5 ақпанда №2 Атырау қалалық сотында «Атырау Су Арнасы» КМК бұрынғы директоры Андрей ТАШЛЫКОВ пен оның қарамағындағы екі қызметкерге қатысты қылмыстық іс процесі жалғасты.
Естеріңізге салсақ, алдыңғы отырыста «АСА»-ның бөлім бастығы Виталий ОЛЕЩЕНКОНЫҢ адвокаты қорғалушысының кінәсін толықтай мойындағанын, тергеуге көмектесіп, келтірілген шығын – 2,9 млн теңгені өтеуіне байланысты прокурормен процессуалдық келісімге келу туралы өтініш енгізген еді. Бүгін процессуалдық прокурор Олещенкомен келісімге келуге дайын екенін білдіріп, оған шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Зардап шегуші тарап – Атырау қалалық әкімдігі - Олещенкомен процессуалдық келісімге келуге қарсы емес.
Судья Олещенкоға қатысты шешім шығару үшін 12 ақпанға дейін үзіліс жариялады. Егер сот прокурормен келіссе, әрі қарай процессте екі сотталушы – Андрей Ташлыков пен «АСА»-ның басқа бөлімінің бұрынғы басшысы Гүлмира ОЖЫРАЕВА қалады.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ