Атырау, 2 мамыр 04:54
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Жаңаталап ауылының тұрғындары: «Ауыл суға кетсе, әкімді сотқа береміз!»

Сурет Бейнежазба
727 просмотра

Су тасқыны қаупіне алаңдаған Атырау қаласы маңындағы Жаңаталап ауылының тұрғындары жергілікті әкімнің іс-әрекетіне наразы. Олардың сөзінше, он күн бұрын тасқынға қарсы шаралар туралы айтылған ұсыныс-талаптары әлі орындалмай келеді. Осыған байланысты ашынған жұрт арыз-шағымын билікке «АЖ» тілшісі арқылы жеткізуді жөн көрген.

Он шақты ауыл тұрғыны ауыл ішімен өтіп жатқан Зарослый каналы жағасына жиналды. Канал жағасы тұрғындардың өз күшімен топырақ толтырылған қапшықтармен биіктетілген. Бірақ, әлі де аласа. Тұрғындар жаға бекітуге күш жетпей жатқанын және техника жоқтығын айтады. Одан бөлек, канал үстіндегі ескі көпірдің табанын нығайтуды талап етеді.


Бірнеше кұн бұрын көпір тұсындағы бөгеттен бірнеше техника топырақ алған. Тұрғындар өз күшімен тұрғызған бөгетті бұзғанына қарсылық білдіріп, топырақ алуды тоқтатқан. Тұрғындар жергілікті әкімге канал бойында өздері тұрғызған бөгеттен алынған топырақты қайта толтырып, жағаны қайтадан биіктетсін деп талап қойды. Бірақ талап орындалмаған. 

Айта кетсек, Зарослый каналы Жайық өзенінен бөлініп, Каспий теңізіне құяды. Каналдың екі жақ бетінде Жаңаталап ауылы мен Зарослый тұрғын үй алабы орналасқан.   

Жаңаталап ауылы Атырау ауылдық округіне қарайды. Одан бөлек, қала әкімдігіне қарасты округ құрамына Қызылбалық пен Құрманғазы ауылдары кіреді. Округте 10 мыңның үстінде халық болса, соның жартысы, яғни 5000-нан астамы Жаңаталапта тұрады. Ал Зарослый тұрғын үй алабында 1200 жер телімі бөлінген, ол жердің 30 пайызында тұрғын үй салынған. Жаңаталаптықтар айтқан көпір осы округке қарасты үш ауыл мен қаланы байланыстырып тұр. Қалаға жалғыз осы көпірмен шығады. 

Тұрғындардың алаңдайтыны, ертең су мол келе қалған жағдайда эвакуация басталса, осы көпір арқылы өту керек болады. Ал көпір тозған, оның табаны әлсіз. «Көпірді су шайып кетсе, қалаға шыға алмай қаламыз», - деп алаңдайды ауыл тұрғындары.

Осының арасынша жиналған тұрғындардың қасына Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан ҚАЛМЫРЗИН мен атыраулық кәсіпкер қалалық мәслихат депутаты Өтеміс ЖҰМАҒАЛИЕВ келді. Олар теңіз жақты қарап келе жатқанын айтты. Ал тұрғындар арасынан тілшіні көргенде, таңданып қалды. 

Әкім мен депутат теңізге су қалай кіріп жатқанын өз көзімен көріп келе жатқанын айтып, Зарослый каналына 2022 жылы бюджеттен ақша бөлініп, түбін тереңдету жұмыстары жүргеннің арқасында теңізге су жақсы кіріп жатқанын кезек-кезек баяндап жатты. Олардың сөзінше, 2022-2023 жылдары 3 млрд теңгеге жуық қаржыға канал бойының 29 шақырымы тереңдетілген

Ауыл тұрғыны Арман ӘЛМҰХАНОВ әкімге тұрғындар болып салған каналдың бөгетін бұзуға неге рұқсат бергенін қайта сұрады. Әкім бір мердігер компанияның қалада жаға бекіту жұмыстарымен үлгермей жатқанын алға тартты.

Саламат Ибрашев пен Күләш ҚАЛИЕВА деген тұрғындар әкімнен каналда жаға бекітуге техника (погрузчик) мен құрал-жабдық беруді сұрады.

- Мен әкімге таңғалатыным, өзің тұрсың ғой, көзіңе айтайын, сыртыңа айтпай-ақ қояйын, халықпен неге пікірлесіп тұра алмайсыз? Он күн болды осы әкімді күткенімізге. Бөгетті биіктетудің орнына бірнеше машина топырақ алынды. Қаладан білмеймін кім екенін, бір депутат келді. Санасам, он шахман (топырақ тиейтін КамАЗ-ды айтады – А.С.) келді. Тракторлардың жұмысын біз айқаймен тоқтаттық. Топырақты бергізген жоқпыз, содан кейін әкім келді. Біз әкімге Жайықтан келіп жатқан судан бірінші мына канал кететінін, көпірдің әзер тұрғанын айттық. Мен күнде кешкісін көпірді барып бақылаймын. Су каналда көтеріліп жатыр. Бұл әкім айтты маған, бұл жерді көтереміз, топырақ алынған жерді «трамбовка» жасаймыз деді. Ештеңе жасалған жоқ. Міне, сіз келгенде алдымызға келіп тұр. Неге әкім уәдесінде тұрмайды? Бізді мүлдем ұмытып кетті, - дейді К.Қалиева.

Бұған әкім Қалмырзин техникалардың тапшы екенін айтып, оның барлығы әзірге Жайық жағалауын көтеруге жұмылдырылғанын, ол жерде жұмыс аяқталған соң ғана бере алатынына уәде етті. Оның сөзінше, «канал тасиды деген әзірге қауіп жоқ». 

Осы тұста еске сала кетсек, Құлсары қаласында жергікті билік көңілі алаң болған халыққа «жағдай бақылауда» деп сабырға шақырып жүргенде су бір күнде бірнеше ықшамауданды басып, мыңдаған тұрғын баспанасыз қалды. Сондықтан өзен мен теңізді қосып тұрған каналдың жағасында тұратын тұрғындардың алаңдаушылығын түсінуге болады. «Қауіп жоқ деме, қыр астында» деген. Сақтықта қорлық жоқ деген тағы бар. Тұрғындар барынша қауіптің алдын алғысы келеді, ал әкімнің бейқамдығы әбден шымбайына батқан.

«АЖ» тілшісінің қауіп жоқ деп сеніммен айта ала ма деген нақты сұрағына Атырау қаласына үлкен су 29 сәуірде келеді деп болжанып отырғанын айтып, ауылдағы тасқынға қарсы шараға әлі уақыт барын меңзегендей болды әкім.  

А.Әлмұханов көпірдің табанын әлі де дұрыстап бекіту керек екенін түсіндіруге тырысты. Әкім көпірге техникалық зерделеу жүргенін, техникалық қорытындысы бойынша жақсы деп бағаланғанын және көпірді көтеріп тұрған тіректерін бекітіп қою ұсынылғанын алға тартты. Оның сөзінше, қазір сегіз жерден қалыңдығы 1 см-дей темірмен қағылған.

Әкім темірмен бекітілді деген көпір табанын көріп қайттым.  Тіректері тозып, жолы тесіліп жатқанына куә болдым. Әкім айтқан темірмен бекітілген бір тұсына да. Бірақ, тұрғындар көпір көп халық пен көлік нөпірін көтере алатынына сенімсіз.

- Ол шайылмайды. 60 жыл бойы тұрған көпір, су жыл сайын келеді, осы күнге дейін тұрды, әлі де тұрады, себебі қолымызда қорытынды бар, - деді суға кетпейтініне сендірген әкім тағы да.

- Айналайын, суға кетпесе, тіптен жақсы. Ал егер суға кететін болса, басыңмен жауап бересің. Осы жақтың халқы сені сотқа береміз, - деді К.Қалиева.

Атырауда Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне құятын 26 шақырымдық Зарослый каналынан бөлек бірнеше каналдар мен өзектер бар. Солардың бірі - 19 шақырымдық Приморский каналы мен Рыбоходный каналы және Шман өзегі.

11 сәуірде Жайық-Каспий каналының шыға берісіндегі Жайық өзенінің сағасында тайыз жерде қолдан екі рет жарылыс ұйымдастырылды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс кезінде 50 шаршы метр аумақта өзен сағасының тереңдігі 40-тан 200 см-ге дейін ұлғайтылған. 

Одан бөлек, қаланы тасқыннан қорғау мақсатында қалаға келетін су көлемін азайту үшін Соколок каналын тазарту және тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Қала маңындағы Талғайраң мен Бесікті ауылдары аумағында орналасқан 24 шақырымдық Соколок каналының 14,5 шақырымын 2 метр тереңдету жұмыстары Жайық өзені суын Каспий теңізіне бұру үшін жасалып жатыр. Ені 7 метрден асатын Соколок каналы «ҚазСуШар» РМК-на қарайды. Бұдан бөлек, мекемеге қарасты Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдары да Жайық суынан бастау алып, теңізге қарай құяды. 

Тасқын суының көп мөлшері Атырауға сәуір айының соңы немесе мамырдың басында келеді деген болжам бар. Судың ең көп мөлшері алты метр делінді.

Айнұр САПАРОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

19 сәуір, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.