Атырау, 8 мамыр 02:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Атырауда қирағалы тұрған жаңа үйге тұрғындар қоныстанған

5 870 просмотра

Қалалық әкімдік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Береке ықшам ауданындағы апатты жағдайда тұрған 9 қабатты ғимаратты  788 млн теңгеге сатып алды. Үйдің құрылымын нығайту үшін тағы 30 миллион қажет. Ал үйдің жартысынан көбіне тұрғындар қоныстанған.

Береке ықшамауданындағы 72 пәтерлік тоғыз қабатты үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынды. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі, мердігері - «Атырау Ж.Б.И. – 2005» ЖШС, техникалық қадағалауды «NURTAU» инженерлік бюросы» ЖШС, авторлық қадағалауды – «Атыраугенплан» ЖШС жүзеге асырды. 2018 жылы тапсырыс беруші мен техникалық қадағалау іргетасты, ростверктерді (ғимараттың тірек қабырғалары астындағы темірбетон жақтаулары), жертөле және бірінші қабат бағаналарын, сондай-ақ, бірінші және ішінара екінші қабатта жақтауын салу кезінде, темірбетон арқалықтарының (беларқалардың) ұзындығы бойынша рұқсат етілген өлшемнен асып, иіліп кеткен жерлерін анықтады. Осыған байланысты мердігер «Техэксперт-Эко» ЖШС-не нысанды техникалық тексеруге тапсырыс берді. Олар құрылыстың көтергіш қабілеті осал екенін растады Мамандар мердігерге құрылымды нығайтудың бірқатар шараларын ұсынды, бірақ мердігер оны ескермеді. Ал 2019 жылдың шілдесінде тапсырыс беруші, неліктен екені белгісіз, нысанды ескертпесіз қабылдады. Ақша мердігерге толық төленді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы арнайы мониторинг тобы «Атырау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп осы үйге мониторинг жүргізді. 72 пәтердің 51-іне тұрғындар қоныстанып үлгергені анықталды. Ал үй іс жүзінде қирағалы тұр. 

- Біз нақты залалды анықтау үшін Атырау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және құрылыс саласындағы мамандарға сұраныс жолдадық. «Сот-құрылыс сараптамасы және бағалау» ЖК маманының қорытындысына сәйкес, тұрғын үй ғимараты құрылымдарды нығайту жұмыстарын жүргізбесе, әрі қарай пайдалануға жарамсыз. Қазір мемлекеттік-сәулет бақылау басқармасынан кепілдік мерзімі ішінде кемшіліктерді жою жөнінде хат келді, - деп хабарлады бақылау тобының өкілдері. Алдын ала есептеу бойынша, темірбетон беларқасын нығайту шығыны 29 472 411 теңге болады.

Естеріңізге салсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Береке ықшамауданында әрқайсысы 72 пәтерлік тоғыз қабатты 13 үй мен Нұрсаяда осындай 8 үй салынып жатыр. Берекедегі үйдің құрылысына 3 млрд теңге бөлінді.

Өкінішке орай, Береке ықшамауданындағы жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді. Өткен жылдың желтоқсан айында осы үйлердің бірінде қоныстой кезінде су құбыры жарылып, ол барлық жерге жайылып, бірнеше қабатты басқан еді. Ал одан бір жыл бұрын сол Береке ықшамауданында пәтерлердің бірінде отбасылық мереке кезінде төбенің сылағы дастархан үстіне түскен болатын.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

11 маусым 2020, 12:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.