Атырау, 24 қараша 21:37
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Экс-әкімнің ісі. «Жекешелендіру» топтамасы. Баспа үйі, әкімдікке жалғанған орынжай, газ құбырлары

3 808 просмотра

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ.Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ.25 ақпан күні сотта «Жекешелендіру» топтамасы бойынша тыңдаулар жалғасты. Сот «Атырау-Ақпарат» КМК мен баспахана ғимараттарын жекешелендіруге кеңінен тоқталды. Кәсіпорынның табысы полиграфия, баспа, жарнама қызметінен құралған, сонымен қатар, кәсіпорын коммерциялық алаңдарды да жалға берген.

ТЕРМИНДЕР ОЙЫНЫ

Жекешелендірілген КМК-нің бұрынғы директоры, куәгер Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВТЕН жауап алынды. Ол сот отырысына қазіргі уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының кеңесшісі болып қызмет етіп жүрген жері - Астанадан ұшып келіпті. Жұмағазиев сотта Баспа үйінің басшысы қызметіне 2006 жылдың аяғында облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ жеке шақыруымен кіріскенін және «Атырау-Ақпарат» КМК-ін 2011 жылдың қыркүйегіне дейін басқарғанын айтты. Оған дейін ол облыстық әкімдікте ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Куәгердің айтуынша, Баспа үйі 2006 жылды үлкен шығынмен аяқтаған – шамамен, 40 млн теңге (еске салайық, 2002-2006 жж. Аслан МУСИННІҢ кезінде «Атырау-Ақпаратты» Ерген ДОШАЕВ басқарған, жақында ол «отбасылық себептерге байланысты» ҚР мәжілісінің депутаты мандатын өз еркімен тапсырған еді). Жұмағазиевтің деректері бойынша, бюджеттен мемлекеттік тапсырыспен ақпараттарды «Атырау-Ақпарат» КМК арқылы БАҚ-та жариялау үшін жыл сайын 120-дан 150 млн теңгеге дейін қаржы бөлінген.

Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ.Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ.- Кәсіпорынды пайдалы деңгейге көтеру туралы тапсырма тұрды. Белгілі бір уақыттың ішінде, анығырақ, 2009 жылға қарай шығынды жылына 13 млн теңгеге дейін азайтуға қол жетті. 2010 жылдың тамыз айында облыстық қаржы басқармасының басшысы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВ маған бірнеше рет қоңырау шалып, облыс әкімі Рысқалиевтың тапсырмасымен ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия ҚЫСТАУБАЕВАНЫҢ атына КМК-ні жекешелендіру туралы хат жазу керектігін еске салды. Бұл идея туралы мен өзімнің есепшіммен ақылдастым(«Атырау-Ақпарат» КМК бас есепшісі Айтжан Өтешов биылғы жылдың қаңтар айының соңында өзіне қол салғанын еске сала кетейікЗ.Б.), бізге бұл ұсыныс ұнамады, сондықтан мен бұл хатты дайындауды қолымнан келгенше соза бердім. Бірақ облыстық әкімдіктегі бір жиналыстан соң облыс әкімі Рысқалиев мені кабинетіне шақыртып алып, тез арада хатты жазуымды бұйырды. Басқасымен Жантеміров айналысатынын айтты. Ресми хатта әкімнің сөзіне сілтеме жасай алмаймын, сондықтан хат негізіне ішкі саясат басқармасының қорытындысындағы бір актіні алдым, онда «КМК ғимаратын әкімдік балансынан шығарудың тиімділігі» айтылған. Мен «жекешелендіру» және «сату» сөздерін әдейі қолданғым келмеді.

- Баланстан шығару мен жекешелендіру – екі түрлі нәрсе ме?– деген нақты сұрақ қойды мемлекеттік айыптаушы.

- Иә, мен солай ойладым және баланстан шығару соңында жүзеге асқандай нұсқада орындалмайтынына сендім.

Жұмағазиев мемлекеттік айыптаушының «мемлекеттік медиахолдингті жекешелендіру экономикалық қажеттіліктен бе, әлде облыс әкімінің жеке нұсқауымен іске асты ма?» деген сұрақтарына нақты жауап қайтарудан біраз қашқақтады, соңында былай деп жауап қатты:

- Мен хатты облыс әкімінің жеке тапсырмасымен жаздым, бұл шара (жекешелендіру мақсатымен сату)«Атырау-Ақпарат» КМК-нің экономикалық жағдайын жақсарту мақсатын көздеген жоқ.

ЖОҒАЛҒАН МАРАПАТ

Жұмағазиевтен кейін ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева куәгерлік жауап берді. Оның айтуынша, 2008 жылғы оның басқармасымен жүргізілген тексеру жұмыстары  КМК ғимаратын әкімдік балансында ұстап тұру шығынды екенін дәлелдеген:

- Шығындардың көп бөлігін ғимаратты ұстап тұруға кетті, біз, шынымен, баланстан шығаруды бір үлгі ретінде ұсындық. Жекешелендіру туралы әңгіме мүлдем болған емес. Мен бұл актіге қол қойдым, бірақ ол кейін іске аспады. Тексеруден кейін кәсіпорын экономикасын жақсарту бойынша шаралар алынды және шығындар біртіндеп азая бастады.

Қыстаубаеваның айтуынша, ол және есепшісі басшылықтың Жұмағазиев хатына ұқсас хат жазыңдар деген талабына алдымен басқа хат жазған – олар Жұмағазиевтің ұсынысының заңдылығын қарауды сұраған, бірақ сол кездегі облыс әкімі аппаратының жетекшісі Асқар КЕРІМОВ хатты қайта жазуды талап еткен.

- Біз Жұмағазиевтің хатын қайта көшіріп бердік, - деді Қыстаубаева.

Айыпталушы Керімов іске тіркелген Жұмағазиевтің хатымен оны таныстыруды сұрады. Оған Қыстаубаева «бұл ол хат емес» екенін, өзінің КМК-ні баланстан шығарудың нақты нұсқасы ретінде «сату жолымен жекешелендіру» көрсетілген хатпен жұмыс істегенін айтты. Бір нысан бойынша екі хаттың қалай пайда болғаны және іс материалдарында оның неге біреуі ғана тіркелгені анықталған жоқ.

Естеріңізге салайық, нәтижесінде КМК баланстық құны, шамамен, 600 млн теңге болғанмен, «Мистоль» ЖШС-не 206 млн теңгеге сатылды. Жабдықтарымен қосқанда құны 77 млн теңге болатын баспахана ғимараты «УС-99» ЖШС-не 25 млн теңгеге сатылған.

СОЛ БІР АДАМДАР

Сол күні жауап алынған үшінші куәгер, 50 автобус, облыстың және қаланың газ нысандарын, «ОблТрансГаз» КМК мүлігін, облыстық әкімдік ғимаратын жалғанып салынған орынжайды (ауданы 1 700 шаршы метр, жабдықтарымен), сондай-ақ, Мақаттағы нысандарды жекешелендіру бойынша тендерлік комиссия жұмысына қатысқан бұрынғы қаржы басқармасы бастығының орынбасары Серік ДЕМЕГЕНОВТІҢ де куәліктерінде қарама-қайшылықтар болды.

Демегенов мемлекеттік нысандарды жекешелендіру сызбасын сипаттап берді.

- Облыс әкімінің қаулысы шықты, белгілі бір нысанды жекешелендіру бойынша комиссия құрылды және олардың құрамына сол бір адамдар кірді – облыс әкімі Асқар ӘБДІРОВ, қаржы басқармасының бастығы Бауыржан Жантеміров, мен (Демегенов), жекешелендіру нысандарының өкілдері, шаруашылық басқармасының директоры Аманғали САДЫҚОВ және тағы бірнеше адамдар.

Жалғама құрылыс («аппендикс») бойынша Демегенов алғашқы байқаудан кейін оның құны 50%-ға төмендетілгенін және жергілікті бюджетті БАҚ бетерінде екінші байқау жарияланғанын айтты. Бұл жолы да байқауға түсушілер болған жоқ, содан кейін соңғы баға 17 млн теңгеге белгіленді. Бағаны түсіру бойынша ешқандай есептеулер жүргізілген жоқ, әр төмендетуді «әр отырыс алдында тендерлік комиссияның төрағасы Әбдіровке кіріп, келісімін алып отырған» Жантеміров ұсынды, комиссия жай ғана баға ұсыныстарына қол қойып отырды. Соңғы баға белгіленгеннен кейін екі қатысушы пайда болды:

«Каспийстройэкстра» ЖШС 100 млн теңге инвестиция салуды ұсынған, алайда одан аз қаржы ұсынған екінші қатысушы жеңді.

ӘКІМ ЖОҚ – ҚОЛЫ ДА ЖОҚ

Атырау қаласындағы және аудандардағы газ құбырларын, сондай-ақ Қызылқоға ауданындағы жаңа газ нысандарын сату сол жазылмаған ережемен жүргізілді: облыс әкімінің орынбасары Әбдіров басқарған комиссия әр жүзеге аспаған байқаудан кейін миллиардтарға төмендеген кез келген бағаны қабылдады. Байқауға қатысушылардың жоқ болуына, дәлірек айтсақ, әлеуетті қатысушыларды тіркеуден бас тартуға белгілі бір тұлға – тергеу анықтағандай – Жантеміров жауап берді. Нәтижесінде жылына 1 млн долларға дейін табыс әкелетін ОблТрансГаздың газ құбырлары «ЖайықГазСбыт» ЖШС-іне 650 млн теңгеге (оның құрылысы мен қайта жарақтауына бюджеттен 9,8 млрд теңге қаржы шығындалған) сатылды. Аудандардың газ құбырларын арзандатылған баға – 500 млн теңгеге тағы да «ЖайықГазСбыт» ЖШС сатып алды. Қызылқоғадағы нысандар құны «5 немесе 10 миллиардқа» құлады (Демегенов нақты есіне түсіре алмай тұрғанын мойындады) және сенімді басқаруға берілді. Кімге берілгені жөнінде Демегенов айта алмады.

- Жекешелендірген газ нысандары стратегиялық болып табыла ма? – деп сұрады мемлекеттік айыптаушы.

- Қазіргі қолданыстағы заңнамалар бойынша, олардың бір бөлігі стратегиялық нысандар болып табылады, алайда бұларды сараптамашылардан сұрау керек, мен нақты жауап бере алмаймын, - деп жауап берді Демегенов.

«ОблТрансГаз» КМК газ құбырлары мен мүліктерін жекешелендіру бойынша бөлімде қаулыларға өткен күнмен қол қойылып, тіркелетіні белгілі болды. Бұл ең алдымен облыс әкімі Бергей Рысқалиев жоқ кезде, оның қызметін орынбасарлары атқарып отырған күнмен жасалатын. Қаулыларда Әбдіровтың, Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВАНЫҢ қолдары бар, алайда бұл рөлді көбіне Болат ДӘУКЕНОВТІҢ ойнауына тура келетін. Осылайша, Рысқалиевтың аты бұл құжаттарда мүлдем жоқ. Сондай-ақ, кейбір нысандарды жекешелендіру тек үкіметтік деңгейде ғана жүзеге асырылатыны анықталды. Кейбір басқарма басшылары жекешелендіру құжаттарына келісім беруге бас тартқаны, алайда басшылықтың, Рысқалиевтың өзінің «мүддесі» туралы еске салғаннан кейін, өз келісімдерін бергені туралы фактілер де айтылды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

26 ақпан 2014, 15:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.