Атырау, 27 сәуір 12:11
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Алға тұрғындары «Павлодар өзен порты» АҚ басшылығының уәдесіне сенімді емес

837 просмотра

20 наурыз күні Махамбет ауданы Алға ауылының тұрғындары Жайық жағасын бекіту жұмысының баяу жүріп жатқанына байланысты шу көтерген болатын. Жалпы жаға бекіту жұмысының басталғанына үш жыл болды. Тапсырыс беруші мердігер жұмысының мардымсыз, өте жай жүріп жатқанын жасырмайды. Ахуалды шешу үшін облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ Алға ауылына келіп, жағдаймен танысып, жұмысты жеделдету қажеттігі жөнінде тапсырма берген.  

- Жұмысшылар саны өте аз. Өткен жылы жасаған жұмыстарын су шайып кетті. Егер су тасыса, ауылға зор қауіп төнеді. Мердігер Жайық өзені тасыған кезде сәуірде жұмыстарын тоқтатып, су қайтқанда шілденің аяғында жалғастырады, жылда солай, - дейді тұрғын Қайыржан МӘЖИЕВ.  

Жаға бекіту жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Жалпы ұзындығы 3 шақырым 200 метр болатын жаға бекіту құрылысына бастапқыда 3 млрд теңге қаралған. 2022 жылы жобаға түзету енгізу арқылы жалпы бөлінетін қаржы көлемі 7 млрд 200 млн теңгеге қымбаттаған. Осы жұмысты конкурс бойынша жеңіп алған мердігер "Павлодар өзен порты" АҚ құрылыс жұмысын 2024 жылдың қазан айында толық аяқтауы тиіс. Бүгінде мердігер су тасқынына байланысты жұмыстарын бітірген, қадалар орнатылған, алайда плита төсеу жұмыстары бар көрінеді.  

- Мердігер мекеме жұмыстың қалыпты жүріп жатқанын айтады. Бірақ су Жайықтың астынан жарды құлатып, ауылға жақындап келеді. Өзен жағасынан 300 метр тұрған үйлер үшін өте қауіпті болып тұр. Жұртшылықтың наразылығынан кейін жұмысшылар санын көбейтіп жатыр, қазір 45 адам, 5 бригадаға дейін жеткен. Негізі бұл жұмысқа жергілікті тұрғындар көптеп тартыла бастады. Бірақ екі күннен бері жауған жауын-шашыннан кейін жұмыс уақытша тоқтап тұр. Жаңбырдан кейін жұмыс жалғасатыны сөзсіз, - дейді Алға округінің әкімі Расул МУСИН

- Мердігер жұмыстың 40 пайызын ғана атқарды. Жасыратыны жоқ, келісімшартта көрсетілген кестеден қалыс қалып келеді. 2022 жылы жобаға өзгеріс енгізу кезінде кідіріс болғаны рас. Дегенмен тапсырысшы ретінде жұмыстың графиктен қалып келе жатқаны жөнінде ескертулер бердік, - дейді аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Сырымбет КЕНЖЕБАЕВ. - Мердігер қалған 60 пайыз жұмысты қазан айында толық бітіруі тиіс. Ол үшін жұмыс қолын бұдан да гөрі көбейту қажеттігі жөнінде айтқан болатынбыз. Егер мердігер жұмыс жасау кестесінен кешігетін болса, сотқа талап арыз түсіреміз.  

Ал "Паводар өзен порты" АҚ басшылығы жұмыс уақтылы бітеді деп сендіріп отыр. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

27 наурыз, 12:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.