Атырау, 27 сәуір 02:20
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

«Аштық жариялаудан басқа амалымыз қалмады», - дейді мазасы қашқан индерлік кәсіпкерлер

5 443 просмотра

Индербор поселкесіндегі «Талап» базарының сауда жасаушылары билік тарапынан қысымшылықтың жиі болуынан саудадан берекет кеткені жөнінде «АЖ» поштасына шағым түсірген болатын.

ОЛАР ӨЗ КҮНДЕРІН КӨРІП ОТЫР

Мән‑жаймен толық танысу үшін «Талап» базарындағы сауда жасаушылармен кездестік. Әбден ашынған, қажыған, суықтан тоңған адамдар өз талаптарын алға тартты:

‑Біз осында оншақты жылдан бері саудамен айналысып келеміз. 1997 жылы жұмыссыз қалып, отбасымызды асырай алмай көшеде қалғанда билік бізге көмекке келген жоқ қой. Шындығында, маңдай теріміздің арқасында ешкімге алақан жаймай, ешкімге телмірмей өз күнімізді өзіміз көруге тырыстық емес пе? Үкіметке салық төлеп, пайда әкеліп, отбасымызды ың‑шыңсыз асырап отырған біздің не кінәміз бар,‑дейді сауда жасаушы Рая КАМИЕВА, Гүлбану КОСТАНАЕВА, Зауреш ИМАШЕВА, Любовь КАСТЕРИНА, Надежда МУЛКАРЕНКО және басқалары. Олардың бірқатары баласы немесе күйеуі мүгедек болғандықтан отбасындағы жалғыз асыраушы болса, енді бірқатары балаларын ақылы негізде жоғары оқу орнында оқытып жатыр екен. Баспана салам деп банкіден несие алып отырғандары да бар.

‑Әкімдік ала жаздай не бітіретінін қайдам, қыс тақағанда осылай айқай шығарады, базарды жабамыз деп қорқытады. Былтыр желтоқсанда да осылай болып еді. Олар халықтың жағдайымен санасып отырған жоқ. Бізді қорқытып-үркіткеннен гөрі базар басшылығынан санитарлық тазалықты талап етсін. Ойлары - поселкенің бір шетіндегі «Жасұлан» базарына бізді еріксіз көшіру. Онда біз бармаймыз. Ол базарда да керемет жағдай туғызылмасы белгілі. Былтыр азғантай саудагерлер барып, ғимарат іші жылы болғандықтан тамақтары бұзылып кеткен,‑дейді сауда жасаушылар.

ӨЗБЕКТЕР ҚУЫЛҒАН СОҢ...

 «Талап» базары тек сауда жасаушылар үшін ғана емес, халық үшін де қолайлы болып тұр еді. Осы базарға 17-қараша күні аудан әкімі Ж. Рахметқалиев нөкерлерімен барып, өзбек саудагерлеріне шүйліккен. Құжатсыз жұмыс жасап жатыр деген негізбен екі күн ішінде олардың базарды босатуын талап еткен. Онысы орындалып, өзекеңдер сауда істеу құқығынан толық айрылды.

‑ Мен Елтай селосынан келіп тұрмын. Өзбектер құрылыс материалдарын, мата, тіпті тұрмысқа қажетті құралдарды әкеліп сататын. Бұдан біз зиян шеккен жоқпыз. Енді әрбір ұсақ‑түйек үшін Атырауға сабылуымыздың қажеті қанша? Атыраудағы базарларды ұстап тұрған өзбектер неге қуылмайды? Неге Индерде басқаша? Бір кезек биліктегілер халықпен санаспай ма?‑дейді елтайлық тұрғын Есен ЖАЛИЕВ.

Өзбектер базардан қуылғаннан соңғы он күн ішінде бағада өзгерістер болып, кей заттар қымбатсыған. Бірқатар материалдардың тапшылығы да байқалды. Мәселен, қайтыс болған кісіге қажетті ақ матаны таппай, кейбіреулер сабыла іздеп жүргенін жергілікті саудагерлер айтты. Өзбектегі метрі 200 теңге ақ мата дүкенде 700 теңгеден бір шықты. Цементтің бір қапшығының бұрынғы бағасына екі жүз теңге қосылған. –«Билік басындағылар осы жағын неге ойламайды?»,-дейді тұтынушылар.

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ НЕ ДЕДІ?

1-желтоқсан күні ҚР Парламентінің депутаты Ирак Елекеев ауданға келген еді. Сауда жасаушылардың айтуынша, «Талап» базарының саудагерлерін ол кісімен кездестірмеуге жергілікті билік бар күшін салған. Тіпті, мәдениет үйінің есігін іштен кілттеп алған деседі.

‑ Халықтың арқасында сайланған қалаулыларымен халық кездеспегенде кім кездесуі қажет еді? Біз есікті тепкілеп аштырып, Елекеевпен жүздесіп, жергілікті биліктің қысастығын ашық жеткіздік. Парламент депутаты арыз жазып жеткізіңдер деді. Біз соған да үміт артып отырмыз. Базарды жаппай, нәпақамыздан айрылмауымызға жәрдемдессе, депутаттың жақсылығын ұмытпас едік,‑дейді бір топ кәсіпкерлер.

‑ Мені 2-желтоқсан күні аудан әкімі Ж. Рахметқалиев шақырып алып, өз еркіңмен базарды жап деді,‑дейді «Талап» базарының қожайыны Сара Таутенованың отағасы Керімбай САБЫРҒАЛИЕВ.

АУДАН ӘКІМІ КЕЗДЕСУДЕН НЕГЕ ҚАШТЫ?

Жоғарыдағы мәселелер жөнінде тікелей комментарий алу үшін аудан әкімі Жанкелді Рахметқалиевке жолығуға барғанбыз. Бірақ әкім бізді қабылдамады. Хатшысы арқылы өз орынбасары Ә.Балахметовке жолықсын деген сәлемдемесін жолдапты.

‑ Базар антисанитарлық жағдайға жеткен. Тышқандар өріп жүр, қоқыстар жиналмайды. Құжатсыз өзбектер сауда жасауда. Біз тәртіпті, тазалықты талап етіп, базар қожайынын шақырттық. Бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ. Сол себептен облыстық МСЭҚБ-дан мамандар шақырттық. Енді мәселе экономикалық сотта шешілетін болады,‑дейді аудан әкімі орынбасары Әлифолла БАЛАХМЕТОВ.

‑ «Жасұлан» базарына көшіру жөнінде не айтасыз?

‑ Біздің ондай ойымыз жоқ. Бірақ «Жасұлан» базары талапқа сай жабдықталған. Саудагерлер тек әкімдікті жамандайды. Өздері бір кезек тазалыққа қатысып көріп пе еді?   

«Талап» базарының қожайыны Сара ТАУТЕНОВАаудандық санэпид талабына сай орындалған жұмыс жоспарын алға тартты. Рас, кезінде аудан әкімі базардың сыртқы бөлігіне қайта‑қайта өзгеріс енгізу жөнінде айтып, ол орындалған.

Қыс ішінде асфальт, кафель төсеу мүмкін емес қой. Өзбектер тұрған сауда сөрелерін әкімшілік қиратуға мәжбүрледі. Антисанитария болатындай негіз жоқ, ветнадзор, лаборант тұрақты жұмыс жасап тұр. Базарды дәл бүгін жабатындай негіз көре алмадым, ‑ дейді Таутенова.

Бейресми мәлімет бойынша, аудан әкімінің «Талап» базарын жауып, «Жасұланға» көшіру ниеті өткен жылдан басталған. 2009 жылдың 29 қазанында сол кездегі поселке әкімі аудандық ІІБ бастығына «Талап» базарындағы өзбектерді «Жасұланға» сауда жасауға ауыстыру үшін  көші‑қон полициясы инспекторы арқылы шара алып, ықпал етуін сұраған. Бірақ бұған «Талап» базарының қазақ саудагерлері қарсы болып, мәселе жабулы күйінде қалған.

‑ Бізді әкім еріксіз көшіре алмайды, егер сот арқылы қорқытатын болса, онда біз әкімдіктің алдында аштық жариялаймыз. Басқа біздің амалымыз да қалмай отыр,‑дейді индерлік саудагерлер.

P.S.Осы кезге дейін «Талап» базарында 102 қазақ, 10 өзбек саудагері жұмыс жасаған болатын. Тағдырлары талқыға түсіп отырған осыншама адам әр күнін мазасыздықпен өткізуде. Өзбектер бой тасалап кетті, ал қазақтар өз жерінде өздері өгейлік көруде. Ал базар бағасы болса қырық құбылып тұр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретерді түсірген автор

8 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.