Атырау, 27 сәуір 03:55
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жұмыссыз қалған балық қорғаушылар

Сурет Бейнежазба
5 350 просмотра

2017 жылы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 14 қызметкері мемлекеттік аттестациядан сүрініп, жұмыстан шығып қалды. Олар мұның «аттестациялау комиссиясының төрағасы болған сол кездегі инспекция басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВТЫҢ ісі» екендігіне сенімді.

Нұрмағамбет СЕРИМБЕТОВ

2300 – 16 = 14 

2017 жылы 1 ақпан мен 1 шілде аралығында елімізде «Б» корпусы санатындағы мемлекеттік қызметшілерді кезектен тыс аттестациялау өткен болатын. Сол кезде Атырауда сынақтан өткен 2300-ден астам адамның 16-сы сүрінген. Соның екеуі аудандардағы жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істеген болса, 14-і – жұмыстан заңсыз қуылдық деп қуынып отырған балық қорғаушы инспекторлар.

Олардың 10 жылдан 20 жылға дейінгі еңбек өтілдері бар. Араларында Құрманғазы балық қорғау инспекциясы бөлімінде 42 жыл жұмыс жасаған Берік ҒИЛАЖЕВ та бар. Оның жасы биыл 60-қа келеді. 15 жыл еңбек өтілі бар Нұрмағамбет СЕРИМБЕТОВ те солай, зейнеткерлікке шығуға үш жылы қалыпты:

- Жасым болса биыл 60-қа келеді. Зейнеткерлікке шығуға 3 жыл қалғанда жұмыссыз қалдым. Бәрінен бұрын осы қиын, жұмысқа ешкім алмайды. Бізге көмектесіңіздер. Бәрінің бала-шағасы, әке-шешесі бар, ауру-сырқау. Кредиттері бар.Енді бәріміз далада қалдық. Қазір ешкім бізбен сөйлеспейді.

Сүндетқали ТӨЛЕУОВ

Ал Cүндетқали ТӨЛЕУОВ балық қорғау инспекциясында 14 жыл жұмыс істеген. Ол аттестациядан сүріндіру Ермекқалиевтің алдын ала жазылған сценариі деп есептейді. Себебі, бұған дейін әріптесі Мұса РАХМАНОВ екеуі Ермекқалиевтің қудалауына ұшырағанын айтады:

- Мен 2015 жылғы 2 қарашада «больничный» алғанмын. Ал 4 қараша күні сол кезде біздің бөлім басшысының міндетін уақытша атқарған Асхат ҚАРАБАЛИЕВ менің үстімнен түстен кейін жұмыста болған жоқ деп рапорт түсірді. Ал 18 қараша күні мен «больничный» тапсырып, жұмысқа шықтым. 23 қарашада тәртіптік кеңес «өз қызметіне толық сәйкес келмейді» деген шешім шығарады. Рахмановқа да осындай шешім шықты. Тәртіптік кеңестің төрағасы етіп инспекция басшысының орынбасары Арман МУЛДАШЕВТЫ сайлаған. Бізге 2015 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар аз деген ескерту берілді. Осыдан соң Ермекқалиев бізді жұмыстан шығарды. Біз сотқа жүгіндік. Мулдашев та куәлік еткен кезде маған қатысты тәртіптік кеңестің өтпегенін және тәртіптік кеңес шешімінде қойылған қолдың өзінікі емес екенін айтып берді. Сот біздің пайдамызға шешім шығарды.

Төлеуов пен Рахмановты Ермекқалиев 2016 жылғы 8 ақпанда жұмыстан шығарды. Олар бір жыл бойы соттасып, соттың шешімімен кері жұмысқа алынады. 2017 жылдың 24 ақпанында жұмысқа шыққан олар 28 ақпан күні сынақтан өте бастайды.

Cүндетқали Төлеуов:

- Төрт күннен кейін біз аттестацияға қатыстық. Ең болмаса бір тоқсан да жұмыс істеткен жоқ. Біз бағалау парағында бағаланған жоқпыз, бізге мінездеме жазылған жоқ. Қызметтік міндеттерімізге қатысты сұрақ қойылған жоқ. 

ЕКІ РЕТ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫЛҒАНДАР

Айтып өтейік, аттестация Ермекқалиевтің кезінде өткенімен, оларды жұмыстан шығару туралы бұйрыққа жаңадан келген басшы Данияр БАЙМАҒАМБЕТОВ қол қойған. Ал Ермекқалиев қазір көрші Орал қаласында сот сараптама институтының директоры. Біздің аттестация туралы телефон арқылы сұраған сауалымызды естіген бойда байланыс үзіліп кетті. Қайталап шалған қоңырауымызды ешкім көтермеді...

Жұмыстан босаған инспекторлар қалалық сотқа талап-арыз береді. Сот оларды жұмысқа кері алу туралы шешім шығарады. Алайда инспекторлар екі айдан соң кері жұмыстан шығып қалады. Себебі, облыстық балық қорғау инспекциясы басшылығы қалалық соттың шешімімен келіспей, облыстық сотқа аппеляциялық шағым берген болатын.

Рүстем ҚОРҚЫТОВ

«АЖ» тілшісі жағдайға түсінік алу үшін Данияр Баймағамбетовке жолықты. Алайда, жұмысқа жаңадан келгенін (2017 ж. 16 тамызда тағайындалды) алға тартқанмен, бір-екі сұрағымызға жауап берді. Оның айтуынша, аттестаттаудан өтпей қалған қызметкерлерді жұмыстан бір жыл көлемінде шығару көзделген екен. Және облыстық сотқа аппеляциялық шағымды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесіп бергенін айтты.

Жағдайға инспекцияның бас маманы Рүстем ҚОРҚЫТОВ кең түсінік берді:

-  2017 жылы сәуірдің басында Атырау облыстық аумақтық инспекциясында біздің қызметкерлерге аттестациялау өткізілді. Аттестациялық комиссияның шешімі бойынша 14 қызметкер жұмыстан шығарылды. 4 қыркүйекте олардың жұмыстан босату туралы бұйрық шықты. Алайда, 2017 жылғы 23 қыркүйекте қалалық сот шешімі бойынша бұл 14 қызметкер жұмыстарына қайта алынды. Бірақ біздің инспекция бұл шешіммен келіскен жоқ, сондай-ақ мемлекеттік қызмет те келіспеді. Сөйтіп, біз облыстық сотқа аппеляциямен жүгіндік. 2017 жылғы 26 желтоқсанда Атырау облыстық сотының шешімімен қалалық соттың шешімі жойылды. Ал 2018 жылдың 4 қаңтарында бұл қызметкерлер қайтадан жұмыстан шығарылды. Олар облыстық сот шешімінің негізінде жұмыстан босатылды. Мұның бәрі заңды деп есептеймін. 

Р. Қорқытовтың айтуынша, жұмыстан шығып қалған инспекторлардың орны әзірге бос тұр. Орындарына ешкім алынбаған. Жалпы, инспекцияда қазір барлығы 93 инспектор жұмыс істейді екен.

Ал жұмыстан шығып қалған балық қорғаушылар жақында - 10 қаңтар күні ҚР Жоғарғы сотына кассациялық шағым берді. Сонымен бірге олар көмек сұрап, президент және оның әкімшілігіне, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға НАЗАРБАЕВАҒА, Бас прокуратураға да хат жазған.

ТӨРТ ЖАУАП

Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВ

Аттестациялауға қатысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВ жауап берді:

- Бұл аттестацияны өткізу туралы президенттің арнайы жарлығы мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің құқықтық-нормативтік актілері бар. Біз аттестация облысымызда дұрыс деңгейде ұйымастырылды деген тұжырымға келіп отырмыз.

- Жалпы, аттестаттау кезінде екі кезеңнен өтіп, тиісті баллын алған қызметкерлерге әңгімелесу кезінде қанша және қандай сұрақтар қойылады? Олар қызметімізге қатысты сұрақ қойылса, жауап берер едік дейді.

- Аттестацияны заң талабы бойынша мемлекеттік органдардың өздері өткізеді. Менің бұл аттестациялауға еш қатысым жоқ.

- Аттестациялық комиссия басшысының сол мекеменің басшысы болуы заңды ма? 

- Аттестациялық комиссияның құрамы заңды түрде құрылған. Құрамына мемлекеттік орган қызметкерлері, депутаттар, қоғамдық ұйымның өкілдері, басқа мемлекеттік орган өкілдері кірді.

- Жалпы, жоспардан тыс аттестациядан сүрінгендерге қайта тапсыруға мүмкіндік берілмей ме? Әлде тек жұмыстан шығару деп көрсетілген бе заңда?

- Осы аттестация талабы бойынша аттестациялау комиссиясы төрт шешімнің біреуін шығаруға құқылы. Оның біріншісі - «өз лауазым орнына сәйкес келеді», екіншісі - «өз лауазым орнына сәйкес келеді немесе оны жоғары орынға ұсыну», үшіншісі - өз лауазым орнына сәйкес келмейді, төменгі лауазымға ұсыну», төртіншісі - "өз лауазым орнына сәйкес келмейді, қызметтен босату" деген шешімдер. Аттестациялау комиссиясы төртінші шешімді қабылдады. Біз кейін оларға комиссия шешімі орындалуы керек екенін ескерттік.

- Аттестаттау сұрақтарын сіздер дайындамайсыздар ма?

- Жоқ, біздер дайындамаймыз. Аттестациялау комисиссиясы өздері дайындап, өздері қояды.



Айнұр САПАРОВА 

Бейнежазбаны түсірген Ғани САҒЫНДЫҚОВ


24 қаңтар 2018, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.