қорғау бағдарламасының қорғауында болған. Қауіпсіздік шаралары сақталып, олардан сотта да жауап алынбайды. Сот залымен көршілес бөлмеде болады, ол жерден тек олардың дауыстары ғана естіледі. Олардың бет-жүзін ешкім де көрмейді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА