Атырау, 27 сәуір 03:02
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

«Мектептің тарапынан ақша жинауға ешқандай тапсырмалар берілмейді»

3 871 просмотра


Бүгінде Атырау қаласындағы 57 мектепте 58 837 оқушы білім алып келеді. Жазда қалалық бюджеттен бөлінген 67 млн 600 мың теңгеге мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 36 млн теңгеге 6 мектеп (53 мектепке 2016 жылы қондырылған) пен 15 балабақшаға бейнебақылау камералары.  Тоғыз мектепке (№5, №6, №25, №32, Еркінқала, Жамбыл,Т. Амандосов, Амангелді, Қ. Смағұлов) 120 млн 600 мың теңгеге автобустар сатып алынған көрінеді. Бұл цифрлар мен фактілер Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Света АМАНШИЕВАНЫҢ қатысуымен өткен брифингте айтылды.

«АЖ» сауалдары:

- Бұған дейін біздің газетте мектептерде өткізлген 1 300-1 500 теңгенің ақылы қойылымдары туралы мақала жарияланды. Сол кезде бұл мәселеге қатысты комментарий берген қалалық білім бөлімінің орынбасары Алмабек АБДОЛОВ жалпы білім беру ұйымдарында ақылы шараларды өткізу заңсыз екендігін айтты.   Алайда, бұл мақаладан кейін де ата-аналар бір емес, бірнеше мектептерде ақылы қойылымдар өткенін және оның сабақ  уақытында болғанын айтып отыр.  

- Биылғы оқу жылында мектептерде ешқандай ақылы шара өткізуге 100 пайыз тыйым салдық. Рас, менің қабылдауымда «ақылы цирк немесе концерт өткізейін деп едім» деп, өтініш жасап келген адамдар болды. Біз оларға да мектептерде ақылы қойылымдар өткізуге болмайтынын ескертіп, шығарып саламыз. Бізде бұйрық бар, сол бойынша биылғы оқу жылында ешқандай ақылы шараға рұқсат еткен жоқпыз және өткен де жоқ.  

- Сонда сіз ата-аналардың шағымы шындыққа жанаспайды дейсіз бе?

- Біз оны анықтадық. Олар былтырғы оқу жылында өткен ақылы қойылымдар болып шықты. Биыл біз тыйым салдық: оны қадағалап, бақылауда ұстап отырмыз.

- Бірақ біздің қолымызда ата-аналар сатып алған билеттері бар...

- Біз ол жөнінде тағы да анықтайтын боламыз.

- Мектептердегі қор үшін ата-аналар комитетіне де ақша жиналатыны жөнінде де шағымдар бар. Жиналған ақшалар қандай мақсатқа жұмсалады?

- Ата-аналар комитетіне ақша жинамауға тыйым салу туралы да бұйрық шығардық. Бұл бойынша мұғалімдер мен ата-аналарды әдейі жинап, мектепішілік жиналыста ескерттік. Ақша ата-аналардың өздерінің ұсынысы бойынша жиналып отыр. Ал оны ата-аналар қайда жойып жатқанын мен білмеймін. Жалпы, мектептің тарапынан оларға ақша жинауға ешқандай тапсырмалар берілмейді.  

- Оқушыларды ыстық тамақпен қамтудың мәзірі қалай әзірленеді? Биыл оған қанша қаражат бөлінді?

- Биылғы жылы ыстық тамаққа 1 млрд 136 млн теңге бөлінді. Қала мектептерінде 35 400 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Күніне әр балаға 224 теңгеге өлшенген тамақ беріледі, ол алдын ала санитарлық-эпидемиологиялық мекемесімен бекітіліп, екі апталық ас мәзірі құрылады. Тоғыз мектепте асхана болмағандықтан, ыстық тамақ тасымалданады.

Біз келіскеніміздей С. Аманшиеваның ұялы телефонына хабарласып, ата-аналар жолдаған ақылы қойылымдардың билеттері жөнінде комментарий беруін өтіндік. Басшы жауап орнына мектеп ұстаздары мен ата-аналарды жинап, жиналыс өткізгелі жатқанын хабарлады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Суретті түсірген автор

17 қараша 2017, 16:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.