Атырау, 26 сәуір 22:27
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Жиырма мың теңгенің жыры

3 422 просмотра

Таяуда редакция тілшісіне хабарлаған бір оқырманымыз Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай елбасының тапсырмасымен тағайындалған бір жолғы әлеуметтік төлемақылардың толық төленбей отырғандығын айтты. Артынша біз қалада тұратын 85 жастағы тыл еңбеккері Жүргенбай ИДРИСОВТЫҢ (суретте)өзіне заң бойынша тиесілі ақшаны жеті ай бойы әлі ала алмай келетінін білдік.

Жүргенбай ақсақал соғыс жылдары түйе мен өгіз артынан жаяу жүріп, егістік алаңында жер жыртқан, егін өсірген, шөп жиған, шаң жұтқан, қысқасы, нағыз азапты көрген. Биыл мамырдың 6-сы күні Жеңіс мерекесіне орай медаль берілгенімен, тыл еңбеккерлеріне берілетін бір реттік әлеуметтік төлемақы, яғни 20 мың теңге осы уақытқа дейін қолына тимей келеді. Ал жақында ғана облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан келген маман 10 мың теңгені материалдық көмек деп табыстап кеткен.

Тыл еңбеккері Жүргенбай Идрисов:

- «Маған медальді үйге әкеліп бергенде ақшаны артынан аласың деді. Ал ақша әлі жоқ. Кемпірімді алып, қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бардым. Олар ертең кел деді. Осымен 500 теңгеден такси жалдап үш рет барып қайттық. Ондағылар барған сайын «аға жүре беріңіз, ендігі айда болады, звондаймыз» деп телефонымызды алып қалады. Енді бірде «ақша түскен жоқ, сендер секілді әлі 300 адам алмаған» деді. Қараша бітті. Ақшаның артынан жүгіріп-жүгіріп қойдық».

Ақсақал ақшадан бұрын, адамдардың іс-әрекетіне күйінеді. Ол әр адам өз жұмысына адал, әділ, айналасына шыншыл болса, еліміздің жағдайы ерте өркендеп кетер еді ғой дейді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің бастығы Гүлжан УАЛИЕВАНЫҢайтуынша, бұрыннан арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алып отырғандардың бәріне бір реттік әлеуметтік төлемақы төленген. Әлеуметтік төлемақы алуға жататынын дәлелдейтін құжаттарын кейін тапсырған адамдарға ақша жетпей қалып отыр екен. Алайда, Жүргенбай ақсақал былтыр да медаль алған және тыл еңбеккері ретінде осыдан бірнеше жыл бұрын танылған. Жалпы, биылғы жылы Ұлы Жеңіс күніне орай бір реттік әлеуметтік төлем үшін облысқа 88 млн. теңге бөлінген. Оның бәрі де бүгінде толық игерілді деп отыр Гүлжан Уалиева:

- «Бізде облыста ай сайын комиссиядан өтіп, құжаттарын рәсімдеп келіп отырған тыл еңбеккерлері қатары көбеюде. Былтыр олардың саны 4000 болса, биылғы жылы 6000-ға жетті. Облыс бойынша 6300 адамдай материалдық көмек алды. Оның ішіне тек қана тыл еңбеккерлері емес, ҰОС ардагерлері, концлагерь тұтқындары, қаза тапқан жауынгердің жесірі секілді тағы басқа түрлі санаттағы адамдар кірді. Қазір көбіне-көп тыл еңбеккерлері тіркелуде. Олар кезінде оған мән бермеген немесе маңызды екенін түсінгесін құжаттарын тағайындап жатқандар. Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бізден көп адамға қосымша ақша сұрады. Біздер министрлікке облыс әкімінің орынбасары Серік Аманғалиевтің қолы қойылған сұраныс хат жолдадық. Әзірге ресми жауап келе қойған жоқ. Бірақ, телефон арқылы «бір рет ақша бөлдік, әзірге ақша жоқ» деген жауап берілді».

Дәл бүгінгі күні 512 адам бір реттік әлеуметтік төлемақыларын ала алмай отыр. Оның орнын толтыру үшін республикалық бюджеттен 5 млн. теңге бөлінуі қажет.

Айтпақшы, Жүргенбай ағаға төленген 10 мың теңге жергілікті бюджеттен бөлінген ақша екен. Ал екінші 10 мың теңге енді республикалық бюджеттен түсуге тиісті.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

2 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.