Атырау, 26 сәуір 23:21
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Екі құс фабрикасы мен сүт зауыты салынады

3 173 просмотра

Жергілікті билік азық-түліктердің қымбаттауымен күресу үшін 400 млн. теңгеден астам қаржы бөлген еді. Жұма күні облыстық әкімдікте ақшаның қайда жұмсалғандығы талқыға салынды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер мен етті сатып алу үшін бюджеттің миллиондары «Атырау ӘКК» ҰК» АҚ арқылы жұмсалған. Бүгінде әлеуметтік маңыздағы тауарлардың үкіметтік тізіміне сәйкес, 214 млн. теңге шамасындағы сомаға азық-түліктің 6 түріне келісім-шарт жасалып, жеткізілген. Атап айтқанда, күріш – 272 тонна, құмшекер – 135,4 тн, күнбағыс майы – 52,7 тн, сары май – 42 тн, макарон өнімдері – 38 тн және сиыр еті - 30 тн жеткізілген; жұмыртқа, ұнтақ жармасы мен сұлы жармасын жеткізуге келісім-шарт жасалуда.

Бірінші партия қаладағы «Дина» (10 орын), «Көктем» (7 орын), «Насиха» (3 орын) базарлары мен «Атаба» мен «Идеал» супермаркеттер желісі (2 орыннан) арқылы жеткізіліп, сатылуда. 

Сүт өнімдеріне келер болсақ, облыс әкімінің агроөнеркәсіп кешені жөніндегі орынбасары Серік АЙДАРБЕКОВ былай деп хабарлады:

- Олар тез бұзылатын өнімдерге жататын болғандықтан, құрғақ сүттен және балғын сүттен өнімдер шығаратын сүт зауытының жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаны «Атырау» ӘКК арқылы жүзеге асыру жорамалданып отыр. Оның құны 556 млн. теңге, қуаттылығы тәулігіне 20 мың келі сүт өнімдері болады.

Қызылқоға ауданынан басқа аудандардың барлық әкімдері төмен бағадағы азық-түліктердің бар екендігі туралы баяндады. Қызылқоға ауданының әкімі Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВ ауданның шалғайлығынан және жолдың нашарлығынан азық-түліктерді жеткізу қиындап кеткендігін түсіндірді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, апта сайынғы жәрмеңкелерде (олардың саны 110) 132,2 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері сатылған. Облыстық әкімдікте атап өткендей, бұл сома – бастапқы транштың үштен бір бөлігі. Енді ол бастапқыда болжанғандай, әрі қарай өнімдерді сатып алу үшін айналымға жіберіледі.

Қалалық әкімдік пен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бүгінде муниципалды базарлар мен сауда павильондарын салуға арналған жерлерді бөлу жұмыстарын жүргізіп жатқандығы туралы ақпарат қуантып тастады.

«Азық-түлік қауіпсіздігі» аясында биылғы жылы бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ. Олар: 60 мың бас құсқа жұмыртқа шығару бағытындағы қуаттылығы 18 млн. дана мен 75 тонна құс еті болатын құс фабрикасын салу («Атырау-Сауда» ЖШС), 5 330 тоннаға арналған көкөніс қоймасын салу («Орда» ЖШС), жылына қуаттылығы 600 тонна көкөніс егілетін 2 га жылыжай кешенін салу («Жұмағалиев» ЖК), қуаттылығы 5 мың тонна құс еті болатын бройлерлік бағыттағы құс фабрикасын салу («АтырауТрансГаз LTD» ЖШС), 108 га жерге тамшылатып суару әдісін қолданып көкөністер мен картоп отырғызу («Жайық Агро» КМК), 5,1 тонна көкөніске арналған 2-ші кезектегі көкөніс қоймасы мен жылыжай құрылысын салу («Жайық-Агро» КМК).

С. Айдарбеков хабарлағандай, әрі қарай ауыл шаруашылығы саласы 2011-2014 жылдардағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспары бойынша дамитын болады. Жоспарды жүзеге асыруға барлығы 17,5 млрд. теңге сома жұмсалмақ. Соның ішінде 4,6 млрд. теңге балық шаруашылығын дамытуға жұмсалады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

4 мамыр 2011, 19:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.