Атырау, 30 сәуір 13:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +17
$ 441.44
€ 473.09
₽ 4.75

Теңіз жағасындағы ауыл

Сурет Бейнежазба
6 189 просмотра


Құрманғазы ауданы орталығынан 6 шақырым қашық Приморье ауылы табиғаты ерекше жерде орналасқан. Айналасы шағын өзектер, теңіз де алыс емес. Әсіресе жаз мезгілінде жасыл желекке бөленгенде туризмге таптырмайтын керемет жер. Алайда алыс ауылдардың проблемалары бұл жерден де айналып өтпепті.


Теңіз ауылдық округіне қарасты Приморьеде 1800-дей адам тұрады. Көпшілігі мал шаруашылығы мен маусымдық балық аулаумен айналысады. Егіншілікпен айналысуға үш қожалық құрылғанымен, тек біреуі ғана тұрақты жұмыс істейді.  Ертеректе қамыс плитасын дайындайтын кәсіпорын ашылған, бірақ ол да жұмысын тоқтатқан. Теңіз сағасы ауылға өте жақын, қамыс шауып, құрылыс материалдарын дайындауға мүмкіндік бар.

- Сұранысқа ие екенін білеміз, қамыс плитасын үйдің төбе жабындысына, қораларға пайдалануға болады. Бірақ біздің қолымызда техника жоқ, оны өткізетін орын керек. Арзан несие берсе, кәсіп жасауға болар еді, - дейді ауыл тұрғыны Нұржан.


Ауылда 2016 жылы су тазалау қондырғысы (СТҚ) салынып, бір жеке кәсіпкер сенімгерлік басқаруға алған. Алайда жұмысы жүрмей, жергілікті әкімдік кері қайтарып алған. Әлі күнге дейін су тарифі бекітілмеген.   

- Ешкім сенімгерлік басқаруға алмаған соң, сумен қамтуды өзіміз жүзеге асырамыз. Алдымен ауыл халқымен жиналыс өткізіп, комиссия құрып, кассирді белгіледік. Сонымен бірге жұмыспен қамту орталығынан үш адамды осында жұмысқа тарттық, - дейді Теңіз округінің әкімі Анарбек БАЙМҰХАНОВ. Аптасына үш рет су береміз, тұрғындар құдықтарына су толтырып алады. Сумен тұрақты қамтамасыз етуге қаржы жетпеді, тұрғындар келісімімен үй басынан ай сайын 1 мың теңгеден ақша жинаймыз. Бұл заңға қайшы әрекет екенін жақсы білемін, бірақ басқа шара жоқ. СТҚ  жауып тастауға болар еді, алайда халық сусыз қалады ғой.  


Ауылдағы ғимараттар да ескірген. Өткен ғасырдың 60-жылдары салынған округ әкімдігі мен ауыл клубының ғимараттары әбден тозығы жеткен. Кітапхана орналасқан бөлменің төбесі ортасына түсіп, жайрап жатыр.

- Клубтың апаттық деп танылғанына біраз болды. Бәрі ескі, жаңартылмаған. Клубқа келушілер де бізге осы жайды айтып, бетімізге басып кетеді. Жұмысты тоқтатып жатқан жоқпыз, бірақ астында қаламыз ба деп те қорқамыз, - дейді клуб қызметкерлері.

Ауылдың түрін кіргізіп тұрған жаңадан салынған амбулатория мен мектеп қана. 40 орындық балабақша жұмыс істейді. Алайда табиғатын пайдаланып, туризмді дамытса, ауыл да көркейер ме еді?


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

5 наурыз 2019, 14:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.