Атырау, 7 мамыр 12:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +22
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

«Ерекше» балаларға арналған балабақшада не болып жатыр?

3 356 просмотра
Бейнежазбадан алынған кадр

23 ақпанда Атырау қалалық 2 соты ЖСТД (жалпы сөйлеу тілі дамымаған) және ПСДК (Психо-сөйлеу дамуы кешеуілдеген) диагнозы бар балаларға арналған мамандандырылған «Алтын балық» балабақшасында балаға қол көтеру ісі бойынша куәгерлерден жауап алуды жалғастырды.

Естеріңізге салсақ, сот процесі судья Эльмира ОЙКУЛОВАНЫҢ төрағалығымен онлайн режимінде өтіп жатыр. Өткен отырыста бірнеше видеода бой көрсеткен логопед Алтынай ШУГАЕВАДАН жауап алудың сәті түспеді, соған байланысты ол осы отырыста куәлік етті. А.Шугаеваның айтуынша, қазір ол балабақшадан өз еркімен жұмыстан кеткен. «Алтын балықта» 2012 жылдан бастап, «Звездочка» жоғары тобында 2018 жылдың қарашасынан бастап жұмыс істеген. Логопедтің жұмыс уақыты сағат 8.30-дан 12.15-ке дейін. Ол жалпы топтық және жеке сабақтар береді.

- 2019 жылдың 18 желтоқсанында күн әдеттегідей басталды, сабақтар өз ретімен өтіп жатты, мен де осы баламен жұмыс жасадым. Сағат 11-лер шамасында тәрбиеші Мәрия ІЗМАҒАМБЕТОВА балаларды аз уақытқа маған тапсырып кетті, оны әдіскерге шақырған сияқты. Мен топта болған кезде, бұл бала басқа баланы итеріп, бетінен ұрып жіберді. Мен оған ескерту жасадым. Кейін тәрбиешіге айттым. Мәрия Қабдолқызының балаға қол көтергенін байқамадым. Бірақ ол қатал тәрбиеші, топта тәртіптің болғанын, әр бала өз партасында отырғанын талап етеді, - деді логопед А.Шугаева.

- 18 желтоқсанда сіз өз кабинетіңізде отырдыңыз. Кабинеттің есігі тікелей «Звездочка» тобына ашылады. Баланың қатты айқайлаған дауысына неге шықпадыңыз?

- Мен қатты айқай естіген жоқпын, бала болған соң кез-келген жағдайда, ойыншық алғысы келсе де, бір нәрсе көңілінен шықпаса да айқайлауы мүмкін екенін білесіз ғой.

- Тәрбиешінің қол көтергенін немесе басқа әрекетін – ұрысып, қорқытып жатқанын көрдіңіз бе? – деп прокурор сұрақ қойды.

- Қол көтергенін көрген жоқпын. Тек баланың қабырғаны жуғанын көрдім, видеода бармын ғой. Ол бір нәрсені бүлдіріп тастады, не екені есімде жоқ, бәлкім қабырғаға сурет салған шығар. Біз де мектепте тазалық жұмыстарын жасадық, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.

- Бала терезенің алдын жуып жатты, ал сіз мұның ерсілігін көрмедіңіз бе? Сіз мұны қалай қабылдадыңыз?

- Бұл дұрыс емес деп қабылдадым.

- Сөйте тұра еш әрекет әрекет жасамадыңыз ба?

- Мен тәрбиешінің жұмысы үшін жауап бермеймін. Басшылыққа дер кезінде хабарламағаным үшін өз кінәмді мойындаймын. Бірақ басшылықтың өзі де бейнекамера жазбаларын көре алар еді деп ойлаймын.

- Сіз өз сөзіңізге өзіңіз қарсы шығып отырсыз: біресе ерсі ештеңе жоқ дейсіз, біресе басшылыққа болған жағдайды хабарламадым деп өзіңізді кінәлап отырсыз, - деді судья. 

Оның сөзіне қарағанда, Шугаева тәрбиешінің балаға «педагогикалық тәрбиеге сай емес» әрекетін байқамаған, алайда ол сол кезде топта болды. Біресе олардың арасында басқа балалар тұрды, біресе ол бөлменің басқа жерінде болғасын, ол жерден ештеңе көре алмады.

- Бұл осы топтағы нешінші жағдай? – деп сұрады жәрбірленуші баланың анасы.

- Екінші.

- Бірінші жағдайда да сіздің сол жерде болғаныңыз жазбадан көрініп тұр. Педагог әрі бала өсіріп отырған ана ретінде балаларды неге қорғамадыңыз?

- Ол терезенің алдын жуып жатқанда тәрбиешіге айттым. Ал бірінші жағдай бойынша сот болып жатты.

Жәбірленуші тараптың адвокаты, прокурор мен судья «балабақшада балалардың қабырға мен терезенің алдын жууы үйреншікті нәрсе болып кеткен бе, ол бұған қалай қарады және тәрбиешінің осындай әдіс қолданатынын басшылыққа неге хабарламады» деген сияқты сұрақтарды куәгерге әлденеше рет қойды.

Бірақ одан жартымды жауап ала алмады. Судья сұраққа жауап беру кезінде куәгердің бір нәрсені бір айтып, бірақ нақтылаушы сұрақтарға басқаша жауап беретінін атап өтті. Яғни, сұрақтарға толық жауап бермей, бүкіл ақпаратты «аузынан суырып алуға» тура келді. Нәтижесінде сот куәгерге ресми ескерту жасады.

Жауап алу кезінде куәгер бұл фактілерді басшылыққа хабарлауға қорыққанын мойындады.

- Тәрбиешінің жасы менен үлкен, жақсы жағынан көрініп жүрген маман еді, басшылықтың менің сөзімді қалай қабылдайтынын білмедім. Бұдан басқа, менде сол кезде стресс болып, немқұрайлы жүрдім, - деді Шугаева.

Балабақшадағы және атап айтқанда, топтағы қарым-қатынасты қалай бағалайсыз деген сұраққа куәгер, оның пікірінше, топтың ауызбіршілігі болмағанын, атап айтқанда, баланың анасымен арада түсініспеушілік болғанын айтты.

- Менің үстімнен түрлі инстанцияларға арызданып жүрді. Осы уақыт ішінде бізде тексеру көп болды, менің жүйкем тоза  бастады. Баланың анасы WhatsApp-қа жазып, мені арандатты. Ол маған балаға өте қиын тақпақ бердіңіз деп наразы болды. Мен қатты ренжіп, өзімді басқа топқа ауыстыруды өтіндім.

Баланың мінез-құлқын сипаттауды сұрағанда, баланың көңіл-күйіне қарай сабақ оқитынын, оны тентек бала деп айта алмайтынын, бірақ бірнеше рет оның басқа балаларды итеріп жібергенін көргенін айтты.

- Басшылық сізге бұл баладан құтылғысы келетінін айтып, оған адам төзгісіз жағдай жасау керек деді ме? – деп сұрады адвокат айыпталушыдан.

- Жоқ, ондайды естіген емеспін.

Келесі отырыс 2 наурызда өтеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

24 ақпан 2021, 10:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.