Атырау, 18 мамыр 21:04
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Атырауда жаяу жүргінші өткелінен өту де қауіпті-2

Сурет
4 172 просмотра

Соңғы кездері атыраулықтар қаладағы жаяу жүргінші өткелдерінің нашарлығына шағымдана бастады. Шынында да, «мұнайлы астанада» жолдан өту өте қауіпті, өйткені жыл басынан бері жолақтан өткен 11 адам зардап шекті. Осыған байланысты «AЖ» тілшісі жаяу жүргіншілер өткелінің жағдайын тексеруді ұйғарды.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы осындай шолу жасап, сол кезде Атыраудағы жаяу жүргінші өткелдерінің қауіпті екеніне көз жеткізген едік.

 

Өткен жылы Баймұханов көшесі бойында 19 жастағы студентті қағып өлтірген болатын. Осыдан кейін қалалық әкімдік жол белгілерін қойып, дыбыс шығаратын белгілер орнатып, жол сызықтарын жаңартқан еді. Қазір «зебра» мен дыбыс шығарғыш жолақтар тозған, LED-экран жасамай тұр. 

 

Халық көп жүретін жерлердің бірі – Авангард ықшам ауданындағы «Каспий» аялдамасынан «Көктем» базарына өтетін жүргіншілер өткелі. Жол жақын арада қайта жаңартылса да жаяу жүргіншілер жолының сызығы өшуі жақын.


«Мерей» базары қасындағы жаяу жүргіншілер өткелі де осындай күйде. Бұл жерде асфальт өткен жылы салынған, содан бері жол жолақтары жаңартылмаған.

«Академия» аялдамасындағы жаяу жүргіншілер өткелі – халық ең көп жүретін жер. Жерүсті өткелінің жақында ашылғанына қарамастан жаяу жүргіншілер бұл жерде көлік кептелісін тудырып, жолақпен өткенді жөн көреді. Бұл уақытша ғана, ұзамай жолдағы өткел жабылады. 


"Өнерпаз" тұрмыстық үйі мен «Ардагер» сауда үйінің жанындағы жолақ – жүргіншілер үшін өте қауіпті. 2018 жылы бұл жерде үш қызды қағып кетіп, біреуі қаза болған еді. Осы оқиғадан кейін бұл жердегі белгілер мен жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды. Қазір жол сызығы анық көрінбейді. Ағаштар да кедергі келтіріп, жүргізушіге жаяу жүргіншілерді байқау қиынға түседі. 


ҰҚКД ғимаратының жанындағы өткел. Жаяу жүргіншілердің қозғалысына рұқсат беру үшін орнатылған LED-экран жұмыс істемейді. Айтпақшы, өткен жылы бұл жерде жолдан өтіп бара жатқан зейнеткерді қағып кетіп, ол сол жерде көз жұмды.

Біз тек Атыраудың орталық көшелерінен ғана жүріп өттік. Басқа көшелердегі жаяу жүргіншілер өткелінің жағдайы да мәз емес.

«Сергек» бейнекамерасы қосылғаннан кейін билік жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін ұмытып, қала көшелерінде тек тоқтау сызықтары мен қос жолақтарды асқан жылдамдықпен жаңартуда. Жаяу жүргіншілер өткелінің жағдайын бақылау үшін тағы да  құрбандар керек болғаны ма?

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор 

4 қараша 2020, 17:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.