Атырау, 27 сәуір 10:18
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Вице-министр Атырау зауытындағы өрттің жанармай нарығына қалай әсер ететінін айтты

2 293 просмотра


ҚР энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов Атырау мұнай өңдеу зауытында болған өрттің мұнай өнімдері нарығына әсері туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Кеше таңертеңгі сағат тоғызда құбыр жарылып, өрт шықты. Тілсіз жау жарты сағаттың ішінде ауыздықталды. Қазір зауыт қайта өңдейтін мұнай көлемін тәулігіне 7 мың тоннаға дейін азайтады. Құбырдың бойында жатқан кабельдер де өртеніп кетті. Енді құбыр мен кабельдерді ауыстырып, тексеріп, іске қосуға шамамен 5-6 күн қажет, — деді Досмұхамбетов журналистерге үкімет отырысынан кейін. 

Вице-министрдің айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауытында бензин мен дизель отынының көлемі азайғанымен, мұнай өнімдері нарығына бұл айтарлықтай әсер етпейді. 

"Өрт салдарынан зауыттан шығатын бензин мен дизель отыны көлемі сәйкесінше азаяды. Дегенмен қазір жанар-жағармай көлемі жеткілікті. Бензин 13 күнге, дизель отыны 10 күнге жететіндей қор жинақталған. Сондықтан Атырау зауытындағы өрт нарыққа көп әсерін тигізбейді", — деген ол тілсіз жаудан келген шығын сомасы әзірге белгісіз екенін айтты. 

"Шығын сомасы әзірге белгісіз. Себебі құбыр әлі жөнделмеген, апат себептері нақтылануда. Бірақ материалдық шығын көп емес. Алайда өндірістің төмендеуінен зауыт табысынан айырылады", — деп түйіндеді вице-министр. 

Естеріңізге салып өтсек, кеше сағат 09:57-де "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС аумағында ЭЛОУ-АВТ-3 – мұнайды бастапқы өңдеу қондырғында өрт шықты. Өрт сағат 10:30-да толығымен сөндірілді. Жалын 10 шаршы метр аумақты шарпыған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. 

Қазіргі таңда төтенше жағдайды тексеру бойынша арнайы комиссия құрылды. Өрттің шығу себептері мен шығын сомасы анықталып жатыр.

Дереккөз: sputniknews.kz

12 желтоқсан 2017, 14:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.