Атырау, 27 сәуір 03:37
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

АТАМБАЕВТЫҢ ҚАЙСАР АДАМДАРЫ

4 654 просмотра

Махамбет ауданына қарасты Ө. Атамбаев елді мекен тұрғындары қайсарлықпен өмір сүруде.

ҚҰДАЙ ЖҰТТАН САҚТАСЫН

Екі ауданның ортасында орналасқан Атамбаев ауылы Атырау‑Орал тас жолынан үш км. қашықтықта. Кірме жол бар болғанымен күрделі жөндеуді өмірі көрмегендіктен оның біраз бөлігі істен шыққан екен. Одан гөрі елді мекен тұрғындары қара жолдан өзінше жол салып алыпты. Біз де осы сүрлеу жолды таңдадық. Ара‑тұра мал көрінеді, уақ жандықтар жүр жайылып. Қардың түскеніне екі күн болды, оған дейін үздіксіз соққан қара суықтан сиырлар жайылыстан гөрі ықтап, ошарылып тұратынды шығарыпты. Бүйірі қабысыңқыраған, жамбас сүйектері шодырайған бүріскен сиырлар қайта‑қайта кездесті. Ауыл малы күйлі емес, қысқа арық түскен. Ал енді нағыз қыс түсті, анау‑мынау емес қоянның қаһарлы қысы. Жерде ақ қар жатыр.

‑ Ауылдықтар тек малмен күнелтіп отыр. Үкіметтен алынған жәдемақылар, болмаса бюджеттік мекемелерде қызмет істейтіндердің жарытымсыз жалақылары күнделікті күнкөріске жетпейді. Бізде мекеме де жоқ қой, жалғыз медпункт бар. Фельдшердің өзі көршілес Индер ауданы, Көктоғай селосынан қатынап істейді. Ауылдың азаматтары, келіншектер мүлдем бос. Ал мал қосымша табыс көзі болып саналады, тіпті сүті мен ет өзіңнен болғаныңа қуанасың, бірақ жылдар жылжыған сайын сол малды өсіру оңайға түспеуде,‑дейді атамбаевтықтар бас қосқанда.

Сосын олар малдың табысы мен шығынын қолма‑қол есептеп берді. Бір машина шөп 25 мың, ал құрама жемнің бір қапшығы 2,5 мың теңгеге шыққан. Осындай қымбатшылықтан малдың табысынан гөрі шығыны артып кетеді екен. Бірақ ауыл малдан қашып отырған жоқ, қиындығынан да қорықпайды. Қыс табандап қысқанша далаға жайып, өздерін өздері алдарқатып, бар шөпті үнемдеуде. Өткен жылдың қатты ыстығынан қара жер қақ айрылып, сөлінен айрылғандай сүреңсіз күйге түскені тағы бар. Атамбаевтықтар үшін малдың жайылысы тарылып барады. Елді мекеннің таяқ тастам бір бүйірінде Индер ауданының жері, ал екінші бүйірінде, яғни бір км‑де жеке шаруа қожалығы бар.

КӨНЕНІҢ КӨЗДЕРІ

Округ әкімдігінен алынған мәлімет бойынша, он бір үйде жетпіске жуық адам бар. Атамбаевтың бар адамы осы. Шағын ауылға көлік келсе ел елеңдеп, жиыла қалады. Шынында Қами ақсақалдың үйіне кіруіміз мұң екен, келіншектердің төбесі көріне бастады. Ал Қами ақсақал өткенге ой жүгірте отырып, ауылдың жайын кеңінен баяндап берді. Кезінде Жайықтың бойын орыстар жайлағаны белгілі. Тіпті осы елді мекенде кезінде түрме болып, Сырым Датұлын Оралға айдарда осы ауылда да болып кетіпті. Бұдан басқа көнеден қалған көздей болып, біраз үйлердің үйіндісі жатыр. Кезіндегі мектеп, клуб, т. б. ғимараттар мен үйлердің кейбір ескі жұрттары жатыр. Қами ақсақалдың өзі осы үйді 1961 жылы Александр Вьюрковтан сатып алып қалыпты. Ал ақсақалдың үйінің 350 жылдық тарихы бар. Бұл орталық көше саналған еді.

‑ Патшалық Ресей кезінде Жайықтың бойына малды жолатпай, қырда ұстаған. Жайық өзенін қадірлей ұстау ерте кезде болса, ал қазір оны естен шығарған. Менің бала кезімде өзен бір шақырымдай қашықтықта орналасқан еді, енді үйдің іргесіне келіп жетуде. Жайық өзені тартылып бара жатыр ғой. Бұрын көктемде тасығанда арнасынан аққан су шағын көлшіктерді құрайтын. Енді оның бірі жоқ, өзен адам аяғандай күйге түсуде,‑дейді Қами ИДІРИСОВ ақсақал.

Қами ақсақал газет‑журналды үзбей оқиды екен. «Ақ Жайық» газетінің тұрақты оқырманы. Қаладағы балаларына алдыртып оқитын ақсақал елдің бар жаңалығынан хабардар болып отырады екен. Тіпті келгендердің кейбірі газетті оқуға ақсақалдан сұрап алып жатты.

АУЫЛДЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР МА?

Қами қарттан кейін кезекті ауыл адамдары алды. Олар өз жайларынан хабардар етті. Мұнда мектеп, ең кішісі дүкен де жоқ. Зейнетақы, бала жәрдемақысы, басқа да өтемақыларды 22 км. жердегі Ақтоғай селосындағы поштадан алады. Атамбаев ауылы Ақтоғай округіне қарайды.

‑ Ауылда жалғыз «Жигули» машинасы бар, соны екі‑үш адамнан бірігіп жалдап, Ақтоғайға жолай соғып ақшаларымызды алып, сосын азық‑түлігімізді айына бір рет тиеп келеміз,‑дейді Р. ҮМБЕТАЛИЕВА, Е. БАЙМҰҚАТОВА, т. б.

‑Айына бір әкелінген керек‑жарақтар таусыла қалғанда не істейсіздер?

‑Көктоғай селосынан фельдшер Балдаш Жетібаева келіп тұрады. Керек‑жарағымызды соған қосамыз, алып келеді. Бұл жерден дүкен ашуға өзін‑өзі ақтамайды.

Атамбаевтықтар Балдаштың тарапына ыстық ықылас білдірді. Адамдардың саулығын қарап қоймай, күнделікті тұрмысына қолғабыс беріп келе жатқан фельдшерге қайта‑қайта рахмет айтты.

Ауылда су таситын көлік жоқ, сол себепті Көктоғай селосына сұраныс береді. Шағын ауылда үш‑төрт үйде құдық бар. Қалғандары иінағашпен Жайықтан суды тасып ішеді екен. Ал отынға қи жағады. Оны жаздай келіншектер дайындап алады. Атамбаевтықтар енді газды армандады.

‑ Кезіндегі бір әкім 2011-2012 жылдары газ келеді, жол жөнделеді деген әңгімені айтып еді. Енді ол әңгіме басқа арнаға бұрылды. Төрт км. газдың линиясы бар. Бірақ адам саны жетпейді, өзін‑өзі ақтамайды деген желеумен газ тартудан бас тартуда. Былтыр ақшаларыңды түйіп отырыңдар деген. Енді елу үйге толмай, газ тартылмайды дейді. Неге Махамбеттің қасындағы бес‑алты үйі бар «Лесхозға» неге газ берілген. Газ, су, дүкен жоқ, бұл мешеу ауыл болды. Тек жарық бар, онысы өшпейді, әйтеуір, телевизордан жалғыз «Қазақстанды» көреміз ,‑дейді Зәрипа БАЙМҰҚАНОВА, Ақбал ОРАЗҒАЛИЕВА, Балжан МЕНДЕШОВА.

Бұдан басқа ауыл адамдары жеке бастың әңгімесіне көшті. Жалғызбасты ана Айжан Бекетаева Көктоғай селосында мектепте оқып жатқан төрт баласы үшін интернатқа жылына 42 мың теңге төлейтінін, Зәрипа әжей үйінің құжатын сегіз жылдан ала алмай жүргенін, Балжан мүгедек үш баласына көмектің жоқтығын, т. б. жайттарды тілге тиек етті. Ауыл адамдары көшкісі келеді. Бірақ үйді сатып алу, болмаса салып алуға жағдайлары жоқ.

‑Ауылда күнін көре алмай отырған адам жоқ. Малдары бар. Көбі малының санын жасырады. Былтыр пішеншілер шөпті алыстан дайындағандықтан шөп бағасы өскені рас. Бұдан бес‑алты жыл бұрын бір адам үй салам деген, жер бөлінді, бірақ неге екені белгісіз құрылысын бастай алмады. Ал ауылда жер жоқ деуге болмайды, үй салам деушілердің қолын қақпаймыз. Су таситын машина Ақтоғайда бар, сұраныс берсе болғаны. Газ жайы талай айтылды, шынымен де үй саны аз. Бұдан да кеміп кете ме деп отырмыз, бір отбасы Махамбет селосынан үй тұрғызып алды. Кейбіреулері де осындай қам жасауда, ал газ тарту үшін кем дегенде елу үй қажет дейді газшылар. Дүкен ашыңдар деп отырмыз. Оған ынта білдірушілер жоқ. Енді зейнетақы ауылға апарылатын болады. Зәрипа апаның үйі құлайын деп тұрғасын ауылдан баспана тауып бердік, әкім шешімі де шықты. Бірақ құжатын жасақтау отбасының міндеті, балалары, қыздары бар, неге екені белгісіз сегіз жылдан бері үй құжатын алуға салақтық танытуда. Жұмыссыздарды ақылы қоғамдық жұмысқа тартудың жоспарлы жұмысы бар. Олар үш ай сайын ауыстырылып отырады. Малы жоқтар, күкөрісі төмендер, жалғызбасты ана отбасыларға бірінші кезекте көмек берілуде,‑дейді Ақтоғай селосы округінің әкімі Гүлайна ОРАЗҒАЛИЕВА.

Ауыл адамдары үй санын көбейтудің бір ғана амалын айтты, ол‑оралмандарды осы жерге қоныстандыру. Сонда ауыл проблемалары да біртіндеп шешілетіні сөзсіз. Ал Атамбаев елді мекені қоныстануға қолайлы‑ақ...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

26 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.