Атырау, 27 сәуір 04:30
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Сығандар келе жатыр дерсің - 2

8 054 просмотра


Жақында «АЖ» «Атырау – Маңғышлақ» жолаушылар пойызының жағдайы туралы жазған еді. Жарияланымнан кейін бізге «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы Атырау телімінің басшысы Ақылбек БҰРХАНАДДИН хабарласып, тұрғындарды мазалаған бірқатар мәселелерді назарда ұстайтындығын жеткізді. Кейін редакцияның ресми сауалына жазбаша жауап берді.

Бұрханаддиннің жауабында көрсетілгендей, «Атырау-Маңғышлақ» қатынасындағы №313/314 пойызының құрамында 1982 жылы құрастырылған бір вагон, 1983 жылы шыққан екі вагон, әрі қарай 1984-1995 жылға дейін шыққан барлығы 10 вагон бар. Көлік және коммуникация министрлігінің бұйрығына сәйкес, жолаушылар вагондарының нормативтік қызмет ету мерзімі 28 жылдан аспауы тиіс. Алайда, жоғарыда аталған вагондар Коммуникация Министрлігінің 2011 жылғы жүк және жолаушылар вагондарының қызмет ету мерзімін ұзарту туралы Қағидасына сәйкес, вагон жөндеу кәсіпорындарымен жұмыстар жүргізіліп, қызмет ету мерзімі 5 жылдан 16 жылға дейін ұзартылған.

- Жүрдек пойыз шығару немесе вагондар паркін жаңарту жоспарда жоқ па?

- Жаңа вагондар шығару, «Тальго» вагондарынан жолаушылар пойыздарын тағайындау, Қазақстан Республикасы теміржол көлігін дамыту стратегиясына сәйкес жүргізіледі. Осы стратегиямен бұған дейін №10/9 «Астана-Алматы», №11/12 «Алматы-2-Шымкент», №37/38 «Маңғышлақ-Астана», №47/48 «Атырау-Астана», №71/72 «Астана-Мәскеу», №43/44 «Қостанай-Алматы» бағытына қатынайтын вагондар жаңартылған. Бұл вагондарда заманауи ауа баптау жүйесі, экологиялық таза биоәжетханалар және шағын құрылғыларды қуаттауға арналған розеткалар бар.

- Вагондарда салқындатқыш пен ток көзі  бар болса да жұмыс жасамауының себебі неде? Неге жиі тоқтап, тым ұзақ  жүреді?  

- Санитарлық қадағалау мекемелерінің қойған талаптарына сәйкес, жолаушыларға жайлы жол жүруге жағдай жасау үшін салонның ішкі жайында температура қысы-жазы 24-260С болуы тиіс деп көрсетілген. Вагондардағы салқындатқыш жүйесі пойыздың жүру жылдамдығы сағатына 40 шақырымға жеткенде ғана қосылады. Пойыз 40 км/сағ жылдамдықпен жүре алмаса салқындатқышты қосуға күші жетпейді. «Атырау-Маңғышлақ» қатынасындағы №313/314 жолаушылар пойызы жүрдек пойыз болып табылмайды, сондықтан оның жол жүру барысында аялдамаларының саны көп. Жылдамдықты енді арттыра бергенде шағын елді мекендерге келіп қалады, оларға тоқтауы тиіс. Ал пойыз тоқтай берген соң  салқындатқыштар жұмыс істемейді. «Атырау-Маңғышлақ» пойызының плацкарт вагондарында салқындатқыштар мүлдем жоқ.

- Телефоныңды жолсеріктің 200 теңгеге қуаттап беруі қаншалықты заңды?

- Розеткелер қарастырылған жолаушылар пойыздарында ұялы телефондарды қуаттау (жолсеріктің келісімімен 30 минуттан артық емес) ақысыз жүргізіледі. Тек жол жүру алдында және  аялдау уақытында тыйым салынған.

- «Атырау-Маңғышлақ» пойызымен Атыраудан Маңғышлаққа күніне қанша адам қатынайды? Қосымша вагондар жол жүруге неше күн қалғанда қосылады?

- Кейде қосымша жалғанатын вагондарды есепке алмағанда  құрам бойынша 401 орын ұсынылады. Орташа есеппен Маңғышлақ станциясына дейін 280-300 жолаушы қатынайды. Құрамның негізгі сызбасы 3 купелік, 4 плацкарттық, 1 жалпы вагоннан тұрады. Қосымша вагондарды қосу «Сатылым барысы» бойынша пойыздағы халық тығыздығына жүргізілген сараптамаға сәйкес, жол жүру уақытына тәулік бұрын, сонымен қатар құрам жөнелтілгенге дейін 3-5 сағат бұрын жүргізіледі.

- Вагонда неге мейрамхана қаралмаған?

- Вагон-мейрамхана №313/314 жолаушылар пойызының сызбасында көрсетілмеген. Мейрамхана вагонын тіркеу үшін жолаушылар пойыздары халықаралық және облысаралық қатынастарда бір бағытта жолда 23 сағат және одан да көп уақыт жүруі тиіс. Ал, «Атырау-Маңғышлақ» қатынасындағы №313/314 жолаушылар пойызының бір бағытта жол жүруі 20 сағат 57 минутты құрайды.

- Пойыз ішіндегі тазалыққа кім жауапты? Төсек орындар неше рет ауыстырылады?

- Келісімшартқа сәйкес, төсек орын жиынтықтарымен жарақтандыруды «ТехРемонт-М» ЖШС жүргізеді. Төсек жабдықтардың қызмет ету мерзіміне келер болсақ, ақжайма, жастықтыс, түкті сүлгі пайдалануға енгізген күннен бастап бір жылға дейін қолданыста болады. Бұдан бөлек әр рейс сайын кезеңімен жуу, өңдеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ал, матрац пайдалануға енгізген күннен бастап 36 ай, жастық, қысқы көрпе 30 ай, жазғы көрпе 18 ай қолданылып, айына 1-2 рет  тазартылып тұрады.

Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

26 қыркүйек 2017, 12:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.