Атырау, 6 мамыр 15:12
 ашықВ Атырау +14
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Төсек-орын, дәрі-дәрмек, ИВЛ аппараты жеткілікті дейді дәрігерлер

3 688 просмотра

7 желтоқсандағы ахуал бойынша Атырау облысында COVID жұқтырған 61 жағдай тіркелді, оның 42-сі - Теңіз кенішіндегі екі компаниядан шықты. Бұл туралы брифингте облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ брифингте хабарлады.

- Бұл «Карат» ЖШС-нің «Сулейман» вахталық ауылы және тағы бір мердігер компания. Науқастардың барлығы Теңіздегі жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды, медициналық көмек көрсетілді. Аурулардың 90 пайызында ауру белгілері байқалмайды. Байланыста болған барлық адам анықталып, карантин стационарына оқшауланды, ал вахталық ауылдарда дезинфекциялық бақылау жұмыстары жүргізілді, - деді ол.

ПТР тестілеу нәтижесі бойынша Атырау қаласында 19 жағдай тіркелді - бұл «Maten Petroleum» компаниясының 17 қызметкері және вахтаға шықпақ болған тағы 2 адам.

Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нина ОСПАНОВАНЫҢ айтуынша, қазір Атырау облысында 520 инфекциялық төсек-орын бар (пандемия үдеген кезде 1170 болды), оның 315-і - Теңізде. Қазіргі уақытта кеніште 174 науқас, №2 облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 38 науқас емделуде, оның үшеуі - жансақтау бөлімінде.

- Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық аясында біз 1570 төсек-орын мен 90 жансақтау орнын дайындадық. Бұдан басқа, ТШО сұранысы бойынша Ватернас ауылында 400 төсек-орын қосымша ашылады. Теңіздегі инфекциялық стационардың 4-блогының ашылуына байланысты өткен аптада ол жерге 8 медиицина қызметкері келді, жақын арада тағы 15 маман жіберу жоспарланып отыр, - деді Оспанова.

Өңірімізде 9 оттегі станциясын орнату жоспарланған болатын. Қазір 4 станция қосылды, қалған 5-еуін жыл соңына дейін қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 27 рентген аппараты, 4 МРТ және 12 КТ аппараты, ең бастысы - өкпені жасанды желдететін 267 аппарат бар.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге келер болсақ, Нина Оспанова облыстағы медицина мекемелерінде дәрі-дәрмектердің 2 айлық қоры бар деп сендірді. Бұдан басқа, «Іңкәр» ЖШС қоймасында 46 түрлі дәрі-дәрмек сақталған. Олар эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда жеке дәріханаларға таратылады.

Өңіріміздегі карантиндік және шектеу шараларына келер болсақ, бас санитар дәрігер А.Жұмағалиев Теңізде карантин күшейтілгенін, бірақ Атырауда және жалпы облыста мұндай шаралар қарастырылмайтынын айтты. Алайда бәрі де эпидемиологиялық жағдайға байланысты.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

8 желтоқсан 2020, 14:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.