Атырау, 24 қараша 21:35
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Экс-әкімнің ісі. «Жекешелендіру» блогы. Жалғасы

3 421 просмотра

24 ақпан күні «Жекешелендіру» блогы бойынша куәгер ретінде сотқа Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА шақырылды.

 

ТШО-НЫҢ АЙЫППҰЛЫ ҚАЙДА КЕТТІ?

Бұл лауазымға ол 2010 жылы тағайындалған болатын (2005 жылдан бастап экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы болған). Атырау облысының 2010 жылғы «Коммуналдық меншіктегі нысандарды жекешелендіру туралы» қаулысына сәйкес,  оны орындау жауапкершілігі Әжіғалиеваға жүктелген болатын. Алайда, ол сотта мойындағандай, оның Б.РЫСҚАЛИЕВҚА жасаған жеке өтініші бойынша, ол бұған дейін коммуналдық меншік мәселелерімен айналыспағандықтан бұл бұйрықты орындаудан босатылған. Жауапкершілік басқа орынбасарларға жүктелген.   

Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА.Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА.Алайда Әжіғалиева облыс әкімінің орынбасары ретінде және коллегиялық органның мүшесі ретінде барлық жекешелендірілген нысандарды мақұлдап отырған. Жекешелендіру мәселелері келісім парағы арқылы мақұлдау жолымен шешіліп отырған.  

– Маған қаулы жобасын әкеліп тастайтын (нысанды жекешелендіру туралы), мен бұрыштама соғатынмын. Мақсатқа сәйкестігі мен заңдылығын қарағаным жоқ, бұл мәселелерді өкілетті орган қарайды, – деді Әжіғалиева.

Адвокат ОРЫНБЕКОВАНЫҢ оған «экс-әкімнің қандай да бір үлестес компаниялары жөнінде белгілі болды ма?» деген сауалына ол  «жоқ» деп жауап берді.

– Сіз іздеуде жүргендердің бірі Айбат СҮЛЕЙМЕНОВПЕН бірнеше рет оңаша кездестіңіз бе?– деп сөзін жалғады адвокат.

Әжіғалиева «әкімнің тапсырмасымен жұмыс барысын талқылау үшін кездестік» деп жауап берді.  

Сотта 2007 жылы ТШО төлеген 37 млрд теңге көлеміндегі экологиялық айыппұл туралы мәселе көтерілді. Әсіресе адвокаттар ақшаның неге республикалық бюджетте емес, жергілікті бюджетте қалдырылғанын және олардың қайда жұмсалғанын сұрады.  

Куәгер бұл мәселе сол кезде күрделі болғанын және бұл жөнінде қаржы министрлігімен бір жыл хат жазысып тұрғанын түсіндірді. Нәтижесінде ақша жергілікті бюджетте қалған. Әжіғалиеваның айтуынша, 37 млрд теңгенің 19 млрды көпір құрылысына, 14 млрды – Мақат-Атырау газ және су құбырларын тартуға бөлінген, ал қалғандары – «әр түрлі шығындарға» жұмсалған.

 

АТЫ ШУЛЫНЫСАНДАР

Естеріңізге сала кетейік, бұл қылмыстық істің шеңберінде әңгіме коммуналдық меншіктегі заңсызжекешелендірілген12 нысан туралы болып отыр. Олардың ішіндегі аты шулы нысандарды 2012 жылдың 31 тамызында Атырау облысының актив мәжілісінде ҚР бас прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВ мәлім еткен болатын. Жылына 1 млн доллар табыс түсіріп тұрған «ОблТрансГаз»-дың газ құбырлары «ЖайықГазСбыт»-ке 650 млн теңгеге сатылып кетті, олардың құрылысы мен қайта құруға бюджеттен 9,8 млрд теңге жұмсалған. «Атырау» («аппендикс») мәдениет орталығының бір бөлігі, яғни мейрамхана мен оның өндірістік бөлігі нарықтағы бағасы 164 млн теңге болса да, «КаспийСтройЭкстра»-ға 17 млн теңгеге сатылған. Баланстық құны 373 млн теңге болған Атырау – Мақат су құбыры «МұнайҚұрылысСервис Лтд»-ға 4,9 млн теңгеге сатылған. «Атырау-Ақпарат»КМК-ның әкімшілік ғимараты, типография мен жабдықтар да сол төмендетілген бағамен сатылған. Одан бөлек, жаңа қожайындары оларды сонда жұмыс істейтін облыстық газеттердің редакцияларына жалға беріп отырған. Жалдаудан жылына түскен пайда 120 млн теңгені құраған, жалдау төлемі бюджеттен түсіп отырған.

Сотта айтылғандай, қазіргі уақытта коммуналдық меншіктегі барлық нысандар мемлекет меншігіне қайтарылған. Сатып алған компанияларға қаржыны қайтару мәселесі сот тәртібінде шешілу үстінде.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

25 ақпан 2014, 11:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.