Асқар КЕРІМОВ. Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ.3 наурызда сот бұрынғы қала әкімі Асқар КЕРІМОВТІҢ адвокаты Абзал ҚҰСПАННЫҢ Бас прокуратураға Қаржы полициясы агенттігінің тергеу тобының қызметкерлеріне қатысты тексеру жүргізуін өтінген өтінішін қарады. Іс жүзінде бұл өтініш толықтай қабыл алынбады.
Естеріңізге салсақ, 26 ақпандағы отырыс аяқталарда Құспан қылмыстық істің түпнұсқа материалдарынан өзінің қорғалушысына қатысты айыптау негізделген заттай айғақтың, атап айтқанда, заңсыз жекешелендірілген нысандардың бірін сату арқылы жекешелендіруге құжаттар дайындауды тапсыру туралы ресми хаттың ғайып болғандығы туралы мәлімдеме жасады.
Сотталушы Керімов соттың бірінші отырысында оның түпнұсқалылығына күмән білдіріп, сараптама жасау туралы өтініш берген еді. Өтініште қаржы полициясы қызметкерлерінің тергеушінің кабинетінде жеке тінту кезінде алынған Керімовтің ұялы телефонын заттай айғақ деп танымағаны расталды. Бірақ телефонды заңды иесіне қайтармаған («Экс-әкімнің ісі. Асқар Керімов пен оның қорғаушысының демаршы»). Ал телефонды тәркілеу тиесілі үлгіде рәсімделіп, хаттамаға енгізілген. Оның үстіне, іс материалдарында, атап айтқанда, 126-томда тергеу тобының өтініші бойынша ұялы оператор ұсынған, сол телефоннан соғылған қоңыраулардың егжей-тегжейі туралы құжат бар.
Яғни, қаржы полициясын маңызды заттай айғақтарды қасақана жойды немесе жоғалтты, сондай-ақ, сотталушыдан алынған заттай айғақ болып табылуы ықтимал тағы бір затты жеке мақсатта пайдаланды деп жария түрде айыптады. Сот залында адвокат Құспан істің тізімдемесінде осы хатқа сілтеме бар екенін, ал материалдардың өзінде бұл парақтың жоқ екенін растады.
АЙЫПТАУ ДӘЛЕЛІ
Атышулы өтініш жария етілгеннен кейін үзіліс жарияланып, бейсенбі күні таңертеңгі отырыс өтпей қалды. Осы мәселе бойынша тек дүйсенбіде, 3 наурызда ғана тараптардың пікірі талқыға салынды. Соған қарағанда, айыптау тарапы уақытын текке жоғалтпаған. Өйткені тағылған салмақты талаптарға ауқымды және өте байсалды комментарийлер ұсынылды. Мемлекеттік айыптаушы өтінішті негізсіз мәлімделген деп, ондағы мәліметтерді шындыққа жанаспайды деп атады.
– Телефонды пайдалану фактісі бойынша: ЭҚСКД ғимаратына кірушілердің барлығының жеке заттарын ұяшыққа қалдырып, кілттеп, кілтін өздерімен бірге алып кететіні жұртшылыққа аян. Жеке тінту хаттамасы тек уақытша ұстау изоляторында ғана жасалды. Тиісінше, тергеушіден шыққан Керімовте өз заттарын кері алу мүмкіндігі болды. Осы нөмірден соғылған қоңырауларға келер болсақ, қамауға алынған күні адвокат Құспанға қоңырау шалған, бұл қисынды. Қалған түскен және соғылған қоңыраулардың уақыты секундына дейін сай келеді. Яғни, жұпты болып табылады. Түскен, жауап берілмеген қоңырауларға дыбыс поштасы қосылған. Осылайша, бұл мәліметтер шындыққа сай келмейді. Ал адвокат Құспан қаржы полициясының қызметкерлеріне жалған арызданып отыр. Осы тұрғыдағы өтінішті қабыл алмауды өтінеміз, өйткені Керімовтің өз құқығына сот арқылы емес, өзінің қол жеткізуіне болар еді. Хаттың жоғалуына келер болсақ: инспекторлар САРИН мен ҚҰТТЫБАЕВ аталмыш хаттың көшірмесін алып тастаған, бұл туралы хаттама бар. Хатқа сараптама жасауға келер болсақ, бұл тұрғыдағы өтінішті қолдаймыз, соттан облыстық әкімдіктен хаттың түпнұсқасын талап етуді сұраймыз, - деді айыптау пікірін оқыған прокурор.
ҚОРҒАУ ДӘЛЕЛІ
Алайда адвокаттық корпус пен сотталушылардың көбі Құспанның өтінішін толықтай қолдады. Процесске қатысушылардың басты және талассыз орынды уәжі: телефон мен оның сим-картасын алып тастағаны және оларды тексергені туралы тиісті хаттама. Бұл іс жүргізу құжаты болғандықтан, прокурорлардың ұяшықтар мен олардың кілттері туралы келтірген дәлелдері өте әлсіз көрінеді.
Сот сонымен қатар Керімовтің де пікірін тыңдады. Ол тергеушілердің түпнұсқалылығы туралы дауласқысы келген хатты алуын қолқалап отыр. Яғни, «көшірме» тұжырымдамасы орынсыз, оның үстіне алу хаттамасында бұл термин қолданылмайды.
– Телефон бойынша: «дыбыстық хабарлама» қызметі – бұл бар болғаны жіберілген қоңырау туралы смс-хабарлама. Оның үстіне, бізде бүкіл түскен және соғылған қоңыраулардың толық электронды жазбалары, осы қоңырауларды жібергендердің аты-жөндері бар. Біз осы мәліметтерді жария қыламыз (түскен және шыққан қоңыраулардың жалпы ұзақтығы, Құспанның мәліметтері бойынша, 6,5 сағатты құрады – З.Б.).
Тараптардың пікірлерін тыңдаған сот қаржы полициясы қызметкерлерінің тінту кезінде алынған телефонды жеке мақсатта пайдалану тұрғысындағы өтінішті, олардың әрекеттерін құқыққорғау органдарына өздігімен шағымдану құқығымен қабыл алмады.
Сот қылмыстық істің түснұсқасынан хаттың жоғалғандығына қатысты полиция қызметкерлерінің рөліне еш комментарий бермеді. Алайда судья Гүлнәр ДӘУЛЕТОВА айыптау тарапының облыстық әкімдіктен хаттың түпнұсқасын талап ету туралы дәлелін қолдады. Бұл іске әуел бастан ізделіп отырған хаттың көшірмесінің тігілгендігін білдіре ме, бұл облыстық әкімдіктің жауабынан кейін белгілі болады.
– Қылмыстық іс материалдарынан ресми құжаттың жойылғандығы немесе жоғалғандығы туралы мәселе ашық қалып отыр, - деді кейінірек адвокат Құспан. – Судья заңды баға да бермеді, осы факті бойынша тексеру де тағайындалмады. Айыптау бұрмаланған-хатқа негізделіп отыр. Біз оған сараптама жасау керектігін мәлімдегенде ол ғайып болып отыр. Ол айқын заң бұзушылықтармен басылған, тіпті регламентке және осындай деңгейдегі құжаттар үшін қажетті бланкіге сай келмеді. Қойылған қол да жалған, біз оның жоғалғандығы туралы дәлелдеуді жоспарлаған едік. Бірақ бұл бірен-саран жайт емес, сондықтан бұрмалаушылықтың басқа фактілері бойынша осындай өтініштер дайындаймыз.
Жергілікті қаржы полициясы департаментінің тарапына салмақты айыптаулар айтылса да, қаржы полициясы тарапынан әзірге ресми реакцияның болмауы таң қалдырып отыр.
«ШҰҒЫЛ ҚАРАП ШЫҒЫП, БҰРЫШТАМА ҚОЙДЫМ»
Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА сотта. Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ.Әрі қарай сот «Жекешелендіру» блогы бойынша жаңа куәгерлерден жауап алуға көшті. «Гурьев - Мақат» су құбыры нысандарына, газ құбыры мен газ құрылғыларына, «Атырау-Ақпарат» КМК-на жүргізілген жекешелендірудің мән-жайы туралы сот залында өткен жұма күні бірнеше сағат бойына қазіргі облыстық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВАДАН жауап алынған болатын. Ол кезінде облыс әкімі аппараты басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары болып тұрған кезде, оның қолы жекешелендіру туралы көптеген құжаттарда бар. Ол сол кезде лауазымды тұлға болып, осы құжаттарды мақұлдаған шенеуніктердің қатарына кіргенімен, Жұмағалиева өз қолының «құқықтық салдары» болмағанын растады. Бұл пайымдау адвокаттар тарапынан сыни ескертулер туғызды. Өйткені Жұмағалиева лауазымы бойынша құқықтық қызмет, мемлекеттік қызмет және бақылау бөлімі үшін жауап берді. Прокурорлар мен адвокаттардың көптеген нақтылаушы сұрақтарына жауап ретінде ол толық ештеңе есінде жоқ екенін, «үш жылдан астам уақыт өтті, ал күніне кей кездері 3-4 жобадан қол қоюға тура келетін еді» деді. Мемлекеттік айыптаушының өтініші бойынша куәгерге өткен жылы берген жауабы ұсынылды. Ол есіне түсіріп, сотта қаулының өзі мен қаулы жобаларын өзі көп «зерттемейтінін», облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТІҢ қоңырауы бойынша кейбір құжаттарды «шұғыл түрде қарап, бұрыштама соққанын», ал Дәукенов әкім Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА сілтегенін қайталап айтып берді.
Дүйсенбі күні сотқа жауап беру үшін куәгер ретінде қазіргі Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ шақырылды. Ол 2007 жылы қалалық бюджеттің 414 млн теңгеге сатып алған, кейін экс-әкім РЫСҚАЛИЕВТЫҢ аффилирленген «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС-гі 30 млн теңгеге жекешелендірген ДЭУ маркалы50 автобусын жекешелендіру туралы сұрақтарға жауап берді. Айтбаевтан жауап алу сейсенбі күні де жалғаспақ.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА